Бейсенбі, 15 Тамыз 2019 09:39

Түркістан облысы: Ескек есушілер лицензиялық турнирлерге қатысады

21-25 тамыз аралығында Венгрияның Сегед қаласында дүниежүзінің ескек есушілері әлем чемпионатында бақ сынайды. Токио олимпиадасының лицензиялық жолдамасы сарапқа салынатын додаға Түркістан облысының спортшылары да қатысады. 

Түркістан облысының ескек есушілері биылғы лицензиялық турнирлерге жоғары дайындықпен барады. Венгрияның Сегед қаласында өтетін әлем чемпионатына жерлестеріміз Сергей Токарницкий, Ирина Клинова мен Иван Лукьянов, Евгений Алексеев жолдама үшін жарыс жолына шығады. Байдарка және ескек есуден үздік сегіздікке енген спортшылар ғана Токио олимпиадасының жолдамасына ие бола алады. Егер саңлақтарымыз әлем чемпионатында сегіздікке ене алмаған жағдайд келер жылы Тайландта өтетін кезекті Азия чемпионатында жерлестеріміз алтын медаль жеңіп алуы қажет. Сонда ғана Жапонияда алауы жанатын жазғы олимпиадаға қатыса алады.

«Біздің ескек есуші спортшыларымыз негізінен құрлық елдері арасында өтетін Азия чемпионатында жолдаманы жеңіп алуға мүмкіндіктері өте көп. Сары құрлық елдері арасында саңлақтарымыз фаворит болып табылады» дейді Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиадалық спорт мектебінің директоры Денис Жәрменов.

Төртжылдықтың басты додасы олимпиада ойындарының бағдарламасында парканоэ спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын түркістандықтар Бейбарс Спатай мен Жаңыл Балтабаева, Жалғас Тайкенов сынды түркістандықтар қорғайды.  Бұлар әлем бойынша үздік ондықтың қатарына енген. Мұнда да алғашқы алтылыққа енген мүмкіндіктері шектеулі спортшылар лицензияға ие болады. Келер жылы параконоэшы спортшылар үшін кезекті әлем чемпионаты өтеді. Онда үздік төрттіктен көрінген саңлақтар олимпиаданың жолдамасын жеңіп алады. Соңғы кездері Түркістан облысында су спортынан салынған база академиялық ескек есу спортының дамуына да жол ашуда.

«Біз академиялық ескек есуден Владислав Яковлевке үлкен үміт артып отырмыз. Біздің облыста салынған база шәкірттеріміздің жетістіктерге жетуіне жол ашуда» дейді Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиадалық спорт мектебінің директоры Денис Жәрменов.

Су спортынан олимпиадалық спорт мектебінің бапкерлері лицензиялық турнирлерге қатысу үшін шәкірттерге әлемдік талапқа сай оқу-жаттығу жиындарының әдістерін қолдануда. Азия елдері арасында көш бастаға жерлестеріміз ескек есуден және параканоэден, академиялық ескек есуден үздіктер қатарына енген.

Ал, Өзбекстанның Алмалық қаласында белбеу күресінен аяқталған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Түркістан облысының жас балуандары жүлдемен оралды. 24 елден келген әлемдік жарыста Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 4 күміс, 13 қола еншіледі. Аға бапкер Мақсат Уалбековтің айтуынша, облыстан жас спортшы ұл-қыздар 1 күміс және 4 қола жеңіп алған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1127 рет