Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 21:49

Шымкентте қала әкімі кубогі үшін сайыс басталды

Бүгін көркем гимнастикадан Шымкент қаласы әкімінің кубогі жүлдесіне арналған ІХ халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2011 жылдан бері өтіп келе жатқан жарысты бүгінге дейін 1493 спортшы бақ сынап, 71 алтын, 67 күміс, 59 қола медаль өз иелерін тапқан екен. 

Ал биылғы айтулы додада 500-ге жуық спортшы жекелей және топтық бағдарламалар бойынша бақ сынамақ. Аталған жарыстың салтантты ашылу рәсіміне арнайы келген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов спортшыларға сәттілік тіледі.

«Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын ұстану бәріміздің міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Бүгінде қайырымды қаламызда бұқаралық спортты дамытумен қатар жоғары спорт шеберлігін одан әрі жетілдіру жұмыстары қолға алынып, спорт саласына барынша қолдау көрсетілуде. Осындай байрақты бәсекелерге қатысып жүрген жас спортшыларымыз алдағы уақытта әлемдік ареналарда топ жаратынына сенімім мол», - деді қала басшысы.

Айта кетерлік жайт, Әкім Кубогіне Өзбекстан, Қырғызстан, Украина елдерінен және Қазақстанның барлық қалаларынан командалар қатысып отыр. Олардың ішінде әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының, сонымен қатар Евразия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 990 рет