Бейсенбі, 23 Ақпан 2017 21:13

ҚАЗАҚСТАНДА ШПИОНДАР БАР МА?

«Қазақстанда пәлен елдің жансызы ұсталды» немесе «түген елде қазақтың тыңшысы қолға түсті» деген әңгімені мүлдем дерлік естімейміз. Бір-жағынан, айналада бірін-бірі аңдысып жатқан мемлекеттердің шпиондарды ұстап жатқанын теледидарда көріп, газеттен оқып жүрген көңілге «біртүрлі» тиеді екен. «Сонда, бізде кісі қызықтырар құпия жоқ па әйтпесе біз өзгенің жерінде тыңшылық жасай алмаймыз ба?» деген ойға қаласың. Күлкілі. Бірақ шындық...


Бізді кім аңдып жүр?

Әр қалжыңның астарында бір шындық жатады. Біздің тыңшыларымыздың шетелдерде, олардың барлаушылары бізде тұтқындалмаса – тым жақсы жұмыс жүргізеді. Қайткенде де соңғы он жылда Қазақстанда арамызда жүрген жансызды ұстаған жалғыз жағдай болған. 2008 жылдың қаңтар айында біздің «чекистер» Ахуан есімді Қытай азаматын қолға түсірді. Ол Қазақстанға 1996 жылдың басында келген екен. Сырт көзге кәсіпкерлікпен айналысқанымен, астыртын түрлі ақпарат жинап жүріпті. Оны әсіресе қазақ жерінде тұрып жатқан ұйғыр диаспорасы қызықтырған. Қала берді, аспан асты елінің арнайы қызметі Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының да басшыларын білгісі келгені кейін, сотта айтылды. Тағы сол жерде «Қытай тыңшысы 2001 жылы өз қожайындарынан кезекті тапсырма алған» делінеді. Ахуан ғарыш және қорғаныс саласында ракета ұшыруға қолданылатын сұйық отынның химиялық құрамы туралы құпия ақпаратты табуы тиіс болатын. Оны тауып шекара асырып жіберетін болса қытайлық кәсіпкерге 1 млн АҚШ доллары уәде етілген екен. Ракетаның жанармайын іздеу жеті жылға созылып, 2008 жылы Қытайлық шпион Петропавловскідегі әкери зауыттардың біріне шығады. Сондағы бір қызметкермен танысып, негізгі шаруасының шет жағасын шығарған кезде қорғаныс саласына қарасты зауыттың әлгі қызметкері саналылық танытып, тиісті орынға хабарлаған. Қытайлық шпионның бұдан кейінгі «аса қауіпті» саналған затты сатып алу әрекеті біздің арнайы қызметіміздің бақылауында болған. Ахуанды тұтқындаған кезде одан аса құпия затты дайындау әдісі көрсетілген құжаттар мен «Декаберон-14» деп аталатын сұйық зат құйылған арнайы контейнер алыныпты. Жансызды тергеу кезінде оның сыбайластары да анықталды. Сорақысы сол – оның бірі ҚР Бас прокуратурасының қызметкері болған Ділмұрат Абдраимов екен. Оларға отставкадағы офицер Константин Колесников көмектескен. Сол 2008 жылы сот Қытай азаматын 14 жылға бас бостандығынан айырды. Оларға көмектескен қазақстандықтардың әрқайсысы 11 жылға кесілді. Бұл жағдайдағы ең қауіптісі – жаудың іштен шыққаны. Сырттан келгенді қарға тамырлы қазақ руын, ауылын, атасын сұрап жүріп, бөтен екенін анықтап алады. «Іштен шыққан жау жаман» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек...

Біз кімді аңдып жүрміз?

Ел ішінде күнде шпион аулап, аласұрып жүрмегенімізбен Қазақстанның аты шетелдерде ауық-ауық айтылып-қалады. 2014 жылы «Neue Zürcher Zeitung» газеті Швейцарияның ресми билігі Қазақстанды шпионаж жасады деп айыптағаны туралы жазды. Басылым Швейцарияға ұшып барған Виктор Храпуновқа қазақстандық тыңшылардың тыныштық бермей жатқанын айтқан. 

Шетелдегі қазақ шпионажына қатысты даудың бірі өзге қазақстандық қашқын Рахат Әлиев төңірегінде өрбіді. 2013 жылы Австрияның әділет органдары «Қазақстан пайдасына тыңшылық жасады» деп жергілікті адвокат Габриэль Ланскиден күдіктене бастады. Полиция оның кеңсесінде тінту жүргізіп, адвокатқа тиесілі серверлерді бұғаттап тастаған-ды. Австрияның әділет органдары Габриэль Лански мен сол елдің социал-демократиялық партиясының мүшелерін Қазақстанның ҰҚҚ тапсырысымен Рахат Әлиевке қатысты Венада жүріп жатқан тергеу барысына ықпал жасамақ болғандықтан айыптаған. Бұл істің немен аяқталғаны баршаға мәлім. Айтпақшы, сол жылы Рахат Әлиев «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Еуропаның 8 елінде жұмыс жасап жүрген қазақстандық 22 барлаушының аты-жөнін жариялап жіберді. 

Біздің барлаушылар тіпті АҚШ-ты да алаңдатқан. 2012 жылы Бруклин прокуратурасы «шпион» деп шетелдік 11 азаматқа қатысты іс қозғаған. Соның ішіндегі Қазақстанның тумасы болған Александр Фищенко ең басты күдікті еді. 

Тіпті ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болған Ресей де өз елінде Қазақстанның жансыздары болғанын жариялады. Екатеринбург қаласының екі тұрғынына Ресейдегі ең ірі жоғары кернеулі қондырғы жасайтын зауыттан Кентаудағы трансформатор зауытының пайдасына өндірістік шпионаж жасағандығы үшін айып тағылған. Сот әлі аяқталған жоқ.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Оқылды 2113 рет