Жұма, 14 Маусым 2024 18:13

Сауран ауданында «исламдық бағыттағы деструктивті ағымдардың қоғамға зияны» тақырыбында пробация есебінде тұрған жастармен кездесу өтті

Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастармен кездесу өткізілді.

Кездесудің мақсаты – пробация қызметі есебінде тұратын қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазаға сотталған тұлғаларға қоғамға бейімдеп, олардың қайта қылмыс әлеміне оралмауына, олардың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету, жұмыссыздық деңгейін қысқарту болды.

Кездесуге Сауран аудандық ПҚ бөлімінің аға инспекторы,әділет лейтенанты, М.Мырзатаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Ажибай қатысты.

Қазіргі қоғамда дінге бет бұрған жастар көп. Солардың кейбірі ислам дінін әртүрлі уағыздап жүрген экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Діни сауаттылық болмағандықтан буыны беки қоймаған бозбалалар мен бойжеткендер арам пиғыл жандардың сөзіне ұйып, артынан ереді. «Интернеттегі, не болмаса түрлі әдебиеттердегі ақпаратты саралай білген жөн. Діннің дұрыс бағытын ажырата білу керек.

Теріс ағымдағы ұйымдардың басты құралы – халықтың сеніміне кіру. Көп жағдайда олар жастарға «сенімді дос» болуға тырысады. «Жастарға қолдау көрсетеміз» деген ұранмен жас өспірімдерге арналған спорттық жарыстар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қамқорлықтың астарында деструктивтік бағыттағы уағыздар мен сананы улау жатады.

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - деструктивті идеологиялардың таралуы. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуы. Мұндай ұйымдар тұлғаның рухани, психикалық және физикалык жағдайына қауіпті. Көбіне олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, дәстүрлі дінге қарсы, мойындамайды. Сонысымен де қоғам үшін қауіпті және деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады.

Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді.

Олардың жақтастары:

Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін (Наурыз мейрамын тойлауды, қазақ халқының «бет ашар», «сәлем салу» салттарын, өмірден озған жандарға Құран бағыштауды және т.б.) жоққа шығарады;

зайырлы мемлекеттерге және зайырлы өмір сүру салтына қарсылық танытады;

мемлекеттік рәміздерді және мемлекеттік мерекелерді құрметтемейді;

мазхабтарды (Орталық Азияда және мұсылман әлемінің басқа да аймақтарында орныққан діни мектептерді), оның ішінде Қазақстанның көпшілік мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабын жоққа шығарады;

дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылмандарды күпірлік жасайды да айыптайды, өзге діндердің өкілдері мен дінді ұстанбайтын адамдарға төзімсіздік танытады;

заманауи мәдениет және өнер түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) өшпенділік танытады;

заңда белгіленген міндеттерді (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.) орындаудан бас тартады;

медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен (қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау және т.б.) бас тартады;

білім мекемелеріндегі жекелеген пәндерге (биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу және т.б.) қатыспауға шақырады.

Қазақстан Республикасы – Зайырлы Мемлекет

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы басты құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, кұқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өзін орнықтырады.

Зайырлылық – ол:

мемлекеттің діннен және діни бірлестіктерден бөлінуі;

азаматтардың дінге деген көзқарастарына қарамастан теңдігі;

азаматтардың дінді таңдауғажәне діннен бас тартуға құқығын қамтамасыз ету;

рухани оқу орындарынан басқа білім беру ұйымдарында қандай да болсын дінді насихаттауға жол бермеу;

қоғамда әлеуметтік қатынастарды діни догмалармен емес, елдің заңдарымен реттеу.

Әрбір халықтың басынан өткерген тарихи тағдыр кешулері бар. Халық осы тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып-қойындасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Сол үшін де халықтың дәстүрлі жүйесін күшпен өзгерту былай тұрсын, негізсіз сынауға да болмайды.

Салт-дәстүр және ұлттың басқа да құндылықтары тек табиғи жолмен ғана трансформацияланады. Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті дін», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.  

Діни экстермизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен өзгерту мен билікті күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз. Діни терроризм деп – дін атынан камуфляждалыпжарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қаза ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық іс-әрекеттерді айтамыз.

Ал, деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиырмадан астам діни ұйымдіни экстремистік һәм террористік деп танылды. Атап айтар болсақ, «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Хизб-ут - Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиғи жамағат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» ұйымдары ел заңдары бойынша діни экстремистік және террористік деп саналады.

Еліміздегі исламдық бағыттағы деструктивті ағымдарға негізінен салафилік идеямен қаруланған діни топтар жатады. Салафилік діни ағымдардың идеясы бір боғанымен, насиқат алаңындағы әдіс-тәсілдері әртекті және олар жағымсыз салдарларының басымдығымен ерекшеленеді. Жалпы, салафилік ағым авторитеттерінің шығарған постулаттарын басшылыққа алып өмір сүретін индивидтерді қазір қоғамның барлық саласынан кездестіре аламыз. Әсіресе, болашағымыз саналатын жас буын өкілдерінің  салафизммен улануы, еліміз үшін бұл мәселенің салдарының ауыр болатынын көрсетеді. Салафилік ағым өкілдері теологияда антропоморфистік  түсініктерді насиқаттайды. Сондай-ақ, шариғат заңдарымен үкім шығармайтын лидерлер мен оған мойынсұнған елді кәпірге деп есептейді. Әрбір халықтың дәстүрлі құндылықтарын басы бүтін жоққа шығарады Салафилердің бұл насиқаты әһлу сунна сеніміне, яғни қазақ халқының мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ханафи мәзһабының құндылықтарына қарама-қайшы келеді.

Жоғарыда атап көрсеткен ағымдардың ішіндегі «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Лашкар-е-Тайба», «Джунд-аль-Халифат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» секілді ұйымдар салафилік идеяның асқынған – экстермистік және террорлық санатына жатады. Ал, салафиліктің бүгінгі заман талаптарына бейімделген әрі зайырлы заңдарға сиымды болып көрінетін Александрия және мадхалия секілді тармақтарын деструктивті діни ағымдарға жатқызсақ болады. Себебі, салафиліктің бұл тармақтарының іс-әрекеттерінен дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару белгілері анық көрініс береді. Александрия және мадхалия тармақтары сырттай қарағанда зайырлы мемлекеттің заңдарын мойындайтын секілді көрінгенмен, олар өз іштерінде кез-келген исламдық емес қоғамнан оқшаулануды насиқаттайды. Сонымен бірге, Александрия және мадхалия тармақтары өздерінің насихат жұмыстары кезінде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сынауда ерекше құлшыныс танытады. Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді. Яғни, Александрия және мадхалия тармақтарын аса қауіпі деструктивті ағымдар деп айтуымызға толық негіз бар.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Заманымыз түлкі болса, әріптестеріміз тазы болып шалуға әзір тұруы керек. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, қан мен жансыз ұлт тірі өмір сүре алмайды. Яғни, ұлтымыз тірі болсын десек дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. 

Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев осы мәселелер бойынша былай дейді.

 «Қазақ халқы дінді ұстануда байыпты болуымен ерекшеленген халық. Ұлттық болмысымызда дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып сабақтасқан. Ұлттық болмысымызды білмейінше, халықтың мәдениет тұтастығын қалыптастыру құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Қазақстанның ерекшелігі көп этностық, көп тілді және көп конфессионалды болғандықтан, бүкіл посткеңестік елдері сияқты, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып дамуда. Cондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» діни конфессиялар арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады.

Елімізде өз жұмыстарын іске асырып отырған діни ағымдар екі негізден тұрады:

1. Ислам   кұрамында,   мұсылман   қауымдарда  пайда  болған діни-философиялық, саяси ағымдар.

2. Христиандық     ілімнен     бастау     алатын,   харизматикалық кейбір діни сипаттағы ағымдар.

Діни ұйымға немесе бірлестікке мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шыға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын өз еліміздің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Осыншама уақытқа дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйіттеп шыға келеді. Мұндай сипаттағы адамдарға  «Асыңды ішейін, ыдысыңды тебейін» деп бекер айтпаса керек. Бұл айтылған жағдай барлық дерлік деструктивті, жат пиғылды ағымдар үшін ортақ белгілер. Шын мәнінде сырттан келген келімсек бір ағым, жат идеология бір елдің көркеуюіне, қоғам өмірінің жақсаруына жаны ашып, қаншалықты көмек берері анық? Егер олар расында да адамдарды жарылқайтын болса, неге өз мемлекеттерінде іске асырмайды? Олардың экономикалары жетілген, қоғам мүшелері рухани кемелді ме? Материалдық және рухани жәрдемге мұқтаж адам қалмаған ба? Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда теріс ағымның жетегінде кеткен қаншама отбасы мүшелері бар. 

Сол себепте қазіргі уақытта алаңдататын жайт, мектеп оқушылары мен студент жастарымыз жат ағымның қармағына тез ілініп, соның салдарынан ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына қарсы шығуы. Сол үшін ата-ана балаға ұлттық болмысы мен құндылықтарға дұрыс бағыт беру қажет. Ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы мүмкін.

 «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп бекер айтпаған.  Ғибратты сөз, ақыл айтатын адам өмірді көрген жасамыс, білімді, ой-өрісі де биік қариялар мектебін дамыту қажет. Анасының құрсағынан шықпай жатып уағыз, ақыл айтушылар көп. Ер не әйел демей, екінің бірі ертелі-кеш сарнай берсек, ұлттық иммунитетіміздің қасиеті кетеді.

 «Жат ағымдардың қоғамға тигізетін зияндарының» өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

-  әлеуметтік тұрғыдан өзара көмек және қолдау көрсету;

- кішіпейілділік және тәуелсіздік сияқты құндылықтарды қолдай отырып, өз көзқарастары мен идеологияларын таратуға тырысу;

- кез келген жердегі мұқтаждық, жұмыссыздық, сауатсыздық және панасыздық сияқты әлеуметтік және экономикалық проблемаларды пайдалану;

- осы жердегі халықтардың, басынан кешіріп отырған қиын жағдайларды пайдалана отырып, өз қатарларына тартуға тырысу;

-  әлеуметтік жағдайы нашар, ұлттық және рухани құндылықтарынан бейхабар жастарды өздері үшін мақсатты түрде миссионерлерге айналдыру;

- мемлекеттік төңкеріс, қайта құрулар болып жатқан елдерде жан-жақты ұйымдасу жұмыстарын жүргізу.

Тағы олардың келтірер зияндары біріншіден, олар тарататын ілім ең соңғы ақиқат деп есептеледі, кез келген аймақта «руханилықты» (өз діндерін) таратуды талап етеді, дәстүрлі діндерге және әр елдің ұлттық-рухани құндылықтарына агрессиялық төзімсіздік немесе немқұрайлы қарым-қатынас жасауы. Екіншіден, сырттай өнегелі, ең мейрімді болып, өздеріне тартатын атпен көзге түседі. Олар өздерінің шынайы мақсаттарын, қызметтерінің нәтижесін жасырын ұстауы. Үшіншіден, дәстүрлі діндердің киелі кітаптарын мақсатты түрде бұрмалап, оларды өз догматтары ретінде қолдануы. Төртіншіден, «психотехнология» әдісін қолдану және өз мүшелерін басқа мәлімет көзінен қиып тастау. Содан соң әр адам сектаға жаңа мүше жинауға міндеттеледі».

Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда біздің елдегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті діни идеологиялардың таралуы болып отыр. Ең алдымен «деструктивті» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Деструктивті діни ағымдар азаматтардың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар.

Деструктивті діни ағымдар негізінен материалдық тұрғыда шегіне жеткен, бірақ рухани тұрғыдан әлсіреген қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Материалдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы  қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында теріс діни ағымдардың жаппай таралуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.

Мұндай діни ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалық жағдайына қауіпті болып келеді. Сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын, жалпы қоғамға қауіпті болып табылады. Деструктивті діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның  немесе адамдар тобының басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкі мақсаты - адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.

Деструктивті діни ағымдардың белгілері

1.   Діннің, діни қағидалардың ерекшеліктері туралы идеялардың болуы;

2. Зайырлы тәртіпті, оның ішінде заңдарды, билік және басқару органдарын мойындамайтын ұйғарымдардың болуы;

3. Діни алауыздық немесе араздық тудыратын, қауіпсіздікке, өмірге, денсаулыққа, адамгершілікке немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін  ұйғарымдардың болуы;

4. Діни догмалардың ғылыми түсіндірмесін мойындамау, мазхабтарды  теріске шығару, оның ішінде Орталық Азия мұсылмандары үшін дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабын сыни түрде қабылдамау;

5. Адамдарды шынайы діндар, діннен безгендер немесе адасқандар деп бөлу;

6. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын мойындамау, оларды ұстанудан үзілді-кесілді түрде бас тартуға шақыру;

7. Діндарлардың мәдени-бұқаралық іс-шараларға баруын, теледидар, әсіресе ойын-сауық және музыкалық бағдарламалар мен хабарларды қарауын шектеу;

8. Әйелдердің киім үлгісін таңдау еркіндігін шектеу немесе әйелдерді, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды анық көрінетін діни киімді немесе басқа елдер мен халықтарға тән киімді киюге мәжбүрлеу;

9. Тек діни талаптар мен рәсімдер бойынша некеге тұру және некені бұзу ұйғарымы;

10. Ұлттық тілге және мәдениетке нұқсан келтіретін өзгеше сөйлемдерді, сөздерді, сленгтерді қолдану ұйғарымы;

11. Ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазіргі заманғы талаптарға нұқсан келтіретін өзгеше түрге ие болу және өзгеше киім кию ұйғарымы:

Ер адамдар үшін:

- күтім көрмеген, бей-берекет өсірілген сақал. Мұрт қырып тасталады;

-тобықтан төмен түспейтін, кең пішімді қысқартылған шалбар (дене пішінін анық көрсететін киім үлгісіне тыйым салынады).

Әйел адамдар үшін:

- Денені толығымен немесе толық дерлік жабатын кең үлгідегі киім (паранджа, бурка, чадра, химар, хиджаб). Көбінесе қара түсті немесе басқа да қараға жақын түстер (қара-қоңыр, қара-көк, сұр).

Бүгінде деструктивті діни ағымдар мен секталар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды. Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.

Діни сауаты төмен адамдарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.

Деструктивті діни ағымның өкілдері, яғни миссионерлер өз нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Мәселен заң аясында тіркеліп, жария жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, көп шаруасын астарлы түрде істейді. Заман талабына  сай QR-код арқылы өз жақтастарының қатарын арттыруда. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарды алмауға кеңес береді. Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды (сараптамадан өтпеген) алмаған жөн. 

Жалпы айтқанда, елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау арқылы да, жастарды дұрыс жолдан жыра кеткен ағымдардан құтқарып қалу жолындағы бір тәсіл болып табылады. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 97 рет