Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – қатысушыларды ҚР Президентінің «Адал азамат» концепциясы, «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы Заңы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Кездесуде жиынға қатысушылар тарапынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасына және қалпына келтіруге бағытталған шараларға, заңға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар берді. Адамның және азаматтардың құқықтары және бостандықтарын бұзушылықтардың куәсі болсаңыз ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Қожабекова Наталья Сунгатовнаға жүгінуге болады. Мекен жайы: Түркістан қаласы, Жаңа Қалаш ш/а, 32 көше, ✓16, блок А.
Қазақстандық мектептерде білім мазмұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасымен байытылады. Бұл туралы Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жаңа жобасынан белгілі болды.
«Орта білімнің философиялық негізі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмуд әл-Қашғари, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Ясауи сияқты басқа да ағартушы, ойшылдардың мәдени және рухани мұрасынан тұрады», – делінген тұжырымдама жобасында. Еске салайық, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болатынына тоқталды.
«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деген болатын президент.
«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Сол арқылы Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады». Президент бұл сөзі арқылы ұлттық білім беру саласына жаңа міндет қойып отыр. Білім беру жүйесі бүгін өзгеріс үстінде. Егер кеше мектеп бітіруші түлектерге қажеттілік, олардың дайындық сапасын анықтаушы мемлекет тарапынан болса, бүгін олардың білім сапасына, жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарға деген сұраныс ата-ана, кәсіби қоғам, әлеуметтік орта, мемлекет тарапынан айқындалып отыр. Бірақ ешкім біздің мектеп бітіруші түлектерге ертең өмір және еңбек жолында қандай талап қойылатынын анықтай алмайды. Сондықтан мектеп бітіруші түлектеріміз өмір белестеріне көтеріле білу үшін, өмір соқпақтарынан өз жолын таба алуы үшін мектептен алған білімі мен біліктілігін, дағдысын әр түрлі тәсілдермен, әр түрлі жағдайларда пайдалана білуі қажет.
Бүгінгі бәсеке заманындағы білімге келер болсақ, Президенттің «Адал азамат» ұғымы Абайдың «Толық адам» ілімінің стратегиялық жалғасы іспетті. Сондықтан «Толық адам» мен «Адал азамат» идеясын біртұтастықта қарастыру қажет секілді. Өйткені Толық адам дегеніміз – Адал адам, Адал адам дегеніміз – ол Толық адам.
Жалпы, осы тақырыпқа кеңірек тоқтала кетсек. Тарихқа көз жүгіртсек, адал азамат ұғымы қазақ халқы үшін қашанда қастерлі болғанына көз жеткіземіз. Әуелі ел ішіндегі әпсанаға назар аударайық. Адалдықты насихаттайтын осы аңыз киелі Түркістан топырағына қатысты екенін өңір жұртшылығы тамсана айтады. Соған сәйкес пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Арыстан баб деген сақабасына бір құрма беріпті. Сөйтіп, оны Қожа Ахмет Ясауиге табыстауды сұрайды.
Аңыз бойынша Арыстан баб бес жүз жыл құрманы тілінің астына салып сақтапты. Отырар өңіріне келгенде сол құрманы Әзірет Сұлтанға табыстаған екен. Әрине, бұл оқиғаның тарихи шындық болуы екіталай. Әйтсе де, мұның өзі қазақ халқының осындай әпсана арқылы жұртты адалдыққа, антқа беріктікке баулуға ұмтылғанын байқатады.
Адалдыққа қатысты тағы бір оқиға Исламдағы төрт мәзхабтың негізін салушының бірі Әбу Ханифаға да қатысты. Бірде Имам Ағзамның әкесі Сәбит суда ағып келе жатқан алмаға көзі түседі де, оны алып бір тістеп жейді. Аңыз әңгімеде оның бұл әрекеті әбестік болғанын түсініп, өзенді жағалай өрлеп, алма бақтың иесін тапқаны, сөйтіп одан кешірім сұрағаны, ақырында сол бағбанның қызына үйленгені айтылады. Адалдыққа берік болған осындай отбасынан Исламның бетке ұстарының бірі Әбу Ханифа дүниеге келген екен.
Адал адам ұғымы қазақтың әдебиетінде де көп кездеседі. Абай Құнанбайұлы «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп, адал адам ұғымының негізгі ұстындарын ұсынады. «Адалдық – ардың ісі», «Адал кісі арымас» деген секілді халық даналығы да бекерге айтылмағаны анық. «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» деген Мұхтар Әуезов те саналы ойдың сәулесін түсіреді.
Президент айтқан адал адам қасиетін бойына сіңірген жан төңірегінде психологтер де ауқымды зерттеу жасаған екен. Мәселен, Эммануэль Кант мұны «Адамгершілік формуласы» деп атаған. Соған сәйкес әрдайым саналы әрекетті бірінші орынға қою қажет деп есептейді. Яғни әділдік, жауапкершілік, адамгершілік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтарды көздеген мақсатқа жету үшін емес, оның дұрыс болғаны үшін бойға сіңіру кемел адамға тән қасиет деп есептеген. Ал осындай адал әрекет басқаларға үлгі болып, қоғамның өзгеруіне жол ашады.
Адалдыққа сенім артқан қоғам құру әрбір адамға тікелей байланысты. Бұған Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де назар аударды. Президент Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын, оның бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар екеніне екпін берді.
«Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтқандай, адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Дана халқымызда адалдықты, отансүйгіштікті насихаттайтын өсиет жетерлік. Мәселен, «Отан – Ана» деп, оны қастерлеу әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Осы орайда түріктердің «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) деген сөзі ойға оралады. Анадолыдағы ағайын мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі халқының түсінігінде әке – отбасының басқарушысы һәм қорғаушысы. Сондықтан түріктер мемлекетті әкемен теңестіреді. Өйткені мемлекет халықтың әл-ауқатын арттырып, қорғанышы болатын институт. Ал «Отан – Ана!». Оны қастерлеу – әр азаматтың міндеті.
Ендеше, көне түркінің ұрпақтары мемлекет пен Отанды бірге қарастырып, біреуінен қорғаныш тапса, екіншісін қорғау идеясына басымдық береді. Рас, елімізде әлі шешімін таппаған түйткіл жетерлік. Олардың шешімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда, нағыз адал адам ұғымына сай әрекет еткенде ғана Ұлы дала мұратына жететініміз анық. Қорыта айтқанда, адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс.
Ал енді Созақ ауданында өткен жоғарыда аталған жиында көтерілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасы мәселесіне де қысқаша тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан жұртын Конституция күнімен құттықтауында былай деген болатын: «Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру. Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді. Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!».
Қазақстан халқының әр азаматының құқы мен бостандығы сот арқылы қорғалады. Егеменді еліміздің өз Конституциясы, өз сот жүйесі бар. Адам баласының құқы мен бостандығы кез келген мемлекеттің Ата Заңында кепілдікпен қорғалған. Сол сияқты ҚР Ата Заңында да Қазақ елінің өлшеусіз байлығы халық екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Конституцияның алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бастайды.
Зер салып қарасақ, «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бабынан басталғаны бекер емес. Демек, қоғамдағы атқарылған және атқарылуы тиіс шаруалар осы адамның игілігіне арналған. Ал Ата Заңымыз сол игіліктерді қорғайды.
Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Бұл орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.
Ата Заңымыздың жетістіктерінің бірі – адам құқығы толық ескерілмеген, қорғалмаған декларациялардан бас тартуы. Ата Заңның «Адам және адамзат» деген ІІ бөлімінде бекітілген барлық заңдар егжей-тегжейлі қарастырылған. Ондағы заңдар адамдардың күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Сондай-ақ, осы бөлімнің 12-бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп, заңның адам мүддесі үшін қызмет ететіні айшықталған.
Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде-бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілді. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат