Аталған іс бойынша 22 күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, жәбірленушілерге келтірілген залалдың 233 млн теңгесі қайтырылды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев брифингте мәлімдеді. «Қаржылық пирамидалардың алдын-алу мақсатында департамент «Аймап» ақпараттық жүйесі арқылы қауіптілігі бар 10 мыңға жуық «Instagram» аккаунтын анықтады.
«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржылық пирамида және заңсыз ойын бизнесінің күдік қаупі бар 180 аккаунт, сайт, «WhatsApp» топтар бұғатталды. Халық арасындағы кеңінен таралған қаржылық алаяқтық және экономикалық қылмыстар деңгейін төмендету мақсатында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен «АФМ INSIDER» телеграм чат-боты іске қосылған», - деді Ерболат Темірболатұлы. Бұдан бөлек, қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен «Бизнесті қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында биыл «Атамекен» ҰКП алаңында 15-тен аса жеке қабылдау өткен.
Қаржы пирамидасы — бұл жаңа салымшыларды тарту есебінен баю тәсілі, яғни ол активтерді қайта бөлу және қатысушының бірін басқа қатысушының жарналары есебінен байыту арқылы жүзеге асырылады. Заманауи қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар өздерінің алаяқтық схемаларын түрлі тәсілдермен жасырады, алайда олардың барлығы бір қағидатты ұстанады – ақша оларға жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда ғана түседі. Адамдар мен ақша ағыны тоқтағанда ақ пирамида құлайды.
Қаржы пирамидаларының түрлеріне тоқтала кетсек. Көпдеңгейлі пирамидалар — мұндай құрылымды құру және оның жұмыс істеуінің негізгі тетігі мыналардан тұрады: әрбір жаңадан келген қатысушы бірінші жарна енгізеді, ол пирамида мүшелерінің иерархиясы бойынша жоғары тұрған мүшелер арасында бөлінеді. Өз кезегінде, жаңадан келген адам ақша табу үшін бірнеше адамды шақыруға тиіс, жаңадан шақырылғандардың жарналары да осыған ұқсас тәсілмен өзара бөлінеді. Бұл жаңа мүшелер ағыны тоқтағанға дейін жалғаса береді.
Желілік маркетинг қағидаты бойынша құрылған пирамидалар – схеманы іске асырудың негізгі тетігі компанияның тауарларды/қызметтерді сатуы болып табылады. Бұл жағдайда тауар жай бүркеніш болып табылады және көбінесе оның құны да жоғары болады. Әдетте бұл сағат, косметика, тұрмыстық химия және т.б. сияқты өнімдер. Мессенджерлерде шақыру жіберу қағидаты бойынша схеманы қолданатын пирамидалар – олар тек WhatApp, Telegram және т.б. сияқты мессенджерлерде онлайн-топтарда жұмыс істейді. Мұндай кезде топ құрылады, оған кіру үшін ақшалай жарна салу және қосымша 2-4 адамды шақыру қажет, олар үшін 200%-дан 400%-ға дейін сыйақы беріледі. Шақырылатын қатысушылар саны шектелмейді.
Эксклюзивті клубқа қатысу (мүше болу) – мұнда қатысушыларға круиздер, жолдамалар, саяхаттар, бизнесті құру және ілгерілету, маркетинг, инвестициялар, копирайтинг, сондай-ақ хиромантия, астрономия, психикалық тепе-теңдікті жақсарту, психология, нумерология, рәміздер, магия және т.б. бойынша оқыту ұсынылады. Міндетті талаптардың бірі – бағдарламаларға байланысты (1-3 жылдан 5-10 жылға дейін) белгілі бір мерзімге басқа адамдарды тарту немесе кіру жарнасын салу.
Қаржы пирамидаларының белгілері:
- БАҚ-та, интернет-ресурстарда, оның ішінде әлеуметтік желілерде жоғары табысты, пассивті кірісті уәде еткен белсенді жарнама;
- Компания клиенттерден жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті нарықтық бағасынан жоғары бағамен сатып алуды (үш айдан басталатын бөліп төлеуге не ең төмен пайыздық мөлшерлемемен) не клиенттерге жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті нарықтық бағасынан төмен бағамен сатып алуды (міндетті аванстық төлеммен) ұсынады;
- Белгілі бір сомаға тауарды/көрсетілетін қызметті сатып алу және қосымша бірнеше адамды тарту міндетті талап болып табылады (бұл ретте бөлшек сауда болмайды);
- Мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей:
- банктік қызметті, оның ішінде депозиттер тарту, кредит беру, аударымдар мен төлемдерді жүзеге асыру және т.б.;
бағалы қағаздар нарығындағы қызметті;
сақтандыру нарығындағы қызметті;
микрокредиттер беру жөніндегі қызметті;
коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – ҚНРДА) лицензиясының/есептік тіркеуінің болмауы.
- Ақшаны енгізу жеке тұлғаның карточкалық шотына немесе төлем ұйымдарының терминалдары арқылы электрондық әмиянға қолма-қол ақшамен жүзеге асырылады;
- Компанияның, жеке тұлғаның немесе жария жобаның нақты анықтамасы жоқ (бірегей қызмет туралы мәлімдеме);
- Компанияның немесе жобаның қызметіне кейіннен қатысу үшін алдын ала (арнайы) жарналардың болуы;
- Нарықтық көрсеткіштен едәуір жоғары жоғары кірістілік туралы ашық айту;
- Кепілдік берілген кірістіліктер (банктік салымдарды қоспағанда, қаржы нарығында тыйым салынған);
- Атауында, символикасында, жарнама хабарландыруларында танымал брендтердің брендбук элементтерін, сөздер мен сөз тіркестерін қолдану.
- Компанияның, жеке тұлғаның немесе жария жобаның өз қызметін растай алмауы (тартылған қаражатты орналастыру бағыттары, оларды орналастыру туралы ақпарат). Көбінесе қаржы пирамидалары өз қызметін жоғары кірістілікпен байланысты: мұнай өндіру, алтын өндіру, құрылыс, микроқаржылық қызмет, Forex нарығы, бағалы қағаздар нарығы салаларда жүргізеді деп мәлімдейді.
Ақшаңызды салмас бұрын, кімге және қандай мақсатқа беріп жатқаныңыз туралы ойланыңыз. Егер өз қаражатыңызды сенім білдіріп салғыңыз келетін ұйымда жоғарыда аталған белгілердің барлығын немесе бірнешеуін анықтасаңыз, кезекті қаржы пирамидасына тартып жатқан жоқ па дегенді ойланғаныңыз дұрыс. Қаржы (инвестициялық) пирамида құрғаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабында үш жылға дейінге мерзімге қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Жарнама дайындағаны, таратқаны және орналастырғаны үшін қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметіне ҚР ӘҚтК-нің 150-бабы бойынша әкімшілік жаза және 150-600 АЕК аралығындағы мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында ҚНРДА-ға қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтарынан шығымдар келіп түскен жосықсыз қызмет белгілеріне ие ұйымдардың тізімі жарияланған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (бұдан әрі – ҚМА) ресми интернет-ресурсында қаржы пирамидасы ретіндегі қызметпен айналысады деген күдікке ие, олар бойынша сот үкімдері шығып қойған ұйымдардың кеңейтілген тізімі жарияланған.
Сізге қаржы пирамидасына қатысуға ұсыныс жасалатын болса, тұрғылықты орныңыз бойынша дереу құқық қорғау органдарына, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен ҚМА-ға жүгіну қажет. Сондай-ақ, қаржы нарығында заңсыз қызметті жүзеге асыруға күдік туындаған жағдайда Cіз ҚНРДА-ға жүгіне аласыз. Қаржы реттеушісіне «FingramotaOnline» мобильді қосымшасының» «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімі арқылы немесе Call-орталықтың нөмірі бойынша хабарласуға болады: 1459 (жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін). Сондай-ақ, қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидаларының заманауи түрлері туралы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша www.fingramota.kz интернет-порталындағы «Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінен оқып танысуға болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат