Жұма, 17 Шілде 2026 17:58

Сауран ауданы: су айдындарында қауіпсіздік бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды

Шомылу маусымына байланысты Сауран ауданы аумағындағы өзен-көлдер, су айдындары және жеке меншік бассейндерде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында жауапты мекеме өкілдері тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі жөнінде ескертті. Сондай-ақ ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, жасөспірімдердің су айдындарына ересектердің бақылауынсыз баруына жол бермеу қажеттігі айтылды. Рейд кезінде жеке меншік бассейн иелеріне де қауіпсіздік талаптарын сақтау, құтқару құралдарының болуы, келушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және санитарлық талаптарды қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар тұрғындарды арнайы белгіленген және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырып, қауіпсіздік талаптарын сақтамау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертті.

Судағы қауіпсіздік ережелері

Су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Әсіресе жаз мезгілінде өзен, көл, канал және басқа да су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды.

Суға түсу кезінде:

Тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған жағажайларда шомылыңыз.

Суға түсер алдында судың тереңдігін және түбінің жағдайын тексеріңіз.

Белгіленбеген және қауіпті орындарда шомылмаңыз.

Мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады.

Жалғыз шомылмай, жақын жерде адамдардың болуын қадағалаңыз.

Қатты шаршаған немесе денсаулығыңыз сыр берген жағдайда суға түспеңіз.

Су ішінде бір-біріңізді қорқытып, итеріп ойнамаңыз.

Қайықтар мен су көліктері жүретін аумақтарда шомылмаңыз.

Найзағай, қатты жел немесе ауа райының қолайсыз кезінде суға түспеңіз.

Балалардың қауіпсіздігі:

Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыз.

Балалар тек ересектердің бақылауымен суға түсуі тиіс.

Жүзуді білмейтін балаларға құтқару кеудешесін немесе арнайы жүзу құралдарын пайдалану қажет.

Балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін алдын ала түсіндіріңіз.

Қайықпен жүзу кезінде:

Міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз.

Қайықтың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз.

Қайық ішінде орныңыздан кенет тұруға және бір жаққа жаппай жиналуға болмайды.

Қайықта алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынады.

Егер адам суға батып жатса:

Дереу 112 нөміріне хабарлаңыз.

Өзіңіздің қауіпсіздігіңізді сақтай отырып көмек көрсетіңіз.

Құтқару шеңберін, арқанды немесе қолда бар қалқымалы заттарды пайдаланыңыз.

Арнайы дайындықсыз суға секіріп құтқаруға әрекет жасамаңыз.

Есте сақтаңыз!

Су – демалыс орны ғана емес, қауіп көзі де болуы мүмкін. Сондықтан судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз.

«Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтайық – өмірімізді қорғайық!»

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет