Жұма, 14 Тамыз 2026 17:52

Созақ ауданында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған мәжіліс өтті

Созақ ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков, аудандық полиция бөлімі мен кент және ауылдық округ әкімдері, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның мамандары, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай-ақ салаға жауапты мамандар қатысты.

Мәжіліс барысында аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың ауыр зардаптарға, оның ішінде адам өліміне әкелуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрәділ Ерман, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның Созақ ауданы бойынша аймақ басшысы Алмас Саттаров, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов, «KAP Logistics» ЖШС-нің «ОАТБ» филиалы директорының орынбасары, сондай-ақ ауылдық округ және кент әкімдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды.

Жиында жол-көлік оқиғалары жиі орын алуы мүмкін учаскелердегі қауіпсіздік шараларын күшейту, жол белгілері мен тиісті жабдықтардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, жүргізушілерге түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Осы тұста айта кетер болсақ, бүгінгі таңда автокөлік қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайтыны сөзсіз.  Көліктің түрлері мен санының артуы салдарынан жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтардың көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендердің күрт өсімі байқалды. Бұл жол-көлік оқиғалары мен оның қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығы мен өміріне тигізетін теріс салдарын, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін кезек күттірмей шешу қажет екендігін көрсетеді.

Жол көлік оқиғасы - жол қозғалысы ережелері бұзылған немесе сақталмаған жағдайда қалыптасқан жеке адамдар денсаулығына зиян келтірген немесе материалдық тұрғыдан және жол жүру үрдісін бұзған оқиға. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады.

Статистикаға сәйкес көбінесе жол-көлік оқиғасын тудыратын мән-жайлар: белгіленген жылдамдықты көтеру, мас күйінде көлікті басқару, басып озу ережесін бұзып қарама-қарсы жолға шығып кету, жол қиылысы ережесін сақтамай жол кезегін бұзу, ақауы бар көлікті басқару, ара-қашықтықты сақтамау, реттеу дабылына бағынбау, жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу, жаяу жүргіншілер ережесін бұзу және т.б.

Оқиғалардың басым бөлігі негізінен жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтамаудың, олардың заңға мойынсынушылық мінез-құлықтарының қалыптаспауының, зейінсіз болуының, ішімдік ішіп жолға шығу және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, ауа райының қолайсыздығы кезінде жол жабындысының дұрыс болмауының және автомобиль жолдарына малдың шығып кетуінің салдарынан орын алған.

Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе, көлік қылмыстары көп функциялы, әлеуметтік, психологиялық құбылыс екендігін байқауға болады. Жол көлік оқиғасы ережесін бұзу субъектінің әрекетінен, өзге көлік жүргізушілері әрекетінен, психикалық қоршаған ортадан, жолдың жағдайынан, жол жүрісі ережелерінің айқын бейнелеуінен, табиғат жағдайының ықпалы, көлік шығарушы мекеменің сапалы өнім өндірісі, субъективті көзқарасы жол-көлік оқиғасының орын алуына ықпал етеді деген қорытынды жасауға болады.

Жол-көлік оқиғасын қалай азайтуға болады? Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 % кемитінін айтады.   Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 % азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 % дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 % деңгейде болдырмайды. Қазіргі таңда жол көлік оқиғаларының жиілеуі қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда. Сондықтан да, құқық қорғаушылар барлық автокөлік жүргізушілеріне жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмай, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет