Сейсенбі, 25 Тамыз 2026 20:15

Созақ ауданы: «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында дін саласындағы тұрақтылыққа арналған кездесулер өтті

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бағытында өндіріс орындарының қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Жиындарды Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов ашып, жүргізіп отырды. Кездесулер «Kap-Logistik» ЖШС, «Волковгеология» ГРЭ-5 өндірістік бөлімшесінде және «KazAtomProm-SaUran» ЖШС-де өтті. Жиындарға Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, басқарманың діни бірлестіктермен байланыстар және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Фатима Айдарбекова, сондай-ақ Созақ аудандық бөлімшесінің теолог маманы Қуаныш Қосмаханов қатысты.

Кездесулер барысында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, интернет кеңістігіндегі күмәнді ақпараттардан сақтану және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Мамандар қатысушыларға терроризм қаупінің алдын алуда қырағылықтың маңызына тоқталып, күмәнді ақпаратқа сыни көзқараспен қарау, тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігін атап өтті. Кездесулер еркін форматта өтіп, өндіріс қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

«Заң мен тәртіп» – бұл жай ғана мемлекеттік ұстаным емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалады. Ал тәртіп орныққан ортада қоғамдық келісім нығайып, адамдардың болашаққа деген сенімі артады. Қай кезеңде болмасын елдің қуаты оның табиғи байлығымен ғана емес, азаматтарының заңға деген құрметімен өлшенген. Өйткені заңды сыйлау – мемлекетті сыйлау, ал қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ жауапкершілікті сезінудің айқын көрінісі. Әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана қауіпсіз әрі дамыған қоғам қалыптасады.

Бүгінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы азаматтық мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр. Бұл қағидат жастардың бойында жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастырып, құқықтық сананың нығаюына ықпал етеді. Заңға бағыну қорқыныштан емес, саналы түсінік пен ішкі мәдениеттен туындағанда ғана қоғамда шынайы тәртіп орнығады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – әр адамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Өйткені заңға құрмет көрсетілген жерде әділет салтанат құрып, тәртіп орныққан жерде елдің болашағы жарқын болмақ. Бұл – қауіпсіз қоғам мен қуатты мемлекеттің басты кепілі.

«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» идеологиясының басты мақсаты – қоғамда заңды қатаң сақтау және құқықтық нигилизмді жою мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылғы Конституцияның Кіріспесінде бұл қағидат мемлекеттің іргелі ұстанымы ретінде бекітіліп, «Қазақстанның біртұтас халқы» Әділетті Қазақстан идеясын ұстанатыны нақтыланды. Конституцияның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл – заң алдындағы теңдік пен жауапкершіліктің жалпыға бірдейлігін білдіреді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл идеология мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» танытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Қазақстанда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Бұл құжат қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленген іс-қимыл жоспары – бұл нақты қадамдар мен шаралардың жиынтығы, ол мемлекет, қоғам және әрбір азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға септігін тигізеді. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының орнығуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Азаматтардың заңды құрметтеуі және оны сақтауы қылмыстың азаюына, қоғамдық сенімнің артуына және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұл жоспар әрбір қазақстандықтың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және оларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 61 рет