Сәрсенбі, 25 Шілде 2018 19:55

Кентау: Әбдібақыт Мақұлбаев сенім артқан кей шенеуніктер пара алуға неге құмар?

Расын айту керек, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күрес «Ет тәттілігін қойса, мысық та ұрлығын тияр еді» дегеннің керін келтіріп тұр. Бірақ одан ет тәттілігін қоя салмайды. Мысық та ұрлығын тыймайды. Иә, бұл жан-жануарлардың хайуани түйсігіне байланысты айтылған тәмсіл ғой. Алайда түпкі мақсат – бұл мысалдан саналы адамдар, жұмыр басты пенделер сабақ алсын дегенді ұқтыру. Өкінішке қарай, «Ашыққаннан құныққан жаман» демекші, ашкөзденген адамдар бабалардан қалған, әбден сүзгіден өткен мұндай дана ойлардың тұңғиығына терең бойлап, басын ауыртқысы да келмейтін болған. Тіпті дәл осындай мысалдың мыңын айтыңызшы, пысқырып та қарамайды. Орайы келіп тұрса, «орып» қалуға тырысады. Қойны-қонышына ақша кіргенде, оның буымен ақыры қалай боларын ойланып та жатпайды. Әттең!.. 

Әулие бабалар айтып кеткен нақылдардан ғибрат алмаған соң, соңы жақсы болушы ма еді?! «Жүре берсең – көре бересің, көре берсең – көне бересіңнің» кері ғой, бара-бара парақорлығыңыз түрленіп, түлеп барады. Бүгінгі әкімдеріңіз енді төлем терминалдарын орнату үшін пара алатын болыпты. Түнеугүнгі Кентау қаласындағы жағдай ше?! Әрі кетсе, екі апта өткен шығар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алған әкімдерді ұстады. Агенттіктің ресми өкілі Нұржан Жаxиннің айтуынша, Түркістан облысы Кентау қаласының Ащысай және Хантағы ауылдық округтерінің әкімдері өз кінәларын мойындады» деген ақпарат жер-жаһанды шарлап кете барды.

Осы мәселеге орай Астанада баспасөз мәслиxатын өткізген Н.Жаxиннің сөзінен ұққанымыз, Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев сенім артып отырған кадрлар – Ащысай ауылдық округінің әкімі Қайрат Қабылбеков пен Хантағы ауылдық округінің әкімі Қуаныш Ержігітов әкімдік ғимараттарында төлем терминалдарын орнату туралы келісімшарттар жасау үшін 40 және 50 мың теңге көлемінде пара алған. Тіпті олар өз кінәларын толығымен мойындапты да. Енді жазаны белгілеу – соттың құзырында.

Жалпы, Қаратау тәжі саналатын шаһарға соңғы уақытта жемқорлық деген індет таңсық болмай қалғандай. Былтыр қазан айында ғана Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың орынбасары Берік Қынатов 3 жарым миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды. Моноқаланың экономика саласына басшылық ететін ол мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржыға ауыз салған екен. Дәлірек айтсақ, Б.Қынатов Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерге қолдау көрсетіп, аударылған ақшаның 15 пайызын талап еткен. Ал биыл ақпан айында қалалық сот Берік Қынатовты айыпты деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Кентау қалалық сотының судьясы Ақылбек Дәуренбековтың айтуынша, айыпталушы шенеунік Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2 бөлігімен («Пара алу») кінәлі деп танылып, сот үкімімен ол жазасын түрмеде өтеп жатыр. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызмет атқарудан шеттетілді.

Жарайды, сонау 2008 жылғы оқиғаны еске салмай-ақ қояйық, араға бір жыл да түспеген, аяғы опық жегізген бұл жағдайлардан сабақ алған, пікір түйген кім бар? Сабақ алса, пікір түйсе, әлгі екі ауылдық округтің әкімдері төлем терминалдарын әкімдік ғимаратына орнатуға рұқсат беру үшін пара сұрар ма еді?..

P.S. Осы күндері Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілуіне байланысты іргелес жатқан Кентау қаласы аумағының шекаралары бекітілуде. Бұл мәселе Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының отырысында талқыға түсіп жатыр. Білуімізше, бұған дейін Түркістан қаласының қарамағында болған 12 ауылдық округ (Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері және Ащысай ауылы айналасында бос жатқан жер) Кентау шаһарының аумағына өтеді екен. Осыған сәйкес, кеншілер қаласының аумағы 721745 гектарға ұлғаймақ. Яғни Кентаудың құрамында бұрынғыдай 4-ақ ауылдық округ емес, бас-аяғы 16 ауылдық округ болмақ. Өз кезегінде халық саны да артады. 100 мыңға тарта емес, 200 мыңға тарта тұрғын мекендейді. Мұндай жағдайда Кентаудағы сыбайлас жемқорлықтың жайы қалай болар екен? Әйтеуір, қалай десек те, енді кеншілер қаласы таяқ тастам жерде орналасқан облыс орталығы Түркістанға қарап бой түзеп, оның абырой-беделіне көлеңке түсірмеуі керек-ақ.

Еске салайық, облысты Асқар Мырзахметов басқарып тұрған тұста тағайындалған Әбдібақыт Мақұлбаев 2014 жылдың ақпан айынан бері Кентау қаласын тізгіндеп келеді.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Оқылды 4529 рет