Жұма, 10 Маусым 2022 18:46

Шардарада заңсыз балық аулау қылмысы анықталды

Түркістан облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған. 2 ай бойы жүргізілген іс-шараның қорытындысымен облыс көлемінде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелген. 

Мысал келтірсек,  Шардара АПБ-нің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде кешкі сағат 18:40 шамасында Шардара су қоймасының №3 учаскесінде «Прогресс» қайығымен, қолдануға заңмен тыйым салынған құрал, яғни Қытай ау-торын пайдаланып,  заңсыз балық аулап жүрген Шардара қаласының екі тұрғыны анықталып, ұсталды.  Тұрғындардан айғақты зат ретінде 600 метрден астам қытай ау-торы, 1 дана қайық,  1 дана қайық моторы және 161 келіден  астам заңсыз ауланған балық алынды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жинақталған іс құжаттары қорытындысымен сотқа жолданды. 

Одан бөлек, балық аулау ережесін бұзу бойынша 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 163-іне ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынды. Ал заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолдану бойынша 19 дерек тіркелді.

Браконьерлерден айғақты зат ретінде 4 дана электр токкөбейткіш, 8 дана қайық, 2 дана «Ямаха-40» қайық моторы, 9 дана шанышқы (Острага), 11 жарық беру құралы (Фонарь), заңсыз ауланған 900 келіден астам балық және моно талшықтан жасалған 1500 метрден астам Қытай ау-торы алынды. 

«Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс аумағындағы жергілікті тұрғындар арасында, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлу заңмен қудаланатынын ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 250 рет