Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында, Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол инфрақұрылымы элементтерін жаңарту мен техникалық реттеу құралдарын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда.
Мәселен полиция қызметкерлері мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары бірлесіп, Түркістан қаласындағы жол-көше желісінің жағдайын тексерді. Нәтижесінде Абай, А.Үсенов, Ә.Қазақбаев, Б.Қалаби, Нұрмаханов, Әбубәкірқажы, Ыбырайұлы, Міркемелов және Сандыбай көшелеріндегі жол белгілерін және "жаяу жүргіншілер жолағын" салу бойынша іс-шаралар жүргізді.
Түркістан облысы ПД ӘПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Жасдәурен Нұрғазиев: "Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бүгінде облыс орталығындағы жолдардың ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері 120 көшенің жол белгілері жаңартылып, 210 шақырымға жол белгілері қойылып, 650 жаңа жол белгілері орнатылды. Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы жағдайды пайдалана отырып, Жол қозғалысы ережелерін және жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтауларыңызды сұраймыз. Жылдамдық режимі мен маневр ережелерін бұзбаңыз. Сақ болыңыз!"-деп атап өтті.
Ал Түркістан қаласының тұрғыны Рахмет Нұржігіт болса: «Мен Түркістан қаласының тұрғынымын. 20 жыл бойы біз Қалаби көшесінде тұрамыз. Біздің көшеде жол асфальтталды, жол белгілері қойылды. Полиция қызметкерлері мен әкімдікке атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Енді біздің жол жүргізушілер мен тұрғындар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болды. Рахмет!» - деп өз алғысын білдірді.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат