Бейсенбі, 26 Шілде 2018 14:55

Шымкент қалалық соты құрылды

Қазақстан Респбуликасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қалалық соты құрылды. Оның құрамына бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында қызмет істеген 12 судья енді. Шымкент қалалық соты Түркістан көшесі, №87 мекенжайында орналасқан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимараты).

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың осы Жарлығымен Шымкент қаласында: кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты құрылғанын айта кетейік. Олардың барлығы Тыныбаев көшесі, 42 мекенжайында орналасқан. Сондай-ақ арнайы тергеу соты (Тоқаев көшесі, 17) құрылды. Осылайша, бүгінгі таңда бұрыннан бар төрт аудандық сотты қосқанда Шымкентте тоғыз сот бар деген сөз.

Естеріңізге сала кетсек, өткен айда Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан Республи­касының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты. Осылайша, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәрте­бесін берді және де бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болатынын айтқан еді. Яғни, Шымкент қаласында орын алып жатқан жаңашылдықтардың барлығы да қаланың жаңа мәртебесіне сай жасалынып жатыр деген сөз.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 2491 рет