Жұма, 05 Тамыз 2022 22:58

Түркістан: «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы жалған нөмір тағып, айыппұл төлемей жүрген жүргізушілер анықталуда

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы бірталай құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуда. Мәселен соңғы 10 тәулік ішінде Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығы мен Түркістан ҚПБ полицейлері бірлесе отырып, жол жүру ережесін бұзған 961 автокөлікті анықтады. Айыптұраққа 148 көлік қойылды. Ал «Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасы аясында 180 автокөлік тоқтатылып, 109-ы айыптұраққа жеткізілді. 71 автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мәселен полицейдің планшетіне облыс орталығындағы Тәуке хан даңғылы мен Тынышқұлов көшесінің қиылысында кетіп бара жатқан «Toyota» маркалы көліктің жалған мемлекеттік нөмір таққаны және төленбей жүрген айыппұлдары бары жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тексеру мақсатында тоқтатып, құжаттарын қарады. Анықталғандай, жүргізуші көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмерін таққан.

Сондай-ақ 62 құқық бұзушылықты жасап, 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл бойынша берешегі бар болып шықты. Аталған автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Өздеріңізге белгілі жүргізушілер тәртібін арттыруда жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын осындай «Қорғау» секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасында облыста орнатылған бейнебақылау камералары, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Ендігі кезекте Түркістан облысының полицейлері жұмысты одан ары жандандырып, жол қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызмет ете бермек.

Оқылды 204 рет