Сейсенбі, 09 Тамыз 2022 20:26

Түркістан: Тұрғындардың ұялы телефонын ұрлаған жас жігіт ұсталды

Отырар аудандық полиция бөліміне ұйықтап жатқанда ұялы телефондарынан айырылған жергілікті 2 тұрғын арызданды. Ер адамдардың айтуынша, түнде белгісіз біреу ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 110 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын анықталды. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің бірінің үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізген. Ол түнде тұрғынның ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, ұялы телефонын ұрлаған.

Дәл осы жайтты күдікті бірнеше күннен соң қайталаған. Яғни, сезікті өзінің туысының үйіне түнде барып, оның да ұялы телефонын ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері ұялы телефонның бірін тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысын болдырмас үшін есік-терезені мықтап жауып, темір тор орнатуға кеңес береді.

Оқылды 205 рет