Сенбі, 27 Тамыз 2022 20:46

Жүргізуші куәлігін жасап беремін деп 4 бірдей ер азаматты алдаған Алматы облысының тұрғыны анықталды

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлап, шағым түсірді. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол 2021 жылы мамыр айында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жанында бейтаныс ер адаммен танысады. Содан әңгіме барысында танысқан азамат жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендіреді.

Осыдан соң ер азамат бейтаныс адамға 200 000 теңге береді. Алайда 2 ай ішінде бітеді деген жалған уәде 1 жылға созылады. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар Алматы облысының тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер оның еш жерде жұмыс істемейтінін анықтады. Сондай-ақ ұсталған ер адам бұған дейін де дәл осындай алаяқтықпен жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтып 3 азаматтан ақша алғаны расталды. Жалпы шығын көлемі 600 000 теңге. Осы орайда, тәртіп сақшылары қала тұрғындарына алаяқтың құрбаны болмас үшін, бейтаныс адамдармен әңгімелескенде аса сақ болуды сұрайды.

Оқылды 346 рет