Екінші рет мас халде көлік басқарған орта жастағы ер адам қамауға алынды.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын бақылау мақсатында жұмыс жүргізеді. Осындай кезекті шара кезінде полицейлер, мас халде көлік жүргізген ер адамды анықтады.
Нақтырақ айтсақ, тәжірибелі тәртіп сақшылары күндізгі сағат 10:00 шамасында Тоқсансай-Шұбар тас жолының бойында қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін «Opel Vectra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның осыдан 1 жыл алдын мас халде көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар полицейлер оның тағы да мас халде екендігіне күдіктеніп, бірден сараптама тағайындады. Нәтижесінде жүргізушінің алкогольді мас халде екендігі анықталды.
Көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жүргізуші автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.