Бейсенбі, 01 Қыркүйек 2022 06:19

ҚАЗЫҒҰРТ: МАЛ ҰРЛАМАҚ БОЛҒАН...

Мал ұрламақ болған екеуді тұрғындар байқап қалған.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, ірі қара малдарын белгісіз біреулер ұрламақ болғанын айтқан.

Жәбірленушінің бірі құны 300 000 теңге тұратын сиырын, ал екіншісі 250 000 теңге тұратын сиырын белгісіз біреулер айдап бара жатқан сәтінде ауыл тұрғындары көріп қалғанын жеткізді. Осы сәтте ауыл тұрғынының байқап қалғанын көрген күдіктілер қаша жөнелген.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Олар мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицейлер күдіктінің бірін полиция бөліміне жеткізді. Яғни жас жігіттер оңай олжалы болуды көздеген. Алайда, тұрғындардың қырағылығының арқасында ойлары жүзеге аспай қалды. Қазіргі таңда күдіктінің бірі қамауға алынса, екіншісіне қатысты іздеу жұмыстары жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мал ұрлығы қылмысының алдын алу үшін малдарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Оқылды 319 рет