Жетісайлық полицей "Ерлігі үшін" төсбелгімен марапатталды

Республика күніне орай Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен іс-шара өткізілді. Салтанатты шарада полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков құттықтау сөзін арнады: "Республика күні-егемендігіміздің, елдігіміздің жарқын бейнесі. Осы тұста ел тыныштығын сақтауға қысы-жазы, күні-түні қызмет еткен полицейлердің еңбегін де айтыр өтуге болады. Яғни ішкі істер органдары саласында жылдар бойы қызмет етіп, еңбегі сіңген ардагерлер мен қоғамда бүгінгі күннің батырларына айналған тәртіп сақшыларының ерліктеріне айрықша тоқталғым келеді. Әсіресе қызметтік міндетін адал атқарып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізген полиция капитаны Аян Хайруллаев, «Ерлігі үшін» төсбелгісін иеленіп отыр. Ендеше осындай ержүрек полицейлер қатары көп болсын!"-деп атап өтті.

Атап өтсек, тілсіз жаудан егде жастағы әйелді құтқарған Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Аян Хайруллаев, «25 қазан – Республика күні» мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Төсбелгіні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ полицейлер ұйымдастырған мерекелік іс-шарада 62 ІІО ардагері, сонымен қатар полиция бөлімінің 45 қызметкері "Алғыс хатпен" марапатталды. Жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұласты.

Отырар: оқушыларға құқық бұзушылық пен жат қылықтардың алдын алу бойынша түсіндірме жүргізілді

Отырар ауданы Маяқұм ауыл округіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу бағытында жоғары сынып оқушылары арасында кездесу жиыны өтті.

Созақтық полицейлер мереке қарсаңында музей аралады

“Республика” мерекесіне орай Созақ ауданының полиция қызметкерлері мәдени азық болар арнайы іс-шара ұйымдастырды. Яғни полиция қызметкерлері С. Қожанов атындағы орталық музейге барды. Жиын барысында музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек Омарбекұлы полицейлерге. ішкі істер органында ұзақ жылдар қызмет атқарған Дүйсенбекұлы Омарбектің өмір тарихын түсндіріп өтті. Сондай-ақ қызмет көрсету барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы мәліметтермен танысты.

Тарихи орынға саяхат кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері аға ұрпақтың дәстүрінде тәрбиелеу, музей жұмысының рөлін арттыру мақсатында орамды ойлары ортаға салынды. Тәртіп сақшыларының ерліктері жастарға таныстырылып, ерлік сабақтары ұйымдастырылды.

«Республика күні» ардагерлер мен жеке құрам қызметкерлері марапатталды

Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполкковнигі Алмас Серікбаев, «Республика күні» мерекесі қарсаңында еңбегі елеулі, халыққа қалтқысыз қызмет еткен азаматтарды марапаттады. Нақтырақ айтсақ, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев, кеңес мүшелері, ардагерлер Бағазы Бейсалиев, Жұмағұл Омаров, Бауыржан Бүркітбаевтарды зейнет жасына шықса да, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, аудан қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз еткендері үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Сонымен қатар жеке құрам қызметкерлерінің арасында мінсіз қызмет еткені үшін 25 қызметкер марапатталды.

Жиын кезінде ардагерлер жеке құрамға «Республика күнінің» мән-маңызы туралы айтып өтті. Яғни полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру, жас қызметкерлерге кәсіби біліктілігін көтеруге көмектесу, шұғыл қызметте өздері өткен қызмет жолының тәжірибесін беру, тәртіп сақшыларының моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту, патриоттық сезімдерін көтеру мақсатында баяндамалар жасалып, дәрістер өткізілді. Осылайша мерейлі мереке пайдалы ақыл-кеңестерге толы кездесумен жалғасты.

 

 

Түркістан:Полиция департаментінде «Республика күніне» орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Түркістан облысы Полиция департаментінің ғимаратында 25 қазан - Республика күні мерекесіне орай "Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы ұлттық мерекенің рөлі" тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оған профессор, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Бейсембаев, Түркістан қаласы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Сансызбаев, ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің мүшелері Сейсенбеков Айтбай, Баймурзаев Ералы қатысты. Сонымен қатар Полиция департаментінің жеке құрамы да белсене атсалысты.

Естеріңізге сала кетейік биыл, Ұлттық құрылтай отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Республика күнінің» мәртебесін қалпына келтіріп, оны ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Мемлекет басшысы: «Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл біздің еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы болды»-деп атап өткен болатын.

Сондықтан дөңгелек үстел шарасына қатысушылар Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық мерекенің тарихи маңызын талқылады. Еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ іс-шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері, еліміздің әл-ауқаты мен дамуын қамтамасыз етуге тәуелсіздік алған жылдары бағытталған экономикалық және саяси реформалар көптеп жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Жиын соңында жиналғандарға 25 қазан - Республика күніне арналған бейнеролик көрсетілді.

Бәйдібектік тәртіп сақшылар жасөспірімдермен кездесті

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында кездесу өткізілді.

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кең көлемде жиын өтті. Кездесуге аудан прокуроры, аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрдаулет Әжібеков, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, құзырлы органдар білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу, жолын кесу мәселелері талқыланды. Осы жөнінде полиция басшысы Н.Әжібеков баяндама жасады. «Елімізде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны артып отыр. Олардың ішінде ұрлық, тонау фактілері жиі кездеседі»,- деп бастады баяндамасын ол. Н.Әжібековтың сөзінше, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылған 1,1 мың кәмелетке толмаған жасөспірім тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1% жоғары. Олардың арасында,  78 қыз болған.Қылмыскерлердің 539-ы студенттер, тағы 510-ы жұмыс істемейді және оқымайды. 336 жасөспірім топтық құқық бұзушылық жасаған, оның ішінде ересектердің қатысуымен 158 адам. Олардың ішінде 71 жасөспірім құқық бұзушылыққа барған.Салыстырар болсақ өткен жылдың сәйкес кезеңінде кәмелетке толмаған құқық бұзушылар саны жылына 23,3%-ға, 1 мың адамға дейін төмендеген. Өңірлік тұрғыда қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандардың басым бөлігі Алматы облысында болды: 118 адам – бір жыл бұрынғыдан бірден 32,6%-ға артық. Одан кейінгі орында Жамбыл (97 адам, +70,2%) және Түркістан (92 адам, – 24%) облыстары тұр.Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасағандардың ең азы Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелген. Ұрлық жасаған кәмелетке толмағандардың 43,7%-ы бірден ұсталды (468 адам – бір жыл бұрынғыдан 7,1%-ға көп).Жасөспірімдер жиі жасайтын басқа қылмыстардың қатарында тонау (120 адам, жылына 23,7%-ға өсті), сондай-ақ бұзақылық (79 адам, 22,5%-ға төмендеді), алаяқтық (58 адам, жылына 7,4%-ға өсті) және басқа көлік құралын  ұрлау мақсатынсыз(47 адам, – 2,1%) заңсыз иелену фактілері болды.Еліміз бойынша статистикалық мәлімет келтірген полиция басшысы ағымдағы 9 айда атқарлған жұмыстарға да тоқталды. «Ағымдағы жылдың 9 ай көлемінде мүдделі органдармен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар қылмысының алдын-алуға бағытталған «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім-заң-қауіпсіздік» іс-шарасы өткізілді. Білім беру ұйымдарында ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіліп құқықтық тақырыптарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деп атап өтті ауданның бас полицейі. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура, білім бөлімі және басқа да жергілікті құрылым қызметкерлерімен бірлесе білім беру орындарында, оқушылар арасында құқықтық тақырыптарда кездесулер өткізіліп, Қазақстан Республикасының Заң актілерінен түсіндірмелер берілді.

 

Саурандық тұрғындар атынан тәртіп сақшыларына «Алғыс хат» келді

Бұл тұрғындар зейнеткер ұстаз Амит Тажибаев, ауыл ақсақалдары Төлбасы Құрманбеков, Абдусаттар Джаханов, «Алтын алқа» иегері Анжир Қожамбердиева. Аталған ауыл тұрғындары Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен осы басқарманың инспекторы полиция аға лейтенанты Жасдәурен Нұрғазиевке алғыстарын жаудырып, хат жолдады.

Нақтырақ айтсақ, ауыл үлкендері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өздерінің ұсыныс-пікірлерін жазып, мемлекеттік органға өтініш қалдырған. Ал мұны тиісті құрылым қызметкерлері назарға алып, бірден зерттеп жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындар көрсеткен аймақты түгел қарап, қандай да бір қажетті жол белгілерін қою мүмкіншілігін қарастырады. Нәтисінде зерделеу жұмыстары мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

Атап айтсақ, Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінің 18-500 шақырымы толық тексеріліп, аталған жолға екінші жолмен қиылысатын 4 дана жол белгісі қойылады. Оған қоса 4 дана жаяу жүргінші өтпесі, 2 дана ең жоғары жылдамдықты шектеу (60) жол белгісі, 2 дана басты жол белгісі, 2 дана жол беріңдер белгілері орнатылады. Сондай-ақ жылдамдықты өлшейтін 2 дана «Сергек» бейнебақылау камералары қойылды.

Осы жұмыстардың атқарылуына тікелей септігін тигізген полицейлерге тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізді. Өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындаған, өзекті мәселені шешуге уақтылы көмектескен, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарына шексіз алғыстарын білдірді. Олар полицейлердің қызметтеріне сәттілік, ел мүддесі үшін жасалатын істеріне абырой тілеп, хатқа түсірді.