Бейсенбі, 16 Ақпан 2017 10:14

Эстрададағы ұрылар

Бүгінде хитшерудің ондығын күн сайын жаңалап отыруға болады. Ән де көп, әнші де көп. Көптер көбейе түскен сайын бәсеке де басым. Хит етсем деген әншілердің әні неге қит етсе «ұрлықы» боп шыға береді? Асыра сілтеп жіберсек, ғафу өтінеміз, бірақ аты дардай әншілердің шетелден ән «ұрлағаны» қай сасқаны?


Әліге дейін талай-талай жігіттер гитарасын құшақтап «Ханшайымым-аумен» «ауырып» жүр. Енді бұл әнге деген желік пен жерік басыла бастағанда «Мен ханзадаңмын» деп тағы жарқ ете қалған Ғадекеңнің, яғни Ғаділбек Жанайдың «Ханшайымы» армян ағайындікі болып шықты. Рипсимэ Акопян орындайтын әннің түпнұсқасы Tarorinak, яғни «Бүртүрлісің» деп аталады екен. Ал бейнеклип 2012 жылы көктемде жарық көрген көрінеді. Өздеріңіз білетіндей, бұл дау-дамайдан құрғақ шыққан ол аталмыш әнге жақында бейнебаян да түсіріп үлгерді. Әнді ешкімнен алмағанын айтқан ол, тіпті айтпаған күннің өзінде ән «ұрлап», оны қазақша сөзбен көмкеріп жіберіп, көпшілікке ұсынуды қазақ эстрадасына әкелген Жанайдың Ғаділбегі емес. Негізі әнге келгенде блогерлер аңғарымпаз болып шықты. «Ханшайымның» көшірме екенін көпшілікке жеткізген Эльвира Ергалина болса, жуырда Қайрат Нұртастың «Кешегі» әнінің де армян әншісі Сильва Акопяннан ұрланғанын Мейірман Сауранбек фейсбукте жазды. «Себебі, армяндық нұсқа ютубқа 2009 жылы жүктелген. Қайратыкі-2015. Қайраттың нұсқасы жаман емес. Алайда, түпнұсқасы тіпті керемет»,-деп жазды ол. Қазақ эстрадасында кешегі Дос Мұқасан мен Роза Бағлановалардың, беріде «Мұзарттың» репертуарларында да мұндай көшірме әндер болыпты-мыс. Ал қырғыздардан алынған Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігіне» «өлгенше» билегеніміз де өтірік емес. Әйтеуір, армяндардың қос әнін барымталаған екеудің репертуары мұнымен тоқтаса мейлі ғой... Жыл басынан бері жиырмаға жуық ән жазған Қайрат Нұртастың ән қоржынында үнді әніне жазылған «Жаным, жаным» әні де елге етене таныс. Сондай-ақ ол «Биле ламбада, Өзгерген қазақша сөз ғана» деп биыл «Ламбадалатты» емес пе? Дәл осылай «шетелдің әнін ұрлаған мен ғана емеспін» деп Әбдіжаппар Әлқожа да қымсынбай әнін айтып жүр. Сондай-ақ, қырғыздың сазгері Нұрлан Нәсіптің әніне жазылған «Айта алмаймын», «Эх, қарындас» сынды Қайраттың тағы қос әні бар. Ұрлап алды ма, сұрап алды ма, ол жағы әншінің өзіне аян. Ғаділбектің өзі жазған әнінің артынан сондай сөз ерген соң, Қайраттың да өзі жазған әндеріне күмәнмен қарай бастадық. «Ай, өкініш, орны толмас өкініш» деп өкінішін жеткізген әннің әнін әншінің өзі жазған. Бір бұл ғана емес, «Сүйіп едім» мен «Шыда, жүрек» әндерінің авторы да оның нақ өзі. Аталмыш әндердің бірінің сөзін Олжас Отар жазса, екеуі Қуаныш Жаманқұловқа тиесілі тармақтар. Көбіне Қайраттың әндерін Бауыржан Есебаев өлеңін жоғарыда атаған қос ақынмен қоса Арман Дүйсенбі, Назгүл Бердіқожа, Ботакөз Бексары сынды ақындарымыз «сөйлетеді».

Ал «Қызғанамын, Мен қазақтың қыздарын қызғанамын», «Қадірімді білетін қазақ қызға үйленем» деп әндетіп жүрген Төреғалидің сөздерінен мін таба қою – қиынның қиыны. Өзі ақын, өзі айтыскер, бір бойынан бірнеше қыр табуға болатын «бала қыранның» сөз қадірін білгенде, ән қадірін ұқпауы мүмкіндігіне сеніп, елді сендіріп көріңізші... Бірақ Ұлықпан Жолдасов, Арман Дүйсенбідей арқа сүйер ағалары мен Марат Балмырза, Құрал Молжандай құрдастары тұрғанда неге арқасын кеңге салмай, ол да румынның әніне құда түсіп жүр? Бір кездері өзім жаздым деген Төрештің де «Төрешімі» мен «Байқоңырының» әні өзінікі болмай шықты. Әйтпесе оның «Мен романтик емеспін», «Ассалаумағалейкум» «Қыдырып қайтайық» сынды хиттарын нақ осы Ұлықпан мен Қайнар жазып тастаған жоқ па еді? Ал талай жарасымды жұптың жүрегіне шалынған қоңыраудай болған «Аллосын» Құрал мен Қайнар жазған. «Жолы болар жігіттің» «Бенефис шоуынан» байқауымызша, Аян Сейітов пен Қайнар Алакөзов, Құрал Молжанов – тай-құлындай тебісіп өскен достар, үшеуі де бірдей ән мен қара өлеңнен құралақан емес. Олай болса, айдың күннің аманында сері жігітіміз сырттан емес, айналасынан-ақ ән ала берсе де нәсіпсіз, нәпақасыз қалмайтыны анық қой. «Шексіз сүйем қазақ өнерін, Әсем әнім, ғазал өлеңім, Сондықтан да жаза беремін» деген әнші жігіттің жаза беруіне тілектес болсақ та, ала беруіне... «Қимай тұрмын» деп ән жазған Төреғалиды, шыны керек, біз де жаман сөзге қимай тұрмыз...

Неге Қайрат пен Төреғалиға шүйліге қалды деп мұрын шүйіріп отырған шығарсыз... Аспандаған атақ пен абыройдың артында таудай талап тұрмаушы еді? Тыңдарман ретінде біз де талай-талай оң баға бергенбіз, қалай-қалай орындайды деп аузымыздың суы құри тамсанғанбыз, бірақ... Бірде данышпан аппақ парақтың бетіне бір нүкте қойып, шәкіртінен не көріп тұрғанын сұраған көрінеді. Сонда бала шәкірт ойланбастан қара дақ тұрғанын айтып салыпты. Әншінің бәрі Қайрат пен Төреғали емес, әйтсе де кейінгі буын оларға қарап бой түзеп, шаш қайырып өсіп келеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінде Қайраттың бет-бейнесіне дейін айнытпай салып жүрген інілері дәлел. Олардың қоржынындағы бірер түйір басы артық «меңге» мазасынданар ма ек, мазасынданбас па едік, өңір-өңірдегі өнерпаздардың денінің өзбек ағайындардың әндеріне сөз жаздырып алып, қымсынбай орындап жүргендерін жиі аңғаратын болдық.

Осындай жас әншінің бірі Бағдаттың да әнқоржынында осындай бірнеше ән бар екен. «Бұларың болмайды ғойымызға»: «Біз түгілі Қайраттың өзі басқа елдің әнін алып, сөз жаздырып орындап жүр ғой. Онда тұрған не бар дейсіз...»-деп қалып еді. Біз де биыл Шакираның «Waka waka-сын» да, түрік сериалы «Құлпынайдың» саунтрегін де қазақша тыңдап қарық болдық. Одан қала берді, Айбек Қоңырбаев та «Шашыңды да түйгенің, Үстіңе де кигенің, Мың бұралған билерің. Әдемі, әдемі, әдемі» деп әдемі «көшірме» әнмен талайымызды тойда да, көлікте де аз билеткен жоқ. Мұндайда қазақ атам: «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады»,-дейді. Арба болмаса да, қазақ эстрадасының бүгінгі алдыңғы қос дөңгелегіндей қос таланттың есіне жәй оған еліктеп, есейіп, бой түзеп келе жатқандардың барын тағы бір салайық дегенбіз. Қазақ өнерінің қарыштағанын кім жаман көрсін, бірақ «ұрлықы» әндер туралы сөздерден ығыр болған кісі «Шәмшісі бар қазақпыз ғой. Ән жазу деген де қазаққа сөз болып па. Бірақ Шәмшіге ұқсатып жаза берсе де жаман болмас еді-ау»,- депті. Сол сынды біз де осы күні әншілердің композиторлығынан қорқатын болдық.

aq-qara.kz

Оқылды 3225 рет