Мерекелік концерт барысында еліміздің танымал эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен BAYANSULU сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Жиналған қауым әншілермен бірге қосыла ән шырқап, ерекше атмосфера қалыптастырды. Кештің жүргізушісі – белгілі тележүргізуші әрі актер Дәулет Бижанов мереке барысында тілшілерге сұхбат беріп, мұндай ауқымды шаралардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Астана алаңында ұлттық мұра мен заманауи технологиялар үйлесімді үндестік тапқан.
«Биыл Шымкент Наурыз мерекесін атап өту деңгейі бойынша көш бастап тұр. Осындай ауқымды мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырған қала әкімдігіне алғыс білдіремін. Бұл бастама алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса игі», – деді ол.Айта кетерлігі, кешке жиналған көрермендердің басым бөлігі жастар болды. Мерекелік шараның шарықтау шегі ретінде заманауи жарық эффектілерімен көмкерілген дрон-шоу ұсынылып, қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлады.
Астана алаңының түнгі аспанында жарық диодты дрондар арқылы Шымкенттің және қазақ мәдениетінің нышандары бейнеленді. Олардың қатарында «Digital Kazakhstan» жазуы бар Қазақстан картасы, қала символикасы, өңірдің даму көріністері, сондай-ақ тарихи тұлға – Бәйдібек бидің бейнесі көрініс тапты. Сонымен қатар, молшылық пен жаңарудың белгісі ретінде тайқазан, асықтар және гүлдеген қызғалдақ бейнелері көрсетілді. Шоу соңында аспанда жарқыраған «Наурыз құтты болсын!» жазуы кештің көркін айшықтап, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат