Осыған орай dimashnews сайты фестивальді ұйымдастырушы белгілі продюсер, «NHK» телекомпаниясының өкілі Хироюки Яманакадан сұхбат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
20 жыл қатарынан үзілмей өтіп келе жатқан фестивальге Димаш осымен екінші рет қатысқалы отыр. Сұхбат барысында жапон продюсері Димаштың былтырғы фестивальге қатысуы Жапония тұрғындарына таңғажайып әсер сыйлағанын айтады.
«Димаштың былтырғы фестивальде өнер көрсетуі үлкен әсер туғызған болатын. Шара биыл да онлайн өтетін болғандықтан, Димашқа қолқа салдық. Ол бірден дерлік келісті. Онысы үшін оған өте ризамыз. Димаштың былтыр Токио фестиваліне қатысуы бүкіл әлем үшін сенсация болды. Жапонияда да танымалдығы артты», - дейді Хироюки Яманакада.
Продюсер қазақстандық әншінің Жапониядағы фанаттары оның Токио төрінде ән салуын асыға күтіп жүргенін айтады.
«Димаштың дауысын алғаш рет 2015 жылы Ыстанбұлда естігенде, мен қатты таңғалған болатынмын. Осы алты жылдың ішінде оның тоқтаусыз дамып келе жатқанын көрген сайын таңғаламын. Осы бетінен танбай, дағдыларын жетілдіріп, авторлық әндер шығаруын, халықаралық сахнада да қызметін сәтті жалғастыратынына сенемін.
Бұл жолы Димаш Tokyo Jazz-да жапон тілінде ән шырқайды. Бірақ дәл қай әнді айтатыны әзірге құпия», - дейді «NHK» телекомпаниясының өкілі.
Еске салайық, 11 қараша күні Д.Құдайберген «NHK Music Special» жапондық телебағдарламасына қонақ ретінде шақырылды.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»