Super User

Super User

«Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыс жеңімпаздары

«Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыстарда Сайрам ауданындағы екі бірдей мектептің оқушылары топ жарып, жеңімпаз атанды.

Атап айтсақ, «Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің 7-8-сынып оқушыларынан құралған ұлдар командасы баскетболдан оза шауып, республикалық чемпион атанса, ал №96 жалпы білім беретін мектептің 7-8-сынып оқушы қыздары волейболдан қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл қос жеңіс – білім мен спорттың үйлесімді ұштасқанының айқын көрінісі.

Чемпиондарды «Манкент» стансасынан ерекше ықыласпен қарсы алды. Оларды ата-аналары, ұстаздары, достары мен жанкүйерлері гүл шоқтарымен, қуаныш пен мақтанышқа толы көңіл-күймен күтіп алды. Бұл сәт – балалардың ерен еңбегі мен табандылығының, жаттықтырушылар мен мектеп ұжымдарының қолдауының жарқын нәтижесі.

Түркістандық жас дарындармен кездесу өтті

«Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде «Балалар үні» күні кеңінен аталып өтуде. Бұл күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі үздік оқушылармен — халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ спорт пен өнерде дараланған жас дарындармен кездесті.

Еркін форматта өткен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары балаларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Шара барысында балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беріп, олардың болашағына зор сенім артатынын жеткізді. Ол жас ұрпақтың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, оларға табыс пен шабыт тіледі.

«Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз», – деді ол.

Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерінің ғылым, өнер және спорт саласындағы табыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, облыс басшылығына әрдайым қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков индикаторлық жоспардың іске асу сатысы бойынша аудан, қала көрсеткіштерін саралап, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына өңірлердің дайындығын пысықтады. Сонымен қатар жетекшілік ететін салалары бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын тексеріп, жауаптылармен бірге өзекті мәселелер мен шешу жолдарын талқылады.

Басқарма басшылары аудан, қалалардағы кенжелеп тұрған бағыттардың көрсеткішіне тоқталып, кемшіліктерді баяндады.

Су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша жұмысты ширату Түлкібас, Бәйдібек, Келес аудандары мен Кентау қаласына ескертілді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселенің өзектілігін өзге аймақтардың да назарына салды.

Инвестиция тарту, қарқынды бау, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарларын орындауда аудандар арасында қажеттілігіне қарай тәжірибе алмасу ұсынылды.

– Жиналысты арнайы басқарма басшыларының және аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен өткізіп отырмыз. Кедергілер болса, бірге талқылап, шешу жолын қарастырайық. Жыл басында белгіленген межемен бәріңіз келістіңіздер, ендігі айтқан уәждеріңіз қабылданбайды. Мәселе бөлімдегі мамандарға жүктегенмен шешілмейді. Жауапкершілік өздеріңізден талап етіледі. Сондықтан, кабинеттен шығып, шаруашылықтарды аралаңыздар. Қалыптасқан жағдайды өздеріңіз сараптағанда ғана нақты шешім, ұтымды ұсыныс айта аласыздар, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы баяндалып, нәтижесімен бірқатар тапсырмалар нақтыланды.

Түркістан облысында жыл басынан бері 1069,5 тонна балық шет елдерге экспортталды

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жанданады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста осы мәселе талқыланды.

Облыс әкімі балық шаруашылығын дамытып, өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

— Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша бекітілген межені орындау бағытында балық өсіру көлемін арттыруды тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты ширатыңыздар. Балық өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қолайлы мүмкіндік ұсыныңыздар. Балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген 104 су айдынын және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарды қайтадан талдап, зерделеңіздер. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеп, шаруашылықта өндірілген өнім көлемінің артуы қадағалануы тиіс, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға осы саланы дамыту бойынша тың ұсыныстар мен жобаларды әзірлеуді тапсырды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбековтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 7467 тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған. Бүгінде 4 айдың қорытындысымен 176 тонна кәсіпшілік балық аулауға рұқсат беріліп, мемлекеттік бюджетке 5,7 млн. теңге түсім түсті.

Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, 905 тонна балық өндірілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс аумағынан 16 балық өсіру шаруашылықтарын ашу көзделіп отыр.

Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 млн теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды. Ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға 120 млн. 500 мың теңге бөлініп, 3,2 млн. теңгесі игерілді.

Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 млрд. жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 млн теңге қарастырылуда.

Осы RSS каналға жазылу