Super User

Super User

Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді

Түркістан облысына ҚХР-нан келген делегациясыны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қарсы алып, өңір әлеуетімен таныстырды. Шетелдік топ өңірдегі өндірістік және индустриалық аймақтарын аралап көрді. Облыс әкімі іскерлік кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар логистикалық парктердің мүмкіндіктерін зерттеу, Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру секторларын талдау, өңірде бірлескен қойма немесе сауда өкілдіктерін құру мәселелерін талқылады. Инвесторлар жобаларын таныстырып, ұсыныстарын білдірді.

«Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыс жеңімпаздары

«Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыстарда Сайрам ауданындағы екі бірдей мектептің оқушылары топ жарып, жеңімпаз атанды.

Атап айтсақ, «Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің 7-8-сынып оқушыларынан құралған ұлдар командасы баскетболдан оза шауып, республикалық чемпион атанса, ал №96 жалпы білім беретін мектептің 7-8-сынып оқушы қыздары волейболдан қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл қос жеңіс – білім мен спорттың үйлесімді ұштасқанының айқын көрінісі.

Чемпиондарды «Манкент» стансасынан ерекше ықыласпен қарсы алды. Оларды ата-аналары, ұстаздары, достары мен жанкүйерлері гүл шоқтарымен, қуаныш пен мақтанышқа толы көңіл-күймен күтіп алды. Бұл сәт – балалардың ерен еңбегі мен табандылығының, жаттықтырушылар мен мектеп ұжымдарының қолдауының жарқын нәтижесі.

Түркістандық жас дарындармен кездесу өтті

«Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде «Балалар үні» күні кеңінен аталып өтуде. Бұл күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі үздік оқушылармен — халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ спорт пен өнерде дараланған жас дарындармен кездесті.

Еркін форматта өткен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары балаларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Шара барысында балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беріп, олардың болашағына зор сенім артатынын жеткізді. Ол жас ұрпақтың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, оларға табыс пен шабыт тіледі.

«Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз», – деді ол.

Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерінің ғылым, өнер және спорт саласындағы табыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, облыс басшылығына әрдайым қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков индикаторлық жоспардың іске асу сатысы бойынша аудан, қала көрсеткіштерін саралап, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына өңірлердің дайындығын пысықтады. Сонымен қатар жетекшілік ететін салалары бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын тексеріп, жауаптылармен бірге өзекті мәселелер мен шешу жолдарын талқылады.

Басқарма басшылары аудан, қалалардағы кенжелеп тұрған бағыттардың көрсеткішіне тоқталып, кемшіліктерді баяндады.

Су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша жұмысты ширату Түлкібас, Бәйдібек, Келес аудандары мен Кентау қаласына ескертілді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселенің өзектілігін өзге аймақтардың да назарына салды.

Инвестиция тарту, қарқынды бау, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарларын орындауда аудандар арасында қажеттілігіне қарай тәжірибе алмасу ұсынылды.

– Жиналысты арнайы басқарма басшыларының және аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен өткізіп отырмыз. Кедергілер болса, бірге талқылап, шешу жолын қарастырайық. Жыл басында белгіленген межемен бәріңіз келістіңіздер, ендігі айтқан уәждеріңіз қабылданбайды. Мәселе бөлімдегі мамандарға жүктегенмен шешілмейді. Жауапкершілік өздеріңізден талап етіледі. Сондықтан, кабинеттен шығып, шаруашылықтарды аралаңыздар. Қалыптасқан жағдайды өздеріңіз сараптағанда ғана нақты шешім, ұтымды ұсыныс айта аласыздар, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы баяндалып, нәтижесімен бірқатар тапсырмалар нақтыланды.

Осы RSS каналға жазылу