Super User

Super User

Түркістан облысы ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков индикаторлық жоспардың іске асу сатысы бойынша аудан, қала көрсеткіштерін саралап, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына өңірлердің дайындығын пысықтады. Сонымен қатар жетекшілік ететін салалары бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын тексеріп, жауаптылармен бірге өзекті мәселелер мен шешу жолдарын талқылады.

Басқарма басшылары аудан, қалалардағы кенжелеп тұрған бағыттардың көрсеткішіне тоқталып, кемшіліктерді баяндады.

Су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша жұмысты ширату Түлкібас, Бәйдібек, Келес аудандары мен Кентау қаласына ескертілді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселенің өзектілігін өзге аймақтардың да назарына салды.

Инвестиция тарту, қарқынды бау, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарларын орындауда аудандар арасында қажеттілігіне қарай тәжірибе алмасу ұсынылды.

– Жиналысты арнайы басқарма басшыларының және аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен өткізіп отырмыз. Кедергілер болса, бірге талқылап, шешу жолын қарастырайық. Жыл басында белгіленген межемен бәріңіз келістіңіздер, ендігі айтқан уәждеріңіз қабылданбайды. Мәселе бөлімдегі мамандарға жүктегенмен шешілмейді. Жауапкершілік өздеріңізден талап етіледі. Сондықтан, кабинеттен шығып, шаруашылықтарды аралаңыздар. Қалыптасқан жағдайды өздеріңіз сараптағанда ғана нақты шешім, ұтымды ұсыныс айта аласыздар, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы баяндалып, нәтижесімен бірқатар тапсырмалар нақтыланды.

Түркістан облысында жыл басынан бері 1069,5 тонна балық шет елдерге экспортталды

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жанданады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста осы мәселе талқыланды.

Облыс әкімі балық шаруашылығын дамытып, өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

— Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша бекітілген межені орындау бағытында балық өсіру көлемін арттыруды тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты ширатыңыздар. Балық өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қолайлы мүмкіндік ұсыныңыздар. Балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген 104 су айдынын және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарды қайтадан талдап, зерделеңіздер. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеп, шаруашылықта өндірілген өнім көлемінің артуы қадағалануы тиіс, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға осы саланы дамыту бойынша тың ұсыныстар мен жобаларды әзірлеуді тапсырды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбековтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 7467 тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған. Бүгінде 4 айдың қорытындысымен 176 тонна кәсіпшілік балық аулауға рұқсат беріліп, мемлекеттік бюджетке 5,7 млн. теңге түсім түсті.

Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, 905 тонна балық өндірілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс аумағынан 16 балық өсіру шаруашылықтарын ашу көзделіп отыр.

Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 млн теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды. Ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға 120 млн. 500 мың теңге бөлініп, 3,2 млн. теңгесі игерілді.

Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 млрд. жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 млн теңге қарастырылуда.

Түркістан облысы мен Корея Республикасының арасында «WOOSONG» университетін құру туралы меморандумға қол қойылды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақтылы тапсыру, жұмысын бастау, құжаттарын реттеу, оқу процесін жүйелеу бағытындағы мәселелер талқыланды. Облыс әкімі бұл оқу ордасы аймақ үшін маңызды екеніне тоқталды. Әкімдік тарапынан міндеттемелер жоспарға сай орындалып жатқанын жеткізді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында тиісті жұмыстар жүруде. Өзіңізге белгілі, 2024 жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының арасында «WOOSONG» университетін құру туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бүгінгі таңда, университеттің құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Облыста университеттің ашылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы «Өңірлік іске асыру алгоритмі» бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі тарапынан осы оқу ордасына 100 білім грантын бөлу жоспарлануда. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесуде Сонг Кён Ким Түркістан өңіріндегі халықаралық университет аймақтың әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенім білдірді. Шәкірттерге білікті ұстаздар, профессорлар білім беретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «WOOSONG» 2024 жылдың 1 шілдесінде «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде бірлескен қызмет туралы келісім жасалды. Құрылысты аяқталу мерзімі – 2025 жылдың 15 маусымы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95% орындалған. Филиалдың оқу бағдарламаларын анықтау, ҚР мемлекеттік білім стандарты талаптарына сәйкестендіру, реестрге енгізу жұмыстары жүйеленуде. ІТ университеті 4 факультеттен тұрады және 2340 студентке дейін қабылдай алады деп күтіліп отыр. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші дүниежүзілік ІТ өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт)», «Мультимедиа және веб дизайн» факультеттеріне қабылданады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті жұмыстар атқарылуда. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын.

Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда.

Түркістан: туристік нысандардағы сауда қызметін заң аясында реттеу бағытында бақылау күшейтілді

«Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» ҚР Заңына сәйкес қала аумағында, туристік нысандар орналасқан аймақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және сауда қызметін заң аясында реттеу бағытында қолдау шаралары мен бақылау жұмыстары күшейтілді.

Осы RSS каналға жазылу