Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Шымкенттің «Көрме орталығында» өтіп жатқан жәрмеңке екі күнге жалғасады. Жәрмеңкеде баспана алуға ниеттенгендер қаладағы тұрғын үй салып жатқан компаниялардың ұсынысымен танысып, жеңілдікпен үй алуына мүмкіндігі бар. Іс-шараны «Отбасы банктің» қалалық филиалы ұйымдастырып отыр. Келушілер таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін банк клиенттері жәрмеңкеде ұсынған үйлермен танысады.

—Бүгінгі жәрмеңкеге «Отбасы банкімен» бірге Шымкент қаласындағы құрылыс саласындағы 20 компания қатысып жатыр. Жәрмеңкеде біздің қаламызда үйлер мен қандай кластағы ғимараттар салынып жатқаны, олардың бағасы, қалай алуға болатыны туралы толыққанды мәлімет алатын алаң ұсынылуда. Әр компания өкілдері қала тұрғындарымен жеке жұмыс істеп, кеңес беруде, — деді «Отбасы банктің» сату бөлімінің басшы Ақерке Үйсінбаева.

Жәрмеңкеге тұрғын үй саласындағы жетекші компаниялар қатысып жатыр.

Мұнда келуші азаматтар әр алуан ұсыныстардың ішінен өзіне оңтайлы нысандарды таңдап, жылжымайтын мүлікті сатып алу тәртібі бойынша банк кеңесшілерінен жан-жақты ақпарат алып, ең тиімді төлем жолдарын есептете алады. Іс-шараға қатысушылар жәрмеңке барысында несиеге алдын ала мақұлдау қызметін қолданып, заем алу туралы келісімін сол жерде-ақ жасауға болады.

— Қазіргі уақытта 200 мыңға жуық шымкенттік тұрғын үй алу үшін «Отбасы банкінде» депозит жинап жатыр. 2023 жылдың басынан бері 15 мыңнан астам азамат дәл осы мақсатпен жаңа салым ашқан. Отбасы банкінің жинақ шоттарына деген мұндай сұраныс несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің төмен болуымен түсіндіріледі. Банк клиенттері бастапқы жарнаны өз шоттарында жинақтай отырып, кейін 3,5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй сатып ала алады. 2023 жылдың басынан бері 2 567 шымкенттік отбасы осы мүмкіндік арқылы қоныс тойын тойлады, — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Банк мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруға да белсенді атсалысуда. Осылайша, Шымкентте «2-10-20» бағдарламасы бойынша 204 отбасы қолжетімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңке барысында баспана таңдап, заем рәсімдеген қала тұрғындарына компания өкілдері 5-15 пайыз аралығында жеңілдіктер мен бонустар ұсынбақ.

ШЫМКЕНТ: ҚР МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлының кезекті кездесуі Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында өтті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Б.Төлегенов, Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Б.Ержаппар, полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі басты назарды талап етеді. Шымкент қаласында қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қауіпін төмендету бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Осы орайда, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарлама ең алдымен қаланың орталық көшелерінде жүзеге асырылып, кейіннен елді мекендер мен ішкі орамдық жолдарда жалғасын тапты. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын реттеуде бейнебақылау камераларының көмегі айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.

Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығына жалпы 11 211 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Қаланың көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеуге көмектеседі. «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3318 бейнебақылау камерасы орнатылса, «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы ҚПД ЖБО-на біріктірілді. Сонымен қатар, жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтары, базарлар және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 2023 жылдың 7 айында бейнебақылау камераның көмегімен 293 қылмыс ашылып, 33 602 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Полиция департаменті Жедел басқару орталығының жұмысына біршама сын-пікірлер айтып, ол мәселелерді жүйелі шешу бойынша ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, мопедтер мен электр скутерлерінің жол қозғалысына тигізіп жатқан зардаптарын алға тартып, ҚПД ЖБО тарапынан осы бағытта шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы коммуналдық мекеме жұмысшыларының жүк тасымалдайтын көліктермен қатынауына қатаң тиым салып, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қадағалау керектігін айтты. Бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс сапасын көтеруді міндеттеді.

– Жедел басқару орталығын қаланың көзі, құлағы десек те болады. Мен қаланың тұрғыны ретінде біршама кемшіліктерді алға тарттым. Қалада бейнебақылау камералары, дабыл бастырмасы жұмыс істейді. Алайда бұл мәселеде камералардың саны емес, сапасы мен төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындығы маңызды және халықпен профилактикалық жұмыстардың жүйелі жасалынуында,– дейді Болатбек Нажметдинұлы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Александр Попов айтылған сын-ескертпе бойынша шаралар жасалатынын, жұмыс тиімділігін арттыру үшін әлі де қызметкерлердің жетіспейтінін алға тартты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылы 1500 дана бейнекамера орнату көзделген. Орнатылатын бір жарым мың камераның 500-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 2024 жылға 2000 дана бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

ҚАЛА ӘКІМІ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ЖОЛДАРЫН ҚАУІПСІЗ ЕТУДЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР ҰСЫНУДЫ ТАПСЫРДЫ

Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметінің мәліметінше,  қала әкімі М. Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бүгінде қала аумағында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ретсіз орналасқан базарлардың айналасында автотұрақ, аяқжол, жол белгілері және жол таңбалары, темір жол қоршаулары орнатылып ретке келтірілді.

Сонымен қатар қауіпсіздікті қамту үшін көшелерде 2235 жол белгісі орнатылып, 302 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. 48 көшеге пластикалық жол таңбасы және 24 көшеге бояудан жол таңбасы сызылды. Мектептер маңында 146 орында жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту жұмыстары атқарылуда.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Абай, Тұран, Әл-Фараби, Еңбекші ауданы, Қаратау аудандарында шұңқыр жолдар жамалды. №45 мектеп маңына және көше қиылыстарында бағдаршам орнатылды. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес Шығыс айналма жолына 2 бағдаршам және А-2 айналма жолына 3 бағдаршам орнатылады.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға халық көп шоғырланатын аумақтардағы жол қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ «Колос» базары аумағындағы қолайсыздықтарды жойып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейту бойынша нақты ұсыныстар дайындау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ сала мамандарына қала аумағында жолдардың қауіпсіздігіне талдау жасап, әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып, жеке жобалар ұсыну бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде мегаполис жолдарын жүргізушілерге де жаяу жүргіншілерге қауіпсіз ету көзделуде.

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЛҒАН ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.

Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген.

Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті.

Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады.

Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтау барысында Әл-Фараби, Тұран ауданы және Еңбекші ауданы аумағындағы жауапты мекемелердің базасын аралап, олардың техникалық қызметіндегі сапасын қадағалады.

Әл-Фараби ауданына қарасты «Таза өлке» ЖШС-інің базасында қазір 66 қар күреу техникалары іске жарап тұр. Аталған аудан бойынша қар тазалау жұмыстары 5 бағытқа бөлінген.

Ал Тұран ауданы бойынша тазалау жұмыстары 4 бағытта атқарылады. Сонымен қатар мұнда 68 арнайы техника дайындалған, жауапты мердігер мекеме «ШымкентСпецКомплек» ЖШС-і мамандары болса, Еңбекші ауданына жауапты «Группа Интекс» ЖШС-і.

Сонымен қысқы маусымдағы тазалау жұмыстары бойынша қалада 450-ге жуық көлік техникасы жұмылдырылады. Айта кетейік, қысқы кезеңге дайындық жұмыстары бойынша бес ауданда ситуациялық сызба әзірленген.

 

 

 

Осы RSS каналға жазылу