Super User

Super User

ШЫМКЕНТ: ШАҺАР ТАЗАЛЫҒЫ ҮШІН ТҰРҒЫНДАР ТӨЛЕМ ЖҮРГІЗУІ ҚАЖЕТ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарды тазалау, күтіп ұстау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал, тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне төлеуге міндеттелген.

Алайда, тазалық шараларына жұмылдырылған компанияларға кей тұрғындардың абоненттік төлемдер жасауға келгенде жалтаратыны байқалады. Жылдар бойына қордаланған қарыз тазалық шараларын тиісті ережелерге сай атқаруда кедергісін келтіруде. Статистикалық мәліметтер қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардың барлығының да қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын компаниялармен келісім шарт жасасқанын көрсетіп отыр. Алайда, жергілікті аудан әкімдіктері мен компания өкілдері халық арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп отырғанмен, бұл қызметке төлем уақытылы төленбейді.

*Абай ауданы бойынша берешегі көп тұрғын үйлер:

- Тұрлан шағын ауданындағы Есенов көшесіндегі №636, №637, №638 үйлер. Тұрғындардың 62 пайызы төлемеген. Берешегі - 1 458 000 теңге. - Қызылжар тұрғын алабындағы Фабричиный көшесіндегі №14 үй. Тұрғындардың 61 пайызы төлемеген. Берешегі - 462 мың теңге.

*Еңбекші ауданы бойынша берешегі көп тұрғын үйлер:

- Елшібек батыр көшесіндегі №114 үй. Тұрғындардың 70 пайызы төлемеген. Берешегі - 303 775 теңге.

- Елшібек батыр көшесіндегі №116 А 80 үй. Тұрғындардың 40% пайызы төлемеген. Берешегі - 183 794 теңге.

*Қаратау ауданы бойынша берешегі көп тұрғын үйлер:

- Нұрсат шағынауданындағы №135а, №125,127,130,134а №135б,№221, №23, 164,167,197,204,216,217 үйлер. Тұрғындардың 35-40 пайызы төлемеген. Берешегі 5 258 485 теңге.

Әл Фараби ауданы бойынша берешегі көп тұрғын үйлер:

- Нұрсат-1 шағынауданындағы №125,127,130,134А,135А,135Б,135В,164,167,197,204,216,217,218,221,238,94 үйлер. Берешегі 5 258 485 теңге.

Тұран шағынауданындағы №9/4,9/6,21А,21Г,21/6,21/8,21/9,979/11,979/15,979/16,979/17,979/18,979/9 үйлер. Берешегі - 2 469 789 теңге.

ШЫМКЕНТ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Онлайн платформаларды және білім саласындағы өзге де цифрлық технологияларды белсенді пайдалану бойынша Шымкент қаласы Жамбыл және Ақмола облыстарымен бірге республикада алдыңғы қатарда келеді.

Елімізде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы республикалық тамыз кеңесінің аясында Шымкент қаласында өткен жиын барысында оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов осылай деп мәлімдеді.

Айта кетейік, республикалық тамыз кеңесінің Астана қаласында өткен пленарлық отырысыында Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрі білім саласындағы жетістіктер мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтар жөнінде кең ауқымды баяндама жасады.

Мұнан кейін тамыз кеңесі республиканың 20 өңірінің әрқайсысында әртүрлі тақырыптар бойынша жалғасын тапты. Шымкент қаласындағы жиын білім беру ісіне цифрлық технологияларды енгізу, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелеріне арналды. Тамыз кеңесін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүргізіп отырды.

Қала әкімі аталған іс-шараның секциялық отырысында білім саласын цифрландыру бойынша 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі өтіп, осы тақырыптағы маңызды мәселелер қозғалған баяндамалар жасалғанын атап өтіп, бұл технологиялардың білім сапасына оң әсер ететініне сенім білдірді.

М.Әйтенов, әсіресе, білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың үлкен маңызға ие екеніне тоқталып өтті.

–Осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қаласында білім саласына қатысты арыз-шағымдар өте көп түсетін еді. Осыған байланысты біз білім саласындағы сыбайластық қаупін азайту, педагог кадрларды іріктеудің ашық әрі әділетті жүйесін қалыптастыру және білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыру мақсатында Hr-process деген арнайы жобаны жүзеге асырдық. Осының нәтижесінде бүгінде білім саласында тәртіп орнап, арыз-шағымдар мен наразылықтар азайды. Шымкент қаласының осынау үздік тәжірибесі бүгінде бүкіл республикаға таратылып жатыр, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жиында еліміздің оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов білім саласын цифрландыру үрдісі жайлы баяндама жасап, Шымкент қаласының бұл бағыт бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында барлық салаларды цифрландырудың маңызына тоқталып өткен болатын. Соған сәйкес, білім саласында цифрлық мазмұнға қол жеткізу үшін оқытудың цифрлық платформалары жасалды. Бұл жұмысты құқықтық тұрғыда реттеу үшін министрдің арнайы бұйрығы жарық көрді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздің 7 мыңнан астам мектебінде онлайн платформалар мен цифрлы оқулықтар пайдаланылып келеді. Онлайн платформаларды және өзге де цифрлық технологияларды белсенді пайдалану бойынша Шымкент қаласы Жамбыл және Ақмола облыстарымен бірге республикада алдыңғы қатарда келеді, – деді Айбат Болатұлы.

Айта кетейік, тамыз кеңесінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин және өзгелер білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.

ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ БІЛІМДЕРІН СЫНАДЫ

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Конституция күніне арналған «IQ ZHASTAR» қалалық интеллектуалдық сайысы басталды. Аталған жобаға қаланың белсенді жастары, блогерлер, жас журналистер, жайдарманшылар, жас ғалымдар, оқу орнының үздіктері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, кәсіпкерлерден құралған жалпы 16 команда қатысуда.

Жастарды білімге, оқуға құлшынысын және бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатында қолға алынған ойын екі күнге яғни, 25-26 тамызға жоспарланған.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов дарындылар сайысына қатысушыларға сәттілік тілеп, көпшілікті мемлекеттік мереке ҚР Конституциясы күнімен құттықтады.

– 16 тамыз күні қала әкімінің төрағалығымен жастар кеңесі өткен еді. Сол жиында жастар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Қала әкімі жастардың ұсынысын қолдау бойынша басқармаға тапсырма берді. Осыған орай жастардың зияткерлік әлеуетін арттыра отырып, жаңа орта табуға көмектесу мақсатында интеллектуалды сайыс жүзеге асып отыр. Бұл сайыс білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды дайындайтын, жастарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба. Баршаңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтай отырып, жоба қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Интеллектуалды ойынға қатысушылар негізінен, Шымкент қаласының 14 пен 35 жас аралығындағы жастары. Бүгін 1\8 кезең және ширек финал ойындары, екінші күні жартылай финалдық ойындар өтеді. Атап айтқанда, жобада «Тұран», А.Асқаров командасы, «Ордабасы», Әуезов құрамасы, «Жалын», «Ақиқат», «Абадан» сынды командалар бақ сынап жатыр. Қатысушылар барлық саладан жиналған. Жобаға арнайы телевизиялық түсірілім арқылы көрерменге ұсынылатын болады.

Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма атынан диломдар мен бағалы сыйлықтар (ноутбук, планшет, смартфон) табыс етіледі. Сонымен қатар, 2 айналымға өткен қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (планшеттер) беріледі.

Интеллектуалды ойынды ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың 80 пайызы логикалық сұрақтардан тұрады. Ойынның шарты бойынша, сахнаға 2 команда шығады. Тапқырлық танытып, жеңімпаз болғаны келесі кезеңге жолдама алады. Бұған дейін аталған сайыс қалада екі рет ұйымдастырылды.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 3 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

Қаратау ауданы аумағында орналасқан Нұртас, Таскен, Тұран-2 елді мекендерінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында білім ұяларының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған білім орындары 2024 жылы пайдалануға беріледі. Бұл туралы баспасөз брифингінде аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов баяндады.

–Ауданы аумағында 48 мектеп, 69 балабақша орналасқан. Жаңа шағынаудандарда салынып жатқан мектептердің құрылысы қарқынды жүруде.«Жайлы мектептер» келер жылы пайдалануға берілетін болады. Ал, жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша 447 көпқабатты тұрғын үйлерге аудан әкімі аппараты тарапынан «Қуатжылу орталық-3» мекемесімен бірлесіп сығымдау жұмыстарын жүргізуге іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, Қаратау ауданындағы жылу алатын көпқабатты тұрғын үйлерге сығымдау жұмыстарын 8 қызмет көрсетуші мекеме атқаруда. Қызмет көрсетуші мекемелер 12 арнайы бригадамен сығымдау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда, аудан аумағындағы 447 көпқабатты тұрғын үйден 235 үйге сығымдау жұмыстары атқарылған. Қалған 212 көп қабатты тұрғын үй бекітілген жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 15-не дейін өтетін болады, –деді аудан әкімі.

Ал аумақтағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқаруда. Сондай-ақ, 2023 жылы аудан тұрғындарының қатысуымен орталық көшелердің бойына және көпқабатты үй аулаларына 5 000 түп ағаш көшеті отырғызылған. 2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісімшарт түзу көрсеткіші – 99 пайызды құраған. Аудан әкімі бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар атқарып жатқандығын атап өтті.

Айта кетейік, Қаратау ауданында 5 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмектің оң қорытындысын алған. Аудан әкімі аппараты тарапынаны 1070 отбасыға азық-түлік және т.б. көмек көрсетіліпті.

Осы RSS каналға жазылу