Super User

Super User

ТӘЖІКСТАННАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ ШЫМКЕНТ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкентте Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері өтіп жатыр. Таңертең «Көрме» орталығында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ұлттық өнер көрмесі, ал Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ауыл шаруашылығы және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.

Бауырлас елден келген делегация 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының тарихымен де танысты. «Шымқала» тарихи - мәдени кешеніне Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Хакимзода Курбон бастаған делегация келді.

Қонақтарға қала әкімі Мұрат Әйтенов жылы лебізін білдіріп, меймандостық танытты. Делегация құрамында Носирзода Жабор - Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Сафарда Бахтиёр - Индустрия жане жаңа технологиялар министрінің орынбасары, Холмация Рустам - Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Туризмді дамыту комитетінің орынбасары бар.

Қонақтарға экскурсияда тарихи және мәдени ескерткіштер, қазақтың қолөнершілер ауылында ұлттық бұйымдар мен тағамдар таныстырылып, гид-экскурсоводтар археологиялық қазба орындардың терең тарихынан хабардар етті.

— Шымкент қаласы өте қонақжай және халқы еңбекқор екен. Бүгінгі көрме-жәрмекеде бізді жылы қабылдады. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан іс-шара ертең де жалғасады. Барша шымкенттіктерді өнерпаздарымыздың концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырамыз. Екі елдің достығы нығая берсін, — деді Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің өкілі Файзиахмад Амонов.

Кездесуде қонақтарға елімізге белгілі қолөнер шебері Болат Бейсбековтің қолынан шыққан туындылар табысталды.

Ертең Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының мәдени күндері аясында бауырлас елдің өнер және мәдениет жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш «Түркістан» сарайында өтеді.

ШЫМКЕНТТЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен бүгінгі жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатыстырылды. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды.

Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері.

Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы мен "Тең қоғам" орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді.

Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды.

Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген.

«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, ақпараттық-консультациялық көмектер, құқықтық және психологиялық кеңестер береді.

Инватакси және әлеуметтік такси қызметі бойынша өтінімдерді қабылдайды.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл 1 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олар әлеуметтік жұмыс орындары, атап айтқанда жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасымен орналасты. Сонымен қатар 737 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданып, 35 азамат жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант бойынша комиссияның қорытындысымен оң шешім алған.

ШЫМКЕНТ: ЖАСТАР САЯСАТЫ АЗАМАТТЫҚ ФОРУМНЫҢ БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫ

Бүгін Шымкентте «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» тақырыбында өңірлік форум өтуде. Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ.Қыдырәлі, қала әкімі М. Әйтенов арнайы қатысып, азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңын ашып берді.

Азаматтық қоғамды дамыту мен қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінде бұл сектордың рөлін арттыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мән беріп отыр.

Президент тапсырмасы аясында қазіргі таңда, қалада азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейіп келеді. Бүгінде қала аумағында 550-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Әкімдік тарапынан ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.

“Азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық, біз бен сіз және қоғамда өзіндік орны бар үкіметтік емес ұйымдар. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің дамуында ықпалы орасан зор. Қазақстан зайырлы, өркениетке бет алған мемлекет. Сондықтан да халықтың үніне құлақ асады. Жалпы билік қашан да халықтың үніне құлақ асса, онда қоғамда өзара түсіністік орнайды, басты құндылығымыз - ынтымақ, бірлігіміз арта түседі» - деді қала әкімі.

Форумның алғашқы бөлімінде сарапшы спикерлер сөз сөйлеп, биліктің өзара серіктесі, қоғамның қозғаушы күшіне айналған азаматтық қауымдастық өкілдерінің атқарған жұмыстарын талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі саланың үздіктерін арнайы марапаттады. Форумның екінші бөлімінде азаматтық қоғам белсенділерінің диалог алаңында жастар саясаты және көші-қон процестерінің теріс салдарын жою тетіктері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, патриотизм сезімін нығайту тақырыптарында жарыссөздер өтеді.

ШЫМКЕНТТЕ "2-10-20 БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ" БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАҢА ӘДІСПЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

2023 жылдың 15 тамызынан бастап, Бақытты отбасы бағдарламасы жаңа әдіспен жүзеге асырылады. Сондай ақ 10%-дан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% (ЖТСМ 2%) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% -дан бастап) қолжетімді несие алуға өтініш бере алады:

1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп

отырған отбасылар;

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4. Көп балалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар.

Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей бағдарлама қатысушымен жасалатын болады.

Егер 1 және 2 топтағы мүгедек еңбекке жарамсыз болса, өкінішке орай ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды.

Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады.

Енді зағип жандар кепілгер ретінде туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады.

Өтінімдер otbasybank.kz сайтында жарияланады.

2022 жылғы жылдан бері жеңілдетілген заем ала алмай жүрген «Бақытты отбасы» бағыты қатысушыларының өтініштері 2023 жылдың 15 тамызында жойылатын болады. Бұл ережеге «Толық емес отбасы» санатына жататын, сондай-ақ белгілі бір нысанға өтініш беріп, қазір заем алу барысында тұрған азаматтар ғана бағынбайды.

Осы RSS каналға жазылу