Сенбі, 21 Қыркүйек 2024 15:16

Шаһар тазалығына әр шымкенттік жауапты

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты «Нұрсәт» шағын ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» акциясына бұл жолы тек тұрғындар ғана қатысқан. Олар 110-118 көп қабатты үйлердің маңын тазалап, балалар ойын алаңшаларындағы кемшіліктерді ретке келтірді.

 

Ұйымшылдық танытқан тұрғындар бұл істі әдетке айналдырғандарын айтады.

– Қазір жастар тәртіпті. Зиянды әдеттерге әуес емес. Көбі білім жолында, енді бірі спортқа жақын. Осы балалар, кейде аулаларды тазалап, қоқыстарды шығарып жүреді. Үлкендер жағы кіші буынға айтса, үлгі болып көрсетсе кез-келген жас оны ары қарай алып кетеді. Бүгінгі жиынға немерді де алып шықтым. Өйткені, бала ұяда не көрсе ұшқанда осны іледі дейді,-дейді зейнеткер Сәуле Жаппарқұлова.

Акцияға 5 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде «Нұрсәт» шағын ауданының жалпы көп қабатты үйлерінің маңы тазаланып, күл-қоқыстар шығарылды.

 «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.

Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқылды 59 рет