Аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Ажедин күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Шымкент қаласының әуежайы стратегиялық нысан болғандықтан, мұнда тазалықты сақтау, қаланың көркін арттырудың маңызы зор. Қалаға келетін қонақтар да жақсы әсер алу үшін аталған аумақта тазалыққа ерекше көңіл бөлу қажет.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы Асар шағынауданында да тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.
Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.