Сейсенбі, 03 Маусым 2025 21:30

Созақ ауданының әкімі ішкі көшелердегі құрылыс жұмыстарымен танысты

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылында атқарылып жатқан абаттандыру және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ішкі көшелерді кешенді дамыту бағытындағы жұмыстардың сапасын бақылауға алып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен С. Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдары, көше жарықшамдары, жол жиегіне қойылып жатқан тастар (бордюрлер) мен бетоннан құйылған арықтарды (латок) жаңарту жұмыстарының жай-күйін көріп шықты.  Сонымен қатар, аудан орталығындағы мәдениет саласының маңызды нысандарының бірі — жаңадан бой көтеріп жатқан аудандық кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен танысты.

Сапар барысында Жеткіншек мөлтек ауданында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ демеушілігімен салынып жатқан 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысын көрді. Бұл үйлерде барлығы 16 пәтер орналаспақ. Сондай-ақ, әрқайсысында 8 пәтерден тұратын тағы 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аудан басшысы осы құрылыс алаңдарында да болып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қатысты қатаң талаптарды сақтауды тапсырды.

«Жасыл белдеу» аумағында егілген көшеттердің күтімі мен сақталуы да назарға алынды. Айта кетейік, С. Қожанов көшесінде – Шымкент бағытындағы кіреберіс Ерімбетов көшесінен бастап, «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 7 шақырымдық аумақта үлкен жолдың екі жағынан аяқ жол салынуда. Бұл аймаққа:

• 235 дана жарықшам,

• 4 аялдама,

• 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылатын болады.

Оған қоса, үлкен жол бойына 352 дана көше жарықшамдары орнатылып, көшенің көркем келбетіне ерекше көңіл бөлінуде. Жібек жолы көшесіне келер болсақ, Түркістан бағытындағы айналма жолдан «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырымдық аумақта екі жақты аяқ жол салынуда. Сонымен бірге:

• 2,5 шақырым латоктар жаңартылады;

• Ш. Оқшиев көшесінен бастап айналма жолға дейін 1,5 шақырымдық велосипед жолы салынады;

• Көше бойына жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады.

Бұл жұмыстар Шолаққорған ауылының инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 51 рет