Дүйсенбі, 02 Маусым 2025 15:24

Созақ ауданы: балалардың мерекесі кең көлемде аталып өтті

Бүгін Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара кең көлемде ұйымдастырылды. Ауыл орталығындағы «Астана» саябағы мерекеге орай сән-салтанатпен безендіріліп, шараға 1000-ға жуық балдырғандар мен ата-аналар белсене қатысты.

Мерекелік жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша білім және спорт салаларында облыстық, республикалық деңгейде жетістікке жеткен оқушылар мен сала мамандарын марапаттады. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы ашық аспан астында өткен балалардың сурет салу байқауымен ашылды. Бұдан кейін бүлдіршіндер топтық эстафеталық жарыстарға, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, өзара бақ сынасты.

Іс-шара барысында кәсіпкерлердің демеушілігімен 1000-ға жуық балаға балмұздақ таратылып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Балаларға фастфуд өнімдері мен түрлі тәттілер үлестірілді. Қуыршақтар шеруі мен ойын-сауық алаңдары бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, дәстүрлі әндер шырқалып, мереке аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мерекелік шара кешкі сағат 20:00-де «Бақытты бала — Бақытты ел» атты концерттік бағдарламаға ұласады.

Сондай-ақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Жартытөбе ауылында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, баскетбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және «Street workout» спорттық жаттығу алаңы ел игілігіне ұсынылды. Аталған нысандар өткен жылы облыс көлемінде өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауы нәтижесінде Жартытөбе ауылының жүлделі орынға ие болуына байланысты облыстық бюджет есебінен салынды. Бұл бастама ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын мерекемен және жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Сондай-ақ ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен айтып өтті.  Шара барысында ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әшімхан Тәпі сөз сөйлеп, ел игілігі жолындағы бастамаларға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірсе, ауыл қариясы Балтабай Аймұрзаев ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Жаңа нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет