Сапар барысында алдымен Байтоғай ауылына аялдаған әкім тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл халқы тарапынан ішкі жолдарды жөндеу, түнгі жарықтандыру жүйесін орнату, ауыз су мен егістік жерге қатысты түйткілдер көтерілді. Бұл мәселелердің барлығы әкімдік назарында екендігін жеткізген Қайсар Зәкірұлы, бүгінде арнайы жоспар әзірленіп, кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын айтты.
Атап айтқанда, биыл Байтоғай ауылында ауыз су жүйесіне жаңа су сорғылары орнатылмақ. Сонымен қатар, ауылішілік көшелерге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарға енгізілген. Бұдан бөлек, Қожатоғай мен Байтоғай елді мекендерін жалғайтын аудандық маңызы бар жол бойына ағын судың өту мүмкіндігін арттыру мақсатында арнайы тюбинг орнату көзделіп отыр. Бұл жұмыстар – тұрғындардың ұсынысымен қолға алынған игі істердің нәтижесі.
Сапар барысында қала әкімі биыл мектеп бітіргеніне 40 жыл толған ауыл түлектерінің Байтоғайға тарту еткен саябағымен де танысты. Ауыл ақсақалдарымен бірге серуендеп, көріктендірілген демалыс орнына жоғары бағасын берді. Елге жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен түлектерге алғысын білдіріп, бұл бастама көпке өнеге болатынын айтты.
Сапардың келесі бағыты – Шағыр елді мекені болды. Мұндағы тұрғындар да ауыз су мәселесі, ауылішілік жолдардың сапасы және түнгі жарықтандыруға қатысты өтініштерін жеткізді. Қала басшысы аталған мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен, нақты жоспар және бюджет мүмкіндігіне қарай шешімін табатынын айтты.
Ауыл тұрғындарымен жүздескен Қайсар Маңқараев елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты назарда екенін атап өтті.