Сейсенбі, 03 Маусым 2025 17:24

Түркістан: Келес ауданында ірі ауыз су жобасы басталды

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты арнайы жиын өткізді.

Жиында елді мекендердегі сумен жабдықтау мәселелері талқыланып, өзекті түйткілдер мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл халықтың ауыз сумен қамтылу деңгейінің 88,4 пайызға жеткенін көрсетеді. Дегенмен, 19 елді мекенде ауыз су жүйесі әлі толық жүргізілмеген.

Қазіргі уақытта аталған 19 елді мекеннің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Олар, Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту, Ақжар елді мекендері.

Жиын барысында аудан әкімі әрбір елді мекендегі жұмыстардың барысына тоқталып, мердігерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.

— Таза ауыз су – бұл тұрғындардың ең басты қажеттілігінің бірі. Әрбір ауылдың ауыз сумен қамтылуы – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе. Жұмыстың сапасы, мерзімі және тиімділігі нақты бақылауда болады, – деді Жәнібек Ағыбаев.

Жаз мезгілінде ауыз су тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылындағы кейбір мөлтек аудандарда судың тапшылығы байқалды. Бұл мәселені уақытша шешу мақсатында су тасушы көліктер арқылы ауыз су тасымалдау кестесі бекітіліп, тұрғындарға жүйелі түрде жеткізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, толықтай іске қосылды. Қазіргі таңда тұрғындар сол нүктелерден қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін пайдалана алады.

Аудан бойынша ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған ірі жоба — «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» қолға алынды. Жобаны «МПК Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеуде.

Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар жерге 20 000 текше метрлік су қоймасын және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумаққа 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланған.

Су көзі ретінде Өзбекстаннан келетін «Зах» каналы пайдаланылады. Осы канал арқылы магистралды құбыр тазартылады және Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округтің тұрғындары тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – 25 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба.

Оқылды 2 рет