Дүйсенбі, 30 Маусым 2025 15:36

Түркістан: Саурандықтар экоакцияға шықты

Сауран ауданында «Заң мен тәртіп апталығы» шеңберінде бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Табиғатқа қамқорлық жасау» күні аталып өтті. Бастама аясында Оранғай ауылдық округінде экологиялық тазалық шарасы өтті.

Аталған шараны аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе ұйымдастырып, жергілікті тұрғындар мен жастар, еңбек ұжымдары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер атсалысты. Сенбілікке 100-ге жуық адам қатысып, 7 бірлік арнайы техника тартылды. Қарашық өзенінің 7 шақырымдық жағалауы тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай арнайы қатысып, жиналған тұрғындарға өзінің алғысын білдірді. Ол өз сөзінде табиғатты сақтау – ел болашағына деген қамқорлық екенін атап өтіп, барлық қатысушыларды осындай игі бастамаларға белсене араласуға шақырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі тазалық акциясы – сол бағыттағы қадамның бірі. Мұндай шаралар елдің бірлігін, қоғамның белсенділігін, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсетеді. Сондықтан әрбір азаматтың мұндай бастамаларға үлес қосуы – аса маңызды», – деді Әлімжан Сихымбай.

Оқылды 24 рет