Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Облыс әкімі жұмысты тиісті деңгейде атқармаған аудан, қала басшыларына ескерту беріп, тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Президент тапсырмасын тиісті деңгейде орындамаған, сапасыз атқарған тұлғаларға шара көріледі. Бұл бағдарлама тек сенбілікпен шектелмеуі керек. Формальді есеп қажет емес. Тазалық іс-шараларын сапалы жүргізіп, тұрақты жалғастырыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өңірде апталық сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дегенмен, кейбір аудандар мен қалаларда халықты ақпараттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, еріктілер мен кәсіпкерлерді тарту, азаматтық белсенділікті дамыту бағыттарындағы жұмыстар тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отыр. Мәжілісте осы мәселелерге назар аудару жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге аймақтағы жағажай иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын бұзған жағдайда, айыппұл салу тапсырылды. Демалыс аумақтарында қоқыс контейнерлерін көбейтіп, тазалық ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар, ескертпе белгілер мен баннерлер орнату мәселесі де көтерілді. Демалыс аймақтарында жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, бейнебақылау камераларын орнату міндеттері жүктелді.
Биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 13 757 хаттама толтырылған. Жалпы 328,4 млн. теңгеге айыппұл салынып,181,2 млн. теңге өндірілді. Алайда ауылдық округтерде бей-берекет қоқыс жиналуы мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Облыстағы демалыс аумақтарында рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде, 184 заңсыз күл-қоқыс орны анықталды. Заңсыздықтар, әсіресе, Түркістан және Кентау қалалары мен Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында тіркелген.
Жол картасында бекітілген іс-шаралардың сапалы орындалуы бақылауда болады.