Бейсенбі, 26 Шілде 2018 12:02

Шымкент жылыту маусымына дайындықты бастады

Қазірдің өзінде көпқабатты 372 тұрғын үй қысқа дайын. Әйткенмен бұл шаһардағы үйлердің әзірге 18 пайызы ғана. Ал қалада 1 мың 848 үй бар болса, соның 1 мың 200-ін қысқа дайындау мүмкін болмай отырғанын айтады қалаға жылу таратушы мекемесі. Бұл туралы AQ-QARA.KZ хабарлады 24.kz-ке сілтеме жасап

Себебі бұл баспаналардың иелері құбырларды жаңарту бойынша ешқандай қызмет көрсету орталықтарымен келісімге келмеген. Ал қыстың көзі қырауда құбырдан ақау табылып, жылу болмағанда, дабыл қағары анық. Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі және ішкі орамдық жылу жүйелерін сығымдау жұмыстары әлдеқашан аяқталған. Жылумен қамту желілерінен 167 ақау анықталып, бүгінгі күнге дейін оның 49-ы қалпына келтіріліпті. Коммуналдық шаруашылық саласы мамандарының сөзіне сенсек, биыл жұмыстар жоспарлы уақытта аяқталып, тұрғындар қыста жылу тапшылығын сезінбейтін көрінеді.

«Жылуға дайындық қыркүйектің 15-20 аралығында бітуі керек. Ауа райына байланысты жылу маусымы әкімнің өкімімен беріле береді» дейді «Қуат жылу орталық-3» КММ бөлім басшысыАсқар Бөлешев.

Жылуға дайындық жұмыстары тек көпқабатты үйлерде ғана емес, бюджеттік ұйым мекемелерінде де жүргізілуде. Мәселен, шаһардағы 364 нысанның 146-сы, яғни, 40% жылумен қамтамасыз етілген. Ал кәріз, жылу жүйелері тозған 1200 тұрғын үйдің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл жөнінде Асқар Бөлешев былай дейді: «Көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекемелер тек қана 800 үйді қамтамасыз етіп жатыр. Атап айтқанда, 1200 үй қараусыз қалып жатыр. Айта кететін мәселе, сол үйлерді әкімдік тарапынан ықпал беріп, жылыту маусымына іргелі жүргізсе, жұмыстар атқарылар еді.

«Өңірге қатты отын жеткізу жұмыстары да жолға қойылған», – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның жүк тасымалына жауапты Шымкент бөлімшесіндегілер. Биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласында көмір отынын пайдалану шамамен 1 миллион 300 тоннаны құрайды. Қазір облыс пен республикалық маңызы бар қалаға 500 мың тоннадан астамы жеткізілген. «Ал жүк тасуда ешқандай қиындық болмайды», – дейді теміржолшылар.

Бұл жөнінде ҚТЖ «Жүк тасымалы» АҚ «ЖТ» «Шымкент бөлімшесі» филиалының бас инженеріӘбілқасым Айдаров былай деп отыр:«Көмірдің 510 мың тоннасы қазіргі таңда тасымалданды. Мемлекеттік мекемелердің жоспары бойынша 177 мың тонна. Ал коммуналдық шаруашылық мекемелердің жоспары бойынша 106 мың тонна».

Шымкентте құбырларды тоттан сақтайтын бірегей технология пилотты режимде енгізілмек. Электролитикалық құрылғы тот басқан құбырларды ауыстырмай-ақ тоқтата алады. Әрі жылу энергиясының сапасын арттырып қана қоймай, құбырларды пайдалану мерзімін де ұзарта алатын көрінеді. Егер шетелдік тауар көңілден шықса, алдағы уақытта қолданысқа енгізілмек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 987 рет