29 қазанда Түркістан қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия Кубогы өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық спортты дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі турнирге Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысады.
Кубок «командалық бетпе-бет» олимпиадалық жүйесі бойынша өтеді.
Балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90 келіге дейін және 90 келіден ауыр салмақ арасында белдесетін болады.
Айта кетейік, аталған жарыс тікелей эфирде Qazsport пен TRT Avaz телеарналарынан көрсетіледі.
“Amazing Turkistan” қосымшасы жаңа бөлімдермен толығып жатыр. Қосымша арқылы қолданушылар әуе рейстері мен пойыз кестесін біле алады.
Сонымен қатар, қосымша енді түрік тілінде де ақпарат береді. Бұған дейін қазақ, орыс және ағылшын тілінде ақпарат беріп келген жүйені бүгінгі күнге дейін 80 мыңға жуық адам жүктеп алған.
Мұнда келушілер үшін онлайн гид, такси, дүкен, дәріхана, Халық қатысатын бюджет, мейрамханалар, қонақ үйлер, такси бөлімдері жүйелі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, “109 – Бірыңғай байланыс орталығына” да аталған қосымша арқылы сауал жолдауға болады.
Алдағы уақытта жүйеге тұрғындар жайлылығы үшін біршама бөлімдер енгізіп, толықтыру жоспарлануда.
Бүгін «Farab» кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы оқырманға жол тартты.
Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақтың терме өнеріне арналған бұл еңбек ұстаздарға, музыка мектептері оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді жанына серік еткен барша қауымға арналып отыр.
Бұл жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов, Қасқырбай Серікбаев (Қасқыр ақын), Ағман Сабырханов, Жиенбек Шырынбеков, Әбдінәсір Әбдірайымов сияқты ақындардың сөздеріне мақам шығарып, ел ішінде орындап жүрген жыршы-термеші Тәшман Шекеров, Ергешбай Жұмабаев, Бауыржан Бекахметов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев т.б. орындаушылардың нотаға түсірілген мақамдары енгізілген.
Айта кетейік, кітап заманауи ІТ-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ерекшелігі сол, жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.
ШЫМКЕНТ: «МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ»
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Орманшы тұрғын алабының тұрғындарымен және №74 мектеп қызметкерлерімен кездесті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім беру мәселесіне басымдық берген. Әсіресе, орта білімнің сапасын арттыру жайына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы әр оқушы білім алып, жан-жақты даму үшін жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Сондықтан да жаңа мектеп құрылысы — күн тәртібіндегі маңызды мәселе.
AMANAT партиясының өкілдері басқосу барысында Жолдаудағы басым бағыттарды айта келе, ондағы тапсырмалардың орындалу барысын, Ата заңдағы өзгерістерді баяндады.
AMANAT партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ә.Рахманұлы 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатынын ерекше атап өтті.
— Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды тапсырды. Бұл «Ұлттық қор — балаларға» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаражатты пайдалана алмайды. Бала кәселеттік жасқа толған соң, жиналған қаржыны білім немесе баспана алуға жұмсай алады. Яғни, бұл өскелең ұрпақтың жетіліп, дамуына және үлкен өмірге нық қадам басуына септігін тигізбек, - деді ол.
Ал, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жадыра Таңатарова балабақша, мектеп мәселесіне тоқталды.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда Оңтүстік өңір үшін ең өзекті тақырыпқа айналған білім саласындағы проблемаларды ерекше атап өтті. Ол — балабақша мен мектептің жетіспеуі. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу білікті мамандардың қолында екенін айта келе, ұстаздардың біліктілігін әр 3 жыл сайын жетілдіріп отыруды тапсырды. Мен педагог ретінде бұл шешімді қолдаймын. Себебі, маман білікті болмай, білім сапасы артпайды, - деді Ж.Таңатарова.
Жиын барысында AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар БЕКТАЕВА «Жолдау — еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамытуға арналған бағдар» дей келе, оның басым бағыттарына тоқталды.
Басқосу соңында тұрғындар мен ұстаздар көкейтесті сауалдарын жолдады. Спикерлер кейбір қатысушыларға қосымша кездесу уақытын белгілеп, сауалға толыққанды жауап беретіндерін айтты.
Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты шығармашылық ән кеші өтеді. Осыған орай Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.
–Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз, – деген Қ.Құрманәлі аталған кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.
Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келді.
Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.
"AQ-QARA.KZ" ақпарат
«Келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Себебі, балабақша — білім беру саласының іргетасы. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады». Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов Шымкент қаласының білім саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.
Еліміздің бас ұстазы өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.
— Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде мектеп мұғалімдерінің қосымша жүктемесі азайтылды. Яғни, әр мұғалім бір жұмыс күнінде екі құжатты ғана толтырады. Оның бірі – сабақ жоспары, екіншісі – сыныптың оқу журналы. Алайда, мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, оқытпай, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің төмендеу себебін анықтаған жағдайда, білім сапасының да артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен жұмыс тәжірибесін қолдаймын. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында мектеп директорларының ротациясы да өз нәтижесін беріп отыр. Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып ротация жұмыстарын жүргізді. 20 жылдан астам бір мектепті басқарған кісілердің ротацияға деген кереғар көзқарасын да білеміз. Дегенмен, білім сапасын арттыру үшін қажетті тәжірибенің бірі. Биыл республиканың барлық өңірінен 1000 мектеп директорын ротациялау жоспарланған болса, бүгінге дейін оның 700-і ауысып үлгерді. Алдағы уақытта бір мектептің басшылығындағы қызметі 7 жылдан асқан жағдайда ғана ротацияланады, - деді Асхат Қанатұлы.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептердің жай-күйіне, мұғалімдердің жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектептердің қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.
"AQ-QARA.KZ" ақпарат
ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында шаhардағы «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Наргиза Керімбаева Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру жөніндегі негізгі басымдықтарды атап берді.
– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев.
«Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты. Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек 2022 жылы Мепмлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫн арнады. Ондағы бірінші бағдар экономикалық саясатқа арналды. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:
– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;
– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу. Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді.
"Aq-qara.kz" ақпарат
ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және түсіндіру бойынша «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында кездесу өтті. Қаратау ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ғимаратында болған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Тұрниязұлы, Шымкент қаласының құрметті депутаты Хайрулла Сәрсенов, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай және студенттер қатысты.
Күн тәртібінде талқыланатын мәселе бойынша спикерлер «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында студенттерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, зиянды нәрседен аулақ болуға шақырды.
–Тәуелсіздігімізді алғанға дейін нашақор деген сөз жат ұғым еді. Зиянды затқа тәуелділік адам тағдырын құртып қана қоймай, бір отбасыны қиратуы мүмкін. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын өмір сүру деңгейін төмендетіп, өлімге алып келуде. Сондықтан, бұған тосқауыл қоймасақ, жайлап кету қаупі көп. Жастарға айтарым, зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулықтарыңды күтіп, жат қылықтан сақтанғандарың өздеріңе жақсылық әкелері сөзсіз, - деді Еркін Сатқанбаев өз сөзін жастарға арнап.
Сонымен қатар, спикерлер сананы улаған кеселге тап болғандардың өмірі қиындай түсетінін ескертіп, жастарды білімді болуға шақырды.
–Нашақорлыққа әуес болған адамның одан құтылуы екіталай. Сондықтан жақсы нәрсені көп үйреніп, жаманнан жиренсеңдер, болашақтарың үшін пайдасы зор. Біз қазір дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, білімді арттырып, қоғамның үлгілі азаматы болыңдар. Дұрыс ұстанымды ұстап жүрген жастар тура жолдан адаспайды,-деді сөз алған Хайрулла Сәрсенов.
Қаратау ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай келген қонақтарға өз алғысын айтып, танымды, тәрбиелі кездесу болғанын жеткізді. Алдағы уақытта еркін форматтағы іс-шаралардың жүзеге асатынын жеткізді.
"Aq-qara.kz" ақпарат
Шымкент қаласы әкімінің халықпен жоспарлы есепті кездесуілері жалғасуда.
Бүгін Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарындарымен жүздесіп, сауалдарға жауап берді.
Қала әкімі шаһардың соңғы 9 айдағы әлеуметтік дамуынан хабардар етіп, алда атқарылатын шаруалардың бірпарасын айтып өтті.
Басымдық берілген салалардың бірі - білім.
Мектепке дейінгі мекемелерді салу бойынша мәселе алдағы 3 жылда шешімін табады. 577 нысан салынып, 3-6 аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылатын болады.
Үш ауысымдық мектептер саны азайды. Биыл бесеуінде мәселе шешіліп, төртеуі қалды. Бүгінде 242 525 оқушы 203 мемлекеттік мектепте білім алады. Биылдың өзінде 33 білім ошағы падалануға берілді.
Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді айтқан шаһар басшысы жиынға қатысқан 300 ден аса тұрғынның 42 сұрағына жауап беріп, әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді.
Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.
Өз кезегінде аудан әкімі Есбол Досбол Еңбекшідегі 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын, аулалар мен саябақтарды абаттандыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстары мен көрсеткіштерін жайлы баяндады.
Айтып өтейік, жиынға халықпен қоса қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есепті кездесу әдеттегідей Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Айта кетейік, атқарылып жатқан жұмыстар Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізілуде. Яғни, жергілікті билік қарапайым жұрттың жанайқайын тыңдап, мәселенің көп ұзамай шешілуін назарда ұстап келеді.