Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024 21:50

Сауран ауданы: Ораңғайда жоғары сынып оқушыларымен дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыбында кездесу болып өтті

Сауран ауданы Ораңғай ауылдық округіне қарасты "М.Қазыбеков" атындағы жалпы білім беретін мектепте «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы аясында жоғарғы сынып оқушылары арасында кездесу болып өтті.

Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің теолог маманы Д.Ажибай қатысты. Кездесу барысында оқушыларға түрлі пайдалы ақпараттар берілді. Үнпарақтар таратылды. Мектеп оқушыларынан сауалнама алынды.

Еліміз қай заманда да елдікке, тыныштыққа, бірлікке соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Елімізді мекендеген түрлі ұлыстар татулық пен келісімді сақтауға, елімізді дамытуға, бейбіт тұрмыс құруға бар күш жігерін салу қажет. Сонымен қатар жастардың түрлі ағымдарға еріп адасудан сақтандыру, дұрыс бағыт-бағдар көрсету баршамыздың ортақ ісіміз. Қазіргі әлеуметтік желілердің дамыған уақытында адастырушы ағымдар жетегінде кетпеу үшін дұрыс ақпаратты тани білу қажет. Сондықтан кез келген діни уағыздарды тыңдамаған абзал.

«Жау жоқ деме, жар астында», демекші, жер бетінде қауіп-қатер көбейіп тұрған кезеңде сақтанбасқа және сақтандырмауға болмайды. Ата дінінен сауаты болмай жат ағымдардың жетегіне еріп кеткен жастарды, теріс пиғылдылардан арашалағаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді екені анық.

Жат ағым жас ұрпақты құрдымға жетелейді. Себебі олардың ұстанымы халқымыздың сан ғасырлық діни сеніміне, таным-түсінігіне өнері мен салт-дәстүріне мүлде қарама-қайшы. Ең қатерлісі, осы кереғар ағымдардың, деструктивті топтардың үгіт-насихаты. Сол себепті де жастарымыз ғаламтордағы діни ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін ҚМДБ-ның өкілдеріне, жергілікті мешіт имамдарына жүгінгені жөн. Шындығында жат ағымдар жас буынды Әбу Ханифа мазхабынан ажыратып, ұлттық болмысымызды күйретуді көздейді.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан әркімнің діни бостандығына еркіндік береді. Алайда, жастардың жат ағымның жетегіне кетуіне негізгі фактор болатын әлеуметтік желілердегі радикалды ағымдардың үгіт-насихаттарына құзырлы органдар тыйым салады.

Қазіргі таңда біздің қоғамдағы Ислам атын жамылған ең үлкен қайшылық уаха билік, сәләфилік бағытты ұстанушыларға қатысты болып отыр. Олардың өздерінің теріс те зиянды пікір тұжырымдарын айналасындағыларға уағыз дауы жасырын емес. Мұндай теріс әрі зияны мол амал-әрекеттердің алдыналудың жолы, сақтану жолы – ол білім. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» дегендей, дәстүрлі Исламды яғни Исламдағы Ханафи бағытында сауатымызды ашып, ізденуіміз керек. Сонымен қатар, жауабы табылмаған діни сұрақтар болған жағдайда, білікті теолог (дінтанушы) мамандарынан, медресе ұстаздарынан сұраған жөн. Қазір, елімізде діни сауат аламын деушілерге бар мүмкіншіліктер жасалған. Білікті мамандарымыз, ұстаздарымызда жеткілікті. Сізден тек ниет және әрекет керек.

Жалпы дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойған. Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз Исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, етеккірі кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, күйеуіне жақындаспайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.

Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туған баланың туғанына қырық күн толғанда жасалады. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққанына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген. Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге 40 күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге 40 күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға, күйеуімен жақындасуына рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діни дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайға жол беріліп жатады. Керісінше салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер аз емес. Жалпы жоғарыда айта өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып жатса нұр үстіне нұр.

Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай, ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тиым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа айрықша орын бергенде, орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар.

Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне   және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет.  Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни, қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды. Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді. 

Біздің ата-бабаларымыз, Ислам діні мен қазақтың  салт-дәстүрлерінің  тепе-теңдігін сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осындай тәрбиенің арқасында қазақ халқынан жүздеген, тіпті мыңдаған батырлар, от ауызды, орақ тілді ақындар мен жыршы-жыраулар, данышпан билер мен ғұламалар шыққан.

Ендігі ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді. Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние әкеліп жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайта сара жолға айналдыруға тырысудамыз. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымыз бен сабақтас шариғаттағы мазһабымызбен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлесімізді қосу.

Бүгінде «Дін мен дәстүр» сабақтастығы аясында дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет. Имамдар мен уағызшыларымызға осындай талап қойылуда. Сонымен қатар, ұлттық таным мен әдет-ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтастығын саралап көрсететін сүбелі еңбектер де жазылуы қажет. «Дін мен дәстүр» кітабы осындай игі бастама жемісі.    

«Дін мен дәстүр» кітабының ерекшелігі – Ислам діні мен қазақтың имани ұлттық дәстүрлерінің өзара тығыз байланысын,  дәстүрдің діндегі алатын орнын Құран аяттарымен, Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбардың  хадистерімен, қазақтың мақал-мәтелдерімен, атақты ақындары мен жырауларының өлеңдерімен нақты дәлелдеген.

Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған ұлттық сезімдер мен  салт-дәстүрдің жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге тигізер ықпалы ерекше. Тарихтан белгілі, діни наным-сенімі әлсіз халықтардың ұлттық дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып кеткені бар. Сондықтан «Дін мен дәстүр» кітабында айтылғандай, жастар ата-бабаларымыз ұстанған Ислам дінінің Ханафи мазһабы бағытымен жүріп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді саналарына сіңіріп өссе – ешқашан адаспайды, келімсек діни ағымдар мен секталардың соңына ермейді.

Оқылды 731 рет