Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ЕКІ МӘДЕНИ ШАРА ӨТУДЕ

 Қала күніне орай "Қазақ аналары - дәстүрге жол" республикалық жобасының мерекелік іс-шарасы өтті. Ұлттық салт-дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жобаның мерекелік концерттік бағдарламасы Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Е.Заңқоев мұндай жаңа бастамалардың жастарға берері мол екенін, тағылымды жобаларды қолдауға әркез дайын екенін жеткізді.

Республикалық жобаның Шымкент қаласы бойынша филиалы биыл наурыз айында құрылған болатын. Жобаның негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова көпшілікті қала күнімен құттықтап, авторлық әндерін тарту етті. Іс-шарада ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіліп, келіннің бетін ашу, тұсаукесер және тағы басқа дәстүрлеріміз дәріптелді."Қазақ қыздары" ұлттық киімдерінен дефиле және балалар киімдерінің үлгісі көрсетілді. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері мен студенттердің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Айтпақшы, қалада «Шырқал ән, төгіл дауыс» турнесі басталды.

Шымкент қаласының Ақпараттық – коммуникациялық орталығында Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиевтің 70 жылдығына арналған республикалық «Шырқал ән, төгіл дауыс»  турнесінің өтуіне байланысты Батыс Қазақстан облысынан келген делегаттар баспасөз брифингін берді.

«Биылғы жылы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Парасат» орденінің иегері, айтыскер ақын, жыршы-темеші, дәстүрлі әнші Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев  мерейлі 70 жасқа толып отыр. Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен республикалық «Шырқал ән, төгіл дауыс»  турнесі бастау алды. Бүгін 21 маусым күні Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда сағат 19:00 де  Хатимолла Жәңгірұлының шығармашылық концерті өтеді. Бұл концертте Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері ҚР Еңбек сіңірген артисі, Қанатқали Қожақов пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайрхановтар да өнер көрсететін болады.»-деді Олжас  Сейтимов. Хатимолла Жәңгірұлының  репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұқар, Базар, Қашаған жыраулардың  терме-жырлары, Мұхит Мералиевтің, Ғарифолла Құрманғалиевтің  және халық композиторларының әндері де бар. Хатимолла Бердіғалиев есімі алты алашқа мәлім болған, айтыс пен ән өнерінде елінің ықыласына бөленген дарынды тұлға. Турненің мақсаты; руханият кеңістігін ұлттық тәрбиемен астастырып, патриоттық идеялогияны қалыптастыру және қазақ даласындағы  дарынды дарабоздардың есімдерін дәріптеу арқылы төл өнерімізді қастерлеу болып табылады.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

 

ШЫМКЕНТТЕГІ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

 Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.

Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр.

Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен.

Айтпақшы, қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген болатын. Осы орайда, бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін шаһардағы шағынаудандарда спорт алаңшалары орнатылып келеді. Мәселен, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін  Сайрам шағынаудандардың бірінде 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.

Осы тұста қала басшысы  М.Әйтенов абаттандырылған аулаларды тексеріп шықты.

Әл-Фараби ауданында қала күні мерекесіне орай А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген-ді.

«Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көп қабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ЖУРНАЛИСТЕР СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін қолына қалам ұстаған журналистер мамандығын ауыстырып, ауыр жағдайдағы науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, өмірін ажалдан арашалап қалды. Алғашқы медициналық көмек көрсету Шымкентте жуырда ашылған симуляциялық орталықта жүзеге асты. Іс-шараға Шымкент қаласы және Түркістан облысының БАҚ өкілдері қатысты. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Абибуллаұлының айтуынша, мұнда түрлі жағдайға арналған 100 муляж қарастырылған. Ересектерден бастап балаларға дейін, түрлі жарақаттан бастап шұғыл бала босануға дейінгі жағдайда алғашқы көмек көрсету әдістері үйретіледі. Орталық мамандары шетелдерде білімін жетілдіріп, біліктілік арттырып келген.Оталық мамандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша дәріс жүргізді. Дәріспен қатар білікті тренерлер базалық жүрек-өкпе реанимациясын заманауи құрылғылардың көмегімен тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйретті. –Орталық мамандары базалық жүрек-өкпе реанимациясын әрбір адам білуі тиіс дейді. Ол көшеде адамдардың есінен танып құлап қалуы, жүректің қысылуы не болмаса балалардың  ұсақ-түйек заттарды жұтып қоюы кезінде алғашқы медициналық көмек беруді біліп жүру екен. Мамандар тәжірибе жүзінде көрсетіп, біраз қажетті мәлімет алдық. Дегенмен, алғашқы медициналық көмек беру оңай жұмыс емес екен. Дәрігерлердің еңбегіне бас иемін, - деді «Әділет» қоғамдық газетінің тілшісі Роза Бекетаева. 

Айта кетейік, симуляциялық орталықтың әзірге Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Қазіргі таңда орталықта медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттыруда.

Тілге тиек етейік, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында инвесторлар есебінен 13 жаңа денсаулық сақтау ұйымы ашылып, 207 мың қала тұрғыны медициналық көмекпен қамтамасыз етілген.

2020 жылдан бастап медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асып, қазіргі таңда медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші 77,3%-ға қол жеткізілді. Жыл сайын дәрігерлердің айлық еңбекақысы - 30%-ға, орта буын медициналық - 20%- ға өсіп отыр. Қазіргі сәтте дәрігерлердің - орташа еңбекақысы -395 мың теңге, ал орта буын мамандарының орташа еңбекақысы -233 мың теңгені құрайды.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

МЕКТЕПТЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ӘКІМНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі - Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп.  1985 жылы қолданысқа берілген білім ордасы әбден есуірген.  Бүгінде білім мекемесінің едендері көнеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен.  Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталыпты.

Ал, жөндеу жұмысынан кейін едендер жаңысына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге, мектеп ішіне әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған.

Жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 60 пайызы атқарылған.

Шымкент қаласындағы  С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556  бала оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған.

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын да көрді.

Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады.

Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз ауында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Осы RSS каналға жазылу