Super User

Super User

ШЫМКЕНТКЕ КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР КӨП

2022 жылдың 3 айында Шымкентке 97 501 адам келген. Осылайша үшінші мегаполис келетін туристер жағынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орында.

Тізім бойынша кезекте Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстары бар. Оның 90 мыңнан аса азаматы Қазақстан тұрғындары болса, 7000-нан аса турист шетелден келген.

 Еліміздің үшінші мегаполисіне келушілердің басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан және Ресей елдерінен сапар жасаған. Ал, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Шымкентке келуші саны 71 156 адамды құрап, еліміз бойынша 5 орынды иемденген болатын.

Сала мамандарының сөзінше, Шымкенттің туристік әлеуеті зор.

Атап айтқанда, шым шаһар Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап болып табылатын инфрақұрылымы дамыған ірі қала саналады. Бүгінде үшінші мегаполисте ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет тапсырмасы шым шаһарда жүйелі түрде орындалып келеді. Бүгінде көне қала туристердің ағынын қабылдай отырып, түрлі қызметтерін ұсынып келеді. Мәселен, қалаға келушілер үшін орналастыру орындарының саны ұлғайған. Бүгінде Шымкентте 140 орналастыру орны бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 117 пайызға еселенген. Осы қонақ үйлерде 1000-нан аса адам қызмет етеді. Олардың қатарында қонақ үй әкімшісі, хостес, ресепшн қызметкері, оператор, сату менеджері, брондау менеджері, даяшылар, аспаз, бас аспаз, бас менеджер және басқа да қызметкерлер бар. Осы қызметкерлер көрсеткен қызмет арқылы 1 млрд. 627 млн. қаржы тапқан.

 Одан өзге, аталған 140 қонақ үйде 2 737 бөлме бар. Бұл орналастыру орындары біржолғы сыйымдылықта 6000-ға жуық адамды қабылдай алады. Жыл басынан бері 100 мыңға жуық адам қонақ үйлерге келіп тұрақтаған. «E-qonaq» жүйесіне тіркелу мәліметіне сәйкес, олар жеке, туристік, кәсіптік және іскерлік мақсаттарда Шымкент қаласына саяхат жасаған.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМҚАЛАНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ 28,6 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6% артқан (2021 жыл қаңтар-мамыр – 96,9 млрд. теңге). Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында белгілі болды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты.

 Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрағанын атап өтті. Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалған.

  Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр.

 Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.

 Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.

 Ал, инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған.

 Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнекәсіп аймағында 294,5 млрд. теңгеге 191 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд.теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕГІ 15 ЕЛДІМЕКЕНГЕ ИНТЕРНЕТ «КЕЛЕДІ»

Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елдімекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас, Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағына да оптика желісі жүргізіліп, 165 000 - нан аса тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі осылай  мәлімдейді.

«Шымкент қаласында өткен жылы шалғай орналасқан 10 елдімекен жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылды. Олар: Ақжайық, Достық, Асар, Сәуле, Шұғыла, Көкбұлақ, Тассай, Нұртас, Таскен, Пахтакор шағынаудандары.

Биыл цифрландыру басқармасы тағы 15 елдімекенге сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр» делінген хабарламада.  

Айта кетейік, қазір Шымкентте мобилді интернетпен қамту көрсеткіші 91% құрайды.  Биыл Шымкент қаласы аумағын жылдам мобильді интернетпен қамту көрсеткішін 95%-ға жеткізу жоспарда бар.  Ал қаланың талшықты оптика желісі жүргізілген аумағын 75%-ға жеткізу көзделген.

Естеріңізге сала кетейк, былтыр шалғай елдімекендерді интернетпен қамту үшін базалық станциялар қойылған болатын. Мобайл операторлармен бірге жұмыс істелді.  

Айтпақшы, қазір қала аумағында 30 қоғамдық орында тегін Wi-Fi қызметі қосылған. Атап айтар болсақ: Орталық саябақ, Абай саябағы, Тәуелсіздік саябағы, Цитадель, Қошқарата өзені жағалауы, Жеңіс саябағы, Металлургтер саябағы және Дендросаябағында ақылды күнбағыс құрылғылары бар. Сонымен қатар, қалада Wi-Fi тарататын жүйе бар. Астында Wi-Fi аймақ деген белгі қойылған. Былтыр: Арбат, Бәйдібек би, Қазына саябағына, Дендросаябаққа, Наурыз алаңы, Шәмші аллеясына, Қызғалдақ субұрқағының маңына, Әкімдік ғимаратының артқы жағындағы саябаққа және Нұрсәт алеясына қойылды.  Биыл тағы 9 қоғамдық орынға, яғни 25 нүктеге қою жоспарлануда. Осылайша, қаланың барлық қоғамдық жері тегін Wi-Fi-мен қамтылады.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

«AZALA TEXTILE»: ҚАЛА КҮНІНЕ100 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШТЫ

 «Қала күні» мерекесі қарсаңында «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін кеңейтті. Өндірістік қуаттың ұлғаюына байланысты мұнда қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабриканың салтанатты іс-шарасына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, кәсіпорынға табыс пен өркендеу тіледі.

 –Баршаларыңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін шырайлы Шымкент қаласының туған күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді қала әкімі. «Azala Textile» ЖШС – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинат. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйылып, 80 жуық тігін машинасы орнатылыпты. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын тоқыма бұйымдары, медициналық төсек –жабдықтар мен отандық құрылыс компанияларының арнайы киімдерін өндіреді. Фабрикада әскери киім тігуге арналған «Берік» атымен белгілі болған мата әзірленіп, қазіргі уақытта халықаралық зияткерлік патенттеуден өтуде. Жаңадан өндірілген мата (камуфляж) сапасы жағынан Ресей елінің маталарынан кем түспейді. Қазіргі таңда «Azala Textile» фабрикасы ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталарды өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын.

Тілге тиек етейік, «AZALA Textile» тоқыма өндірісі мақта-мата киім маталарын - бөз, миткаль, ені 155-тен 320 см-ға дейінгі атлас, киетін-твилл, дрилл, ені 160 см жартылай панама және орамал, түкті вафельді топтарды дайындайды. Мұнда жылына 35 млн шаршы метр мата өндіріледі.

Айта кету керек барлық құрылғы компьютерлік бақылау арқылы атқарылады. 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Осы RSS каналға жазылу