Жұма, 13 Қыркүйек 2024 09:44

Түркістан қаласында жиһаз шығаратын жаңа зауыт ашылды

Түркістан облысында өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Таяуда облыс орталығы Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында жиһаз цехы ашылды. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Біз өңірді зерделеу барысында жиһаз кластерін дамытуға мүмкіндік мол екенін білдік. Жиһаз өндірушілермен кездесіп, осы саланы дамыту жолын қарастырдық. Қолдауды күшейтіп, бүгін, міне «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынған Brownfield өндірістік ғимаратында жиһаз цехы іске қосылуда. Осы жобаны жүзеге асырған инвесторға алғысымызды айтамыз, кәсіпорын жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.

«Жалпы бірінші кезекте индустриалды аймақтардың жер мәселесі және оған қажетті инфрақұрылым бойынша бөлек-бөлек Жол карталарын әзірлеуіміз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторлар біздің өңірде электр тарифі арзан емес екенін айтады. Инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты тиісті басқармалар мен мекемелерден, басшылардан нақты ұсыныстар күтемін. Аудан, қала әкімдерінің негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта жұмысты жандандырыңыздар. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге тиіс», – деген Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде тұратынын айтты.

Сонымен бірге ірі компаниялар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасап, Түркістан облысына шақыру керектігін жеткізді. Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, Облыстық құрылыс басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылары мен өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Өңір басшысы электр қуатына қатысты тарифті төмендету және реттеу жөнінде жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, тиімді шешім шығаруды тапсырды. Сондай-ақ индустриалды аймақтарда жұмысты жандандыру, жаңа кәсіпорындарды ашу ісін күшейту жөнінде тапсырма берді. Индустриалды аймақтарды басқаратын компанияларды оңтайландырып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуді жүктеді.

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд. теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд. теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген.

Өңірде «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.

Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана).

Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған.

Жыл басында өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалған болатын. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеді.Мәжілісте проблемалық мәселелер ортаға салынды. Аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

- Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығын қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемалардың мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс,- деді облыс әкімі.

2019 жылы құрылған Түркістан облысының «Turkistan» индустриялды аймағындаөткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында жобаға асуда. Сондай ақ биыл жалпы құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Өңірдің инвестициялық климатын жақсарту мақсатында өңірде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 % қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд.теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Ағымдағы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталмақ.

Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 ГА құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайының тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.

Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Бүгінде облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.

28 гектар жерді алып жатқан «Мақтаарал» индустриялық аймағы 2014 жылы ашылды. Онда 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адамға арналған жұмыс көзі бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының жобаларын орналастыру мәселесі де реттелген. Негізінен мұнда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару қолға алынған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін 2 жоба аясында 66 адам жұмыс істеуде. Таяу болашақта мұнда мақта кластерін жасап, әлемнің түкпір түкпіріне мақта мата өнімдерін жөнелту қолға алынбақ.

35 гектар жерге орналасқан «Шардара» индустриялық аймағы 2015 жылы құрылған. Мұнда 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Индустриалды аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. Қызылқұм магистралі Шардара–Арыс–Шымкент, Шардара–Абай–Шымкент тас жолына және Шардара су қоймасына жақын орналасқан.

Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ. Ауданның ең үлкен қазынасы – табиғи қазба байлығы. Сондықтан «Созақ» индустриялық аймағының салалық бағыты – пайдалы қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі. Оның жалпы ауданы 50 гектарға тең. Мұнда 1144 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа тартылмақ.Түлкібас ауданындағы 2015 жылы құрылған 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақ бүгінгі таңда қаңырап бос тұр. Мұнда 4 жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір өндіріс орны құрылмаған.

«Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары да бар. 57 гектарды құрайтын «Бәйдібек» индустриялық аймағына инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда.

Кентау – дамыған адами капиталы мен инфрақұрылымдық алаңы бар өнеркәсіптік моноқала. Индустриялық аймақты дамыту кезінде негізінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілді. Аталған аймақ 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы – 25 гектар жер. 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Аймақтың салалық бағыты – машина жасау, өнеркәсіптік мақсаттағы өнім және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар шығару.

«Бадам» индустриялық аймағының жалпы аумағы 115 гектарды құрайды. Мұнда 8 жоба аясында 1189 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриалды аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы оған белгілі бір дәрежеде артықшылықтар береді. Сонымен қатар, «Бадам» инновациялық технологияларға серпіліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.

Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады.  Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.

2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  

Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 47 рет