Сәрсенбі, 11 Қыркүйек 2024 12:41

Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген

Түркістан облысына 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Бүгінде 32 мың гектардан астам алқапқа су шығынын азайту технологиялары енгізілуде. Жаңа жүйе суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті назарында.

Осылайша су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында еліміздегі ең алғашқы зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағында «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Бұл Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және көп миллиардтық инвестициялық жоба. Бұдан бөлек, аталған «BNK Group» БНК кәсіпорнының жылына 50 мың га қамтитын және «Тұран су» мекемесі жанынан жылына 9 мың га қамтитын тамшылатып суғару қондырғыларын шығаратын 2 зауыт ашылады.

Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын төртінші зауыт шетелдік инвестордың қолдауымен Отырар ауданында жүзеге аспақ. Ірі инвестор текстиль кластерін құру бойынша өңірге 440 млн. АҚШ долларын құюға дайын. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тамшылатып суару арқылы мақтаны егудің озық тәсілін егуде жергілікті диқандар тәжірибе алуда. Компания облыста Түркістан облысында ПВХ құбыр шығаратын зауыт, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт, 2 мақта өңдеу зауытын, «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағында жіп иіру фабрикалары мен бояу және әрлеу фабрикасын және тігін фабрикасы сияқты инвестициялық жобаларын іске қосуды жоспарлауда.

Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін 2,2 трлн. тг. 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жылдың өзінде 62 жоба жоспарланып, бүгінгі күнге 24-і іске қосылды. Ауқымды жобалар толық іске асқанда 18 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Ірі өндірістік жобалардың қатарында қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, каустикалық сода, ПВХ, цемент, карбид және әк шығару зауыттары, күкірт қышқылын өндіру зауыты, жүгеріні терең өңдеу зауыты, ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауыты мен текстиль кластері зауыттары бар.

Инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне оң серпін беруде. Ағымдағы жылдың 6 айында макроэкономикалық көрсеткіштер жоғары өсім көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 106,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 111,2%-ға ұлғайды. Экономикаға тартылған инвестициялар көлемі 137,8%-ға өсті. Нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылып, өңірде өнеркәсіп жанданып келеді. Түркия және Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасынан өңірге инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды күшейту үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысы делегациясы, кейін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытайға іс-сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде көрші елдің жаңа технологиясы мен қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды. Осы жұмыстардың нәтижесімен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағытталады. Олардың қатарында текстиль кластерін құру бойынша ірі жобалар бар. Қуаттылығы 800 МВт құрайтын күн және жел электростанциясының құрылысы, Түркістан қаласында 5 жұлдызды қонақ үй, бизнес орталық және аквапарк құрылысы жоспарланған.

Сонымен қатар бұл елмен ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, озық технологиямен қамту, терең өңдеу, білім, мәдениет, туризм, Түркістан қаласындағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізді. Түркістан облысымен бірқатар провинция арасында бауырластық, достық қатынастарды орнату туралы меморандумдарға қол қойылды. Онымен қоса, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында көкөніс қоймасының құрылысы, құрылыс материалдар өндіру зауытының құрылысы, аурухана ашу, ірі қара мал терісін өңдеу өндірісін ашу, жиһаз шығару, дрондарды құрастыру және санитарлық-гигиеналық материалдарды өндіру зауытын ашу секілді бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Жұмыстар жалғасады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет