Жұма, 24 Мамыр 2024 16:29

Түркістанда «Барыс бала» байқауы қорытындыланды

Биылғы жылы үшінші рет өткізіліп, талай шығармашылыққа ден қойған жасөспірімдердің талантын ашқан, талапты шәкірттерді ынталандыра білген «Барыс бала» байқауы қорытындыланды.

«Жемқорлық және Заң» газеті, оның бас редакторы Қаламқас Алиакбарқызының бастамасымен өткізіліп жатқан байқау биыл «Түркістан – тарихи туристік қала» тақырыбын арқау етті. Оған жүзден астам оқушылардың шығармалары түсіп, білікті қаламгерлердің сараптауынан өтті.

Киелі топырақтың әр баласы – дарынды, зор талант иесі! Бүгін сондай оқушыларымыздың бір бөлігі аталған байқауға қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерімен танылды. Байқаудың ережесі бойынша шығармашыл оқушыларымыз эссе жазып өздерінің ойларын ашық жеткізе білу қабілеттерін, поэзия бағытында ақындық қабілеттерін жоғары деңгейде жеткізу арқылы жүлделі орындарға ие болып, марапаттау салтанатына шақырылды.

Оқу жылы бойына оқушыларымыздың білімдерін, шығармашылықтары мен өнерлерін таразылайтын талай сайыстар өтіп жатады. Солардың ішінде «Барыс бала» байқауын да ерекше атап өтуге болады. Себебі, мұндай байқаулар оқушыны шығармашылыққа баулумен қатар, кітап оқуға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға зор ықпал етеді.

Байқаудың салтанатты марапаттау шарасына қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Кеңесбекұлы Букебаев, аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы және тағы басқа қонақтар қатысып, жас шығармашылық иелерін жүлделерімен құттықтады.

Жүлдегер оқушыларға марапат қағаздарымен қатар сый-сияпаттарын табыс етті. Байқауды ұйымдастыруға атсалысқан жандар да марапаттан тыс қалмады. Олардың ішінде білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы да бар екендігін айта кеткен жөн. Өз кезегінде байқаудың бастамашысы болған Қаламқас Алиакбарқызына ризашылықтарын білдірді. Ал, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламасымен жоғары көңіл-күй сыйлады.

 

Оқылды 63 рет