Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарында дін саласындағы бос орынның біраз бөлігін сырттан келген діни топтар мен ұйымдар толтырды. Олардың бір бөлігі араб елдерінен, орталық Азия арқылы Үндістан, Ауғанстаннан, Таяу Шығыс пен Түркия елінен келген діни жамағаттар да болды. Әрбір әлеуметтік топтың бір мақсат айналасында топтасып, ұйымдасып, өзіне сай сипат қалыптастыруының артында үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы да басқа факторлар жатады. Әсіресе бұл діни топ болса тіпті нәзік тақырып болмақ. Біздің елімізге келген діни жамағаттардың барлығы да экстремистік топқа немесе қандай да бір секта категориясына жатпауы мүмкін. Дегенмен ол жамағаттарды жақсы немесе жаман деп ажыратудың да керегі жоқ. Барлығы да сырттан келген діни жамағат категориясында қарастырылу керек. Осы діни топтардың тарихи кезеңін, харизмалы көшбасшысын, ол елдегі беделін, бар болса олар жайында жауабын таппаған сұрақтарын егжей-тегжейлі қарастырып өз көзқарасымыз бен дүниетанымымыз тұрғысынан баға беру біздің міндетіміз. Сонымен қатар, топқа бөлінушілікке себеп болу ықтималдығы. Мұндай мәселе болса да, болмаса да біз оны қаперде ұстауымыз қажет.

Ал, әрбір діни жамағаттың міндетті түрде идеологиялық көшбасшылары болады. Олар алғашқы жылдары шетелдерден келген уағыз-насихатшылар болса, уақыт өте келе көшбасшылар қазақстандық жастардың арасынан таңдап алынды. Мысалды алыстан келтірудің қажеті шамалы. Түркістан облысының өзінен елімізге танымал деструктивті діни ағымдардың уағыз-насихатшылары, бірнеше көшбасшылары қалыптасты. Атап айтқанда, Қазақстанға «тәкфирлік» көзқарастың түбегейлі еніп, бірнеше азаматтарымыздың террористік іс-әрекеттерге қол ұруына, «жиһад» деп шекара асуына ықпал еткен «шейх Халил» атымен танымал болған Абдухалил Абдужаппаров Сайрам ауданының тумасы болып табылады. Ол еліміздің батыс облыстары діндарлары арасында «тәкфир» идеясын таратқан. Жалған уағыздаушының әрекеті Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жасырын радикалды ұйымдардың пайда болуына ықпал еткен.

Сол секілді бір ғана Сайрам ауданынан Октам Заурбеков, Абдурафи Рахматуллаев, Мамыржан Хайтметов секілді «сәләфилік» бағыттағы бірнеше уағыз-насихатшылар, көшбасшылар шықты. Ал, Дильмурат Махамадов болса Сарыағаш ауданының тумасы болып табылады. Аталған азаматтар  әр жылдары экстремизм мен терроризмді насихаттау, ұлттық және діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда, олардың діни уағыздары мен насихаттары әлі күнге дейін әлеуметтік желілер мен «Ютуб» арналарда жоғары сұранысқа ие.

Ендігі кезекте жоғарыда аты аталып, түсі түстелген азаматтарға ортақ мәселелер мен олардан қоғамға келген, осы секілді болашақта әлеуметке зиянды болуы мүмкін дүниелердің басын ашып кетуді жөн санадық.

Біріншіден, олардың діни білімді шетелдерден, атап айтқанда Сауд Арабиясы, Пәкістан секілді елдерден алуы. Олар діни білімді аталған мемлекеттердегі ресми оқу орындарынан емес, хужралар немесе марказдардан бастап алғандығын ескерген жөн. Ал, хужра, марказ жүйесімен берілген білім мемлекет тарапынан бақыланбайды. Бұл дегеніміз аталған жүйенің жемістері болашақта қоғамға, елге қауіп тудыруы мүмкін. Шетелдердің осындай күмәнді оқу орындарына білім алған жастар болашақта сол елдің сойылын соғуы мүмкін. Шетелдерден келген діни ағымдардың, олардың көшбасшыларының біздің еліміз үшін ең басты қаупі ол – сырттан басқарылуында.

Екіншіден, діни ағымдар мен олардың көшбасшыларының қаражат көздерінің жабықтығы. Мысалы, Абдухалил Абдужаппаров, Октам Заурбеков және Дильмурат Махамадов секілді уағызшылар елімізде бірнеше жылдар бойы ресми жұмыссыз болған. Алайда, олардың материалдық жағдайы өзгелерге қарағанда анағұрлым жақсы еді. Сондай-ақ, Абдухалил Абдужаппаров және Дильмурат Махамадов он жылға жуық Сауд Арабиясында отбасымен бірге тұрды. Дегенмен, қаржылық мәселелері әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда.

Үшіншіден, дін деп өзге ұлттың мәдениетін елге алып келіп қоғамға тықпалау. Мысалы, түрік, араб елдерінде білім алғандар сол елдің салт-дәстүрін, киім кию әдебін тасымалдауда. Осындай жаңсақ түсініктің салдарынан дін атын жамылып, тұтас бір қазақ деген ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен өмір сүру дағдысына соққы жасап, оны өшіруге, жоюға ұмтылуда.

Төртіншіден, олардың ең потенциалды проблемасы бөлінушілік, бір-бірін мойындамайды. Тіпті, бір «сәләфилік» ағымының өзінде ішінара алауыздық пен бөлінушілік басым. Сонымен қатар, олар ҚМДБ-ның ресми имамдарын тыңдамауға шақырады. Ал, түрік жамағаттары өздерінің имамдарын, пірлерін ғана тыңдап, дінді тек өз ұстазының түсінігімен шектеп келеді. Бұл түптеп келгенде қоғамды біріктіруге емес, бөлшектеуге алып келуде.

Қорыта айтқанда, біз жоғарыда тізбектеп өткен мәселелердің қауіптілігі баяу білінгенімен, қоғамға тигізер зардабы ауыр болмақ. Түптеп келгенде олардың іс-әрекетінің салдары қоғамның бөлшектенуі мен елдің бүлінуіне әкеліп соғады. Идеологиялық тұрғыдан бүлінген қоғамды қайта түзеуге ұзақ уақыт пен ұрпақтар ауысымы қажет. Сондықтан тұрғындарымыз дін мәселесіне бей-жай қарамай, жылтыр-жұмсақ сөйлеген уағызшыларға көзсіз ермесе дейміз. Тек ресми діни бірлестіктердің заңды өкілдеріне жүгінгені абзал.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары             

Төлеби: Мал ұрлығымен айналысқан...

Жайылымнан мал ұрлаумен айналысқан екеу қамауға алынды.

Төлеби ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, түнгі уақытта жайылымда жүрген 1 бас биесі мен құлынын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты жаңа бап енгізілді. Бұл қылмыс үшін тағайындалатын жаза басқа ұрлықтарға қарағанда қатаң болмақ. Кодекстің бұрынғы нормалары бойынша мал ұрлығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жалпы ұрлық санаты бойынша бір баппен (188-бап) сараланып келген болатын. Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес қазіргі уақытта мал ұрлығы өз алдына бөлек баппен (188-1-бап) сараланатын болып белгіленді. Егер, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы әрі ірi мөлшерде жасалған қылмыс болса – 7 жылға дейін, бірнеше рет және мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалса – 10 жылға дейін, қылмыстық топ әрі аса iрi мөлшерде жасалған жағдайда – 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу міндетті түрде тағайындау көзделген. Тағы бір ескерте кететін жәйт, осы баптың 1-бөлігі ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататын болса, қалған 2, 3 және 4-бөліктері ауыр қылмыстар болып есептеледі. Осы бап бойынша  ірі қара мал, жылқылар мен есектер,  түйелер, ұсақ мал және шошқалар мал деп түсініледі, яғни, аталған жануарларды ұрлаған жағдайда Кодекстің 188-1-бабымен қылмыстық жауаптылық туындайтынын ескергеніңіз жөн. Ақпарат алысымен мал ұрыларын ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жедел әрекеттің нәтижесінде, полицейлер күдіктінің ізіне түсіп ұстады. Полиция бөліміне жеткізілген екеу, Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Анықталғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда қараусыз жүрген бие мен құлынды айдап әкеткен. Содан оңай жолмен келген олжаларын арзан бағада сатып жіберген. Тергеу кезінде күдіктілердің бұдан бөлек 3 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Онда мал ұрылары үш сиыр мен 1 бас жылқыны жымқырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық жасаған ер адам анықталды

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп сендірген. Содан жәбірленушіден 160 000 теңге алып, не жүргізуші куәлігін алып бермей, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.  Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде күдіктіні анықтап, басқармаға жеткізді. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ол жалған уәде беріп, тұрғыннан алған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.  Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Айта кетйік,  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.  Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген.Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенБарлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның жоғалған сиырын тауып беріп, алғыс алды

Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғын 1 бас сиырының жоғалып кеткендігі туралы айтып, көмек сұраған. Ол сиырын Мақтаарал ауданы Ынталы елді мекеніне қарасты егістік алқапта жайылымға жібергенін, оларды іздеп барғанында сол аймақтан таба алмағандығын көрсеткен. Полиция қызметкерлері аталған хабарлама бойынша жедел іздеуге кірісті. Ауыл аймақтарын, егістік алқаптарын, бақташылардың сиыр баптайтын жерлерінің барлығын толық тексеріп шықты.

Жүргізілген іздестіру іс-шаралардың нәтижесінде, жоғалған сиыр небары 5 сағат ішінде 10 шақырым қашықтықта көрші ауылдан жайылып жүрген жерінен табылды. Осылайша тәртіп сақшылары жоғалған сиырды тауып, өз иесіне табыстады.

Өз кезегінде малынан көз жазып қалған тұрғын полиция қызметкерлерінің атқарған қызметіне шынайы ризашылығын білдірді. «Мен, Қайрат Маханов, сиырымды жоғалтып алған болатынмын. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полицейлерге хабарласып, көмек сұрадым. Олар аз уақыттың ішінде сиырымды тауып берді. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Жұмыстарыңыз өрге баса берсін!»-деп, алғысын айтты.

 

Түркістан: Шлакаблок құятын аппаратты қолды еткен...

Тұрғынның сарайына ұрлыққа түсіп, шлакоблок құятын аппаратын ұрлаған жас жігіт анықталды. Түркістан полициясына жергілікті тұрғын ұрлық жайтының құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта ауласында орналасқан сарай ішіне белгісіз біреу кіріп, шлакоблок құятын аппаратын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 250 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.  Хабар алысымен аталған қылмысты ашу мақсатында түркістандық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды. Тәртіп сақшылары тыңғылықты атқарылған істің нәтижесінде, жан-жақты жинақталған мәліметтерді саралай келе, аталған іске күдікті ретінде ер адамды анықтады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің туыс інісі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.Белгілі болғандай, күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. Қолды болған заттарды темір алатын орынға сатып, ақшасын бас пайдасына жаратқан. Ұрланған шлакоблок құятын аппарат айғақты зат ретінде алынып заңды иесіне қайтарылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз үйлерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.

Естеріңізге сала кетейкік, ҚР Қылмыстық Кодексінде ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мынадай:

 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 3. Мынадай: 

1) ірi мөлшерде;

2) бірнеше рет: 

3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 4. Мынадай: 

1) қылмыстық топ жасаған; 

2) мұнай-газ құбырынан; 

3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

Түркістан облысының полицейлері "Учаске" іс-шарасының қорытындылады

Түркістан облысының аумағында Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 1 айға жоспарланған "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ондағы негізгі мақсат - қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату.

Іс-шара кезінде учаскелік полиция инспекторлары визит карточкаларын таратып, қызмет көрсетілетін әкімшілік аймақтарындағы аула және пәтерлерді аралап, жалға берілетін пәтерлерді, базарлар мен ойын-сауық мекемелерін, заңсыз келген шетелдіктерді, шаруа қожалықтарын, тіркелмеген қару сақтауды, сондай-ақ қолайсыз отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексерді.

Мәселен, "Учаске" шарасы кезінде полицейлер 357 мыңнан астам пәтер мен 336 мыңға жуық үйді аралады. Тәртіп сақшылары облыс бойынша 314 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты жері жоқ 83 адам анықталып, оның ішінде 11-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды. Сонымен қатар қару иелерінің тұрғылықты жері тексеріліп, заңсыз айналымнан 10 бірлік тіркелмеген қаруды тәркіленіп алынды. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 829 ұсыныс енгізді.

Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша 450-ден астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полицейлер атап өткендей, мұндай жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ полиция мен халықтың кері байланысын нығайтуға ықпал етеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 517-бабында «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» төмендегідей жазылған:

Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
1) үш тәулік ішінде – 
ескерту жасауға алып келеді; 
2) үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – 
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді; 
3) бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – 
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады. 
Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады. 
Осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –  Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 

 

 

 

 

 

 

Түлкібас: Тәртіп сақшылары алаяқтардан абай болуға шақырады!

Түлкібас АПБ қызметкерлері аудан аумағында интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Себебі, соңғы кезде алаяқтардың құрығына ілінетіндер көбейді. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», деген тәртіп сақшылары ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. «Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр»,-дейді түлкібастық тәртіп сақшылар.  Осыған орай Түлкібас ауданының полицейлері интернет алаяқтардан абай болу керектігін, өз жинақтарына ұқыпты болуы қажеттігін талап етеді. Сонымен қатар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеу туралы ескертеді.Себебі,  интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды, деген полицейлер қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын.

Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен. Арам ниеттілер ұтысты басқа қаладан алып кетуді немесе жеңіп алған тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады.

«Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес екенін айтпасада түсінідкіт. Сондықтанда мамандар аса мұқият болып, алаяқтардың құрығынан сақ болуға шақырады. 

 

Түркістан: Полицейлер жүргізушілерді қысқы маусымға автокөліктерін дайындауға шақырады

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп, облыс орталығының жолдарында жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары рейд кезінде автокөлік жүргізушілеріне көліктерін қысқы мезгілге қалай дайындау керектігі туралы көрнекі ақпараты бар парақшалар таратты. Оның да себебі бар. Қазақстанның барлық өңірі бір мезгілде қар жамылып үлгермесе де алып территориямыздың көп бөлігі қысты қарсы алып қойған. Әйтсе де «қыс шанасын жаз сайлап алған» автокөлік жүргізушілері қаннен қаперсіз. «Темір тұлпарын» қыс мезгіліне сай тиісті техникалық жағдайға келтірмеген жандар көптеп табылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін алаңдататын да осы жайт.

 

Қылышын сүйретіп қыс келгенде қамданбай жүрудің соңы қайғы-қа­сіретке, өкініш пен опы­нуға алып кел­мей қоймайды. Оған – тәртіп сақ­шы­ларының жыл­дар бойғы жұмыс тә­жі­рибесі куә.

Елімізде тіркелетін жол-кө­лік оқи­ғаларының басым көпшілігі де енжарлардың кесірінен орын алатын көрінеді. Полиция қыз­меткерлері осы мәселе туралы­ жұрт­шылықты құ­лақ­тан­ды­ру­дай-ақ құлақтандырып жат­қа­нымен, оқыс оқиғалар саны азай­май тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қал­ғандар көп. Сондықтан да, тәртіп сақшылары қазірден бастап, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырады. Қыс мерзіміндегі маңызды мәсе­ленің бірі – автокөліктерді пай­дала­ну­дың маусымдық әзір­лігі. Сондыұтан да, тәртіп сақшылары жүргізушілердің техникалық байқаудан өтуіне, жазғы доңғалақтарын қысқы доңғалаққа ауыстыруына назар аударуға шақыруда.  Сондай-ақ көлікке қажетті майларын ауыстырып, жаңа сүзгілерді қойып, тежегіш жастықшаларын, шамдарын, әйнек тазалағыштарын, салқындату жүйесін тексеріп қоюға кеңес берді. Сонымен қатар жолдарда мүмкіндігінше мұқият болу керек, әсіресе ауа райының қолайсыздығында жылдамдық режимін, маневр жасау ережелері мен қашықтықты сақтау қажеттігін жеткізді.Қыс мезгілі келгенде ауыр жүк көлік­терінің жүргізушілері сырғуға қарсы ті­реуіш құрыл­ғы­ларын үнемі өзімен бірге алып жүру­лері керек. Бұл құрылғылар авто­көліктің өз еркімен жылжуы­на, сыр­ғуына жол бермейді. Әсі­ресе, сырғуға қар­сы тіреуіш құ­рыл­­ғылары жүк көлігі тауға не бол­­маса өрге көтеріліп бара жат­қан­ кезінде міндетті түрде болуы тиіс. Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың енді бір ерекшелігі – қауіп­сіз қозғала білу саналады. Ең алдымен қозғалыс жыл­дамдығын дұрыс таң­дау қажет. Себебі, қыс мезгілінде доң­ға­лақтың жол үсті жабыны­мен үй­­келісі өзгереді. Сондықтан те­жеуішті бас­қан кез­дегі авто­кө­ліктің сырғанау қа­шық­ты­ғы ұзарады, көлікті басқару па­раметрлері түрленеді. Тиісінше, қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдамау мен авто­көлікті тиімсіз тежеудің, көліктің бас­қаруға кел­меуінің кесірі жол-көлік оқи­ғасы­ның орын алуына себепкер болады. Қозғалыс барысында қандай да бір қауіпсіз әрекет ету (маневр) үшін автокөліктер арасындағы қашықтықты және бүйірдегі арқашықтықты сақтай білу қа­жет. Бұл да тежеуішті басқан кез­­дегі автокөліктің сырғанау қа­шық­тығына, көлікті басқару па­раметрлеріне әсер етеді.Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың тағы бір ерекшелігі бар. Мә­селен, жол үстінде бұған дейін жүріп өт­кен автокөліктердің доңғалақтары қал­дырған сорап (колея) пайда болуы мүм­кін. Одан бөлек, қардағы із қалыңдап, омбы қар мен жол жиегіндегі күртік қар­­дың кесірінен әдеттегі жалпақ жолдар жіңішкеріп кетіп жатады. Осының бар­­лығы қозғалыс режіміне, қауіпсіз әрекет етуге кедергі келтіреді. Қозғалыс қар­қыны бәсеңдеп, жолдарда жүру мүм­кіндігі азаяды. Сондықтан автокөлік жүр­гізушілері қыс мез­гілінде жол-көлік оқи­ға­ла­рына тап болмау үшін аталған фак­­торлардың барлығын ескеру­лері керек. Полиция қызметкерлері қала аума­ғынан тыс, алыс елді мекендерге сапарлауды жоспарлап отырған жүргізушілерге өзімен бірге тіреу тросын, күрегін алып жүруге кеңес береді. Ал ауыр жүк көлік­тері мен автобустар үшін сыр­ғанауда­н сақтайтын шын­жырлары болған жөн. Ауыс­тырып киюге болатын жылы киім, жылы аяқкиім, басы артық жа­нар-жағар май алып жүру де ар­тық етпейді. «Бұл ретте  жаяу жүргіншілерді де құлақтандыра кеткен жөн болатын шығар. Мәселен, қыс мезгілінде күн қыс­қарып, түн ұзаратыны белгілі. Тиісін­ше, авто­көлік жүргізушілерінің анық кө­ру мүмкіншілігі азаяды. Сон­дай-ақ қар мен мұздың кесі­рінен тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығы ұзара түседі. Сондықтан жолды тек арнайы жабдықталған же­рінде ғана кесіп өту қажет. Жаяу жүргіншілер жолағымен, көше қиылыстарымен жүрмес бұрын автокөлік жүргізушісінің сізге жол берген сәтін күткен жөн бола­ды. Осындай қарапайым ере­же­лерді сақтай отырып жаяу жүр­гіншілер қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете алады», дейді тәртіп сақшылары.  Сондай-ақ ауа райы болжамы мен жабылған жолдар туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыру қажет екенін айтты.

«Еліміздің оң­түс­тік және шығыс өңірлеріндегі тау­лы аймақ­тарға қалың қар мен тұман­ның кесірінен жолдың көрін­беу кездері тән көрінеді. Сон­­­дықтан өз өңірлерінің ерек­шеліктерін білетін көлік жүр­гізушілері күн райының күрт бұ­зылуына байланысты ауа райын­ болжаушылардың құлақ­тан­ды­руына және құтқару қызметінің SMS хабарландыруларына дұрыс әрекет етуі қажет. Бұдан арғы са­пар­ларын осы ескертулер мен қам­данған әрекеттеріне қарай жос­­­парлаулары керек»,-дейді . Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков. Оның айтуынша,жол үстінде қолайсыз күн райы­на тап бола қалған жағдайда жақын жер­дегі елді мекенге жетіп алып, күннің айық­қанын күткен жөн болады. Ал егер жолда жайсыз ауа райына тап бо­лып, жағдайдың түзелуін көлікте кү­туге мәжбүр болған болсаңыз, бірден құт­­қару қызметіне хабарласуыңыз қа­жет. Құтқарушыларға өзіңіздің нақты ор­на­ласқан жеріңізді көрсетіп, олардың ке­луін күткеніңіз дұрыс. "Құрметті облыс қонақтары мен тұрғындары! Алдымызда қыс мезгілі, осыған байланысты Сіздерге ең алдымен көктайғақ кезінде жолда тайып кетпеу үшін доңғалақтарыңызды ауыстыруға шақырамыз. Сондай-ақ жарық шамдарының дұрыстығын тексеру керек. Жалпы жолдарда абай болыңыздар!"- деп атап өтті.

 

Түркістан: «Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сала» тақырыбындағы жиын

Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ тарапынан №20 Р.Исетов атындағы жалпы орта мектебінде ақпараттық түсіндіру жұмыстары өтті. Оны Дін мәселелерін зерттеу орталығының  теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің дінтанушы маманы Марат Айсұлу өткізді. Мамандар оқушыларға жат ағымның зияны туралы, экстремизім мен терроризім туралы айтты. «Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сала. Ал жастар болса, коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден бастау алады. Қазірде ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде.

 

Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.

Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Алайда жастық желігі басылмаған, оң-солын әлі дұрыс танып білмеген болашақ буынның санасы уланғаннан кейін теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқаны жайлы біле бермейді. Өкініштісі сол, түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған отбасылар ойрандалып, бейбіт заманда ата-ана ұл-қызынан, жақындарынан айырылып жатыр.

 Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымызды кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толып кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жұмыстар ұдайы атқарылуы керек»,- деді Дүйсен Асхат.  «Бүгінгі таңда «жиһад» атауын қате түсініп, өздерінің қаскөй әрекеттерін іске асыруда ислам дінін жамылып, білімсіздіктен, аңқаулықтан өзгенің қолында ойыншық болып жүрген жастарымыз аз емес. Олар біреулердің дүние мен билікті көздеген ауқымды мақсаттарының жолында құрбан болып бара жатқандарын сезбейді»,-деп бастад өз баяндамасын Айсұлу Марат. Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде терроризм мен экстремизмнің құбылысы, оның нысандары мен көріністері байқалуда. Экстремизм мен терроризм бүгінгі таңда ең өзекті мәселе болып отыр. Саясатта белгілі бір бағыт ретінде экстремизм радикалды көзқарастарды жүзеге асырудың түрлі әдістерін ұстанады. Ол мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, фанатизммен, өздерінің принциптерін қорғай алмайтынымен, ымыраға келмеуімен сипатталады. Өзінің қауіпті тәжірибесінде экстремизм терроризммен тығыз байланыста. Заманауи терроризм – бұл әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шекараларының шегінен шығып, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген күрделі, көпқырлы және аса жағымсыз саяси-әлеуметтік құбылыс. Жаһандық зұлымдықпен күресудің тиімді әдістері мен нысандарын зерттеуге арналған мемлекеттер басшыларының қатысуымен көптеген халықаралық конференциялар өткізілді. Осы форумдарда терроризмге тиісті халықаралық реакцияның оған қарсы күресудің халықаралық жүйесі талап етілетіндігі туралы бірнеше рет айтылды. Терроризмге қарсы тұру үшін бізге терроризмнің мәнін нақты анықтау қажет. Қазіргі таңда, «терроризм» мәнінің әмбебап анықтамасы жоқ. Барлығына мәлім, терроризм экстремизммен тығыз байланысты, яғни, экстремизм терроризмнің бір бөлігі болып табылады. Демек, «экстремизм» тұжырымдамасын алдын-ала қарастырмай, «терроризм» ұғымының мәнін ашу мүмкін емес. Жалпы термин ретінде «экстремизм» қазіргі заманғы саясаттың белсенді айналымына жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында ғана енгізілді. 2003 жылы ЕКПА (Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы) анықтағандай, «экстремизм» – бұл парламенттік демократия принциптерін тікелей немесе жанама түрде қабылдамайтын саяси қызметтің нысаны. Экстремизм – бұл қоғамдық-саяси жүйенің идеологиялық және институционалдық негіздерін жоққа шығаратын және заңды конституциялық тәртіпті тез арада күштеп өзгертуге шақыратын түбегейлі идеяларға негізделген саяси тәжірибе. Заманауи терроризм мен экстремизм қоғам мен мемлекеттік қауіпсіздігіне белсенді түрде әсер ететін ауқыммен, әлеуетті арттырумен, террористтік және эксртемисттік топтар ықпалды саяси құрылымдарға айналумен, террористтер мен экстремисттердің іс-әрекеттерінің қатыгездігімен және т.б. нысандармен сипатталады. Терроризм, экстремизм және ұйымдастырылған қылмыс – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін аса қауіп-қатер ретінде саналады. Діни экстремизм мен радикализм – бұл жалпыға ортақ проблема Бұл проблемамен тек кейбір мемлекеттік органдар ғана жұмыс жасайды деп айтуға болмайды. Әрбір мемлекеттік орган өзінің функционалдық ерекшеліктерінің негізінде өз үлесін қосуы қажет. Терроризмге және экстремизмге қарсы тұру – бұл әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыты. Тіркелген қылмыстардың жалпы санының террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардың шамалы бөлігі болып табылатындығына қарамастан, олар қоғамның, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының теріс реакциясын тудырады. Қазіргі таңда, осы терроризм мен экстремизмнің көрінісі мемлекетіміздің ғана емес, бүкіл әлемдік өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жастарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың қырларын білмегендіктен сол ұйымдарға бет бұрып кетеді. Жастардың діни көзқарасы әлі де өзекті мәселе болып табылады және жүйелі талдауды қажет етеді. Әр түрлі себептермен дәстүрлі дінді жоққа шығаратын адамның көзқарастарына негізделген жастардың діни ізденісі ХХ ғасырдың жалпы көрінісін табады. Жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді.

Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе,  дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды. Себебі, адамның жеке тұлға ретінде көбінесе жас жылдарында қалыптаса бастайды. Діни көзқарастағы (деструктивті діни бағыттардың ықпалына түскен) кейбір жас азаматтар өздерін қоғам мен мемлкетке қарама-қарсы қойып, қазақ халқының рухани мәдениетіне және ұлттық дәстүрлеріне теріс көзқараспен қарайтын болды. Оларда тіпті зорлық-зомблық тәсілдерін қолданумен мемлекетіміздің саяси құрылымдағы зайырлы сипатын өзгертуге ықыластары пайда болуда. Бұл көріністер қоғамда жаңа саяси-әлеуметтік пішіндердің қалыптасуына себептес.Жалпы, дін саласында мемлкетімізде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ұйымдастырылған жұмыс өзінің нәтижесін беріп, ал оның тиімділігі бірлікпен бірте-бірте өседі. Мемлкетіміздегі діни ахуалдың тұрақталуы туралы негізгі бағаны беретін – халық. Осы кезеңде жұмыстың стратегиялық жолмен таңдалған бағыттарын жалғастыру, іс-тәжірибені біртіндеп жақсарту маңызды. Енді біз конфессияаралық келісімге, жоғары мәдениетке және қоғамды тәрбиелеуге негізделген еліміздің рухани байлығын сақтау және одан әрі арттыру үшін бәрін жасауымыз керек.

Отырар: Жоғалған 15 жасар қыз Шымкенттен табылды

Отырар полициясына аудан тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ер адамының айтуынша таңғы уақытта мектепке кеткен Қарақат есімді 15 жасар қызы үйіне қайта оралмаған.

Отырар АПБ ювеналдық полиция тобының қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Мектеп оқушысын табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Полицейдің жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында, небары тәулік ішінде қыз Шымкент қаласындағы саябақтан табылды. Осылайша, жоғалған қыз ата-анасына аман-сау күйінде тапсырылды. Тәртіп сақшысының анықтауынша жасөспірім қыз мектептен шығып, достарымен қыдырмақ болып Шымкент қаласына кетіп қалған.

Өз кезегінде баланың әкесі полицейдің қырағылығына риза болып, алғысын білдірді. «Мен қызымды азанда сабаққа шығарып салған болатынмын. Содан түскі уақытта қызым мектептен келмеді. Қызымды өздігімнен іздеп таба алмаған соң полицейлерден көмек сұрадым. Тәртіп сақшылары дер кезінде қызымды тауып берді. Алғысым шексіз.»-деп жүрекжарды сөзін арнады.