Түркі дүниесінің ақсақалдары Түркістанда бас қосты
Түркістан қаласында«Түрік дүниесі ақсақалдар кеңесінің отырысы» өтті.
Алқалы жиынға бауырлас елдерден арнайы келген өкілдер мен Халықаралық қазақ-түрік университет ұжымы және студент жастар қатысты.
Түрік дүниесі ақсақалдар кеңесінің отырысында ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман өз ойларын ортаға салып, «Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» тұжырымдамалық құжатты жүзеге асыруда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиында Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, «Білім іздеген әрбір жастың көкірек көзі ашық болуы үшін, ең алдымен тоқтаусыз ізденіс керек. Бауырлас мемекеттер арасында, ынтымақтастықты нығайтуда түрлі оқу бағдарламаларын қолжетімді етіп жасаудамыз. Өткен тарихымызды қайта түгендеп, біртұтастығымызды көрсететін уақыт келді»,-деді.
Түрік мемлекеттер кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, «Түркі мемлекеттері ұйымының құрылып, бүгінгі таңда қарқынды жұмыс жасап жатқандығы қуантады. «Келешек келбеті» деп аталып отырған маңызды құжатты осылай талқылап, оған енетін әрбір бөлімге, бауырлас елдер өкілдерінің пікірлерін топтастыратын болса, расымен маңызды құжат болмақ. Ендігі кезекте, әдебиет пен өнер, білім мен ғылымның даму жолына берік көпір бола білетін, ортақ алфавит болса деген ұсынысым бар»,- деді.
Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман «Әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасын айшықтауда атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, ортақ мәдениет пен құндылықтарды сақтау және оларды дәріптеу мен дамыту ортақ парызымыз»,- деді.
Осылайша Түрік дүниесі ақсақалдар кеңесінің отырысында келешек келбеті талқыланып, Өкілетті Кеңес Төрағасы Мұхиттин Шимшек қадірлі қонақтарға арнайы сый-сияпат табыстап, алғыс білдірді.