Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын арызданып, түнгі 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған 4 бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 000 000 теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Сонымен қатар күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды. Аталған жайт ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді.
Бұл істі Сарыағаш ауданының тергеушілері толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
ҚР Қылмыстық Кодексте 188-1-бапта «Мал ұрлау»:
Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру –
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мынадай:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау –
мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мынадай: 1) бірнеше рет; 2) тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау –
мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мынадай: 1) қылмыстық топ жасаған; 2) аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау –
мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта мыналар мал деп түсініледі:
ірі қара мал;
жылқылар мен есектер;
түйелер;
ұсақ мал;
шошқалар.
Ескерту. 6-тарау 188-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен деп көрсетілген.