Түркістан: Дін: Кең болсаң, кем болмайсың

 Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Адамдар айналасындағы жандарға мейрімділік, қайырымдылық танытса, өзінің адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Ата-бабамыз қайырымдылықты сауапты іс деп қабылдап, ұрпағын әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке баулыған. Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген  сүйіспеншілігі мен көмегі.  

          Қайырымдылық жасауды тек қаржылай көмек көрсету деп ойламау керек. Кез келген мейрімге, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беріп, оған жылулық танытып, сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасап, көмектесе аламыз. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін игі іс.  Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Жақсылық жасау әрбіріміздің қолымыздан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігіміз  жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!                                                                                              
           Қайыр-садақа жасаған адам осы дүниенің өзінде айналасындағы адамдардың шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленіп әрі ризық-несібесі арта түседі. Қазақта: «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген қанатты сөз бар. Ойлап қарасақ, дұрыс тауып айтылған сөз. Біреуге жасаған жақсылығымыз ізгілікті ісіміз, көмегіміз ерте ме, кеш пе қайтып оралады. Жасаған қайырлы істің түбінде жақсылық жасаған адамның өзі толығымен пайдасын көреді. Қайырымдылық көрсетіп, жәрдемдесудегі ең басты мақсат – Алла разылығы үшін жасау. Сондықтан да әр адам қайырлы іс жасайтын кезде Алла ризалығын мақсат тұту қажет.
            Қайырымдылық. Бір ғана сөз болғанымен, астарында үлкен мән мен мағына, терең ой жатыр. Қазіргі кезде қоғамда талай қайырымдылық қорлары жұмыс жасап, біраз мұқтаж жандар өз көмектерін алып, сәл болсын бақытқа кенеліп жатқаны өте қуантарлық жайт. Қазіргі таңда біздің елімізде түрлі іс-шаралар, акциялар, қайырымдылық қорлары көп ұйымдастырылуда. Сол арқылы қол ұшын беріп, көмектесетін жандар қатары әсіресе еріктілер тобының саны көбейіп келеді. Жақсылық жасау үшін міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуымыз қажет емес. Бастысы, біздің шын ниетімізде деп ойлаймын. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Жалғызбасты жандарға, үлкен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету ешқашанда халқымыздың санасынан ұмытылған емес. Қазіргі кезде қайырымдылық жұмыстары көп ұйымдастырылуда. Мұндай игі істердің көп болуы өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын.                                                                                     
           Құран Кәрімде: «…Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Әрбір жан осы сөздерді терең түсініп, қайырлы іс жасау жолында Алла разылығы үшін деген ойда болуы керек.                                                                                                      
         «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзде үлкен мағына жатыр. Жомарттық, қайырымдылық, кеңпейілділік қасиеттерді меңзеп отыр. Адамның жасаған қайырымдылық істері ешқашан бос кетпейді. Сондықтан қайырымдылық жасау – қайтарымы мол ізгі амал. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, мейірім-шапағатын төгу, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық қарым-қатынас танытып, қол ұшын беру әр жанның азаматтық парызы деп түсіну керек.

 

Ж.Байгерей   

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы               

ШЫМКЕНТ: «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ 550-ДЕН АСА АЗАМАТША КӘСІПТІҢ ҚЫР-СЫРЫН ҮЙРЕНДІ

Шымкент қаласындағы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесімен тікелей айналысатын бірегей мекеме - «Бақытты жанұя» орталығы. Орталықтың мақсаты – қиын жағдайға тап болған әр-бір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету.

 Мекеме жалпы 20 бағыт бойынша қызмет алушыларға көмек көрсетсе, биыл жыл басынан қысқа мерзімді тегін оқу курстарынан 550-ден аса ана өткен.

 Бүгінгі таңда, қала бойынша 31 382 адамға (ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау (Медициналық Әлеуметтік Сараптама Жүргізу (ВТЭК) тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелуіне және т.б.) қызмет көрсетілді. Оның ішінде: 501 азаматтарға психологтың жеке кеңесі, 358 азаматтарға заңгер кеңесі берілген.

 Табыс тауып, кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін арнайы тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед курстары ұйымастырылған. Кәсіптік тегін оқу курсынан өткен азамтшалар арасында кәсіптің қыр-сырлары туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

 Нәтижесінде, «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ана грант иегері атанды. Бүгінде кәсібін ашқан азаматшаларға құқықтық көмектер көрсетілуде.

 Орталық мұнан өзге, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелу, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру және тұрғын үй мәселесі бойынша kezekte.kz порталына тіркелу қызметтерін көрсетіп келеді.

 Сонымен қатар, «Бақытты жанұя» орталығы» КММ мен «Отбасы банк» АҚ-мен арасында түзілген әріптестік меморандум аясында орталықтың ғимаратында банктің мамандарының арнайы бөлмесі жасақталып, 1 119 аналарға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық қызмет көрсетілді. Соның нәтижесінде 4 ана «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болған.

 Қазіргі таңда, «Бақытты жанұя» орталығының тиімді жұмыс тәжірбиесін үйрену мақсатында, Республикамыздың өзге аймақтарынан басшылары мен жауапты қызметкерлері келіп (Астана, Қарағанды облысы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Батыс Қазақстан облысы және т.б.) жұмыс барысымен танысып тәжрибе алмасты. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық – демография саясаты ұлттық комиссиясының мүшелері, ҚХА жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының орынбасары, Әлем қазақтары ұйымының мүшесі, Қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшелері орталықтың жұмысымен танысты.

 «Бақытты жанұя» орталығы» КММ-нің қызметіне жүгініп, тегін оқу курстарымен қамтылуды қалайтын қыз-келіншектер 8 (72-52) 78-12-21 байланыс номерлеріне хабарласып, толық ақпарат ала-алады.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ 20 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласы әкімінің өкіміне сәйкес, 2022-2023 жылғы жылыту маусымы 20 қазаннан басталады. Айта кетейік, әуелі аурухана, балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттар жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1987 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылыту маусымына дайын. 15 жылу қазандықтар мен 17 сорғы стансалар да толық дайын. 19,4 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Қаламызда көмір қоры жеткілікті. Естеріңізге сала кетейік, 2021-2022 жылғы жылыту маусымында 212 889 мың текше метр газ жұмсалған, оның ішінде жылу қажеттілігіне 81 130 мың текше метр газ тұтынылса, өткен маусымда 96 407 мың текше метр пайдаланылған болатын.Шымкент қаласында жылу беру маусымында 56 өрт оқиғасы тіркеліпті. 2020-2021 ж.ж. олардың саны 61 болып еді. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер өрттің шығуының негізгі себебі қондырғыларды орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау екенін айтады. Сонымен қатар, электр жабдықтарын, пештер мен мұржаларды пайдалану кезінде, өрт қауіпсіздігін бұзу. Өрт оқиғалары негізінен жеке тұрғын үй секторында тіркелген.

Айта кетейік, 2021-2022 жылғы жылыту маусымында көмірқышқыл газымен уланудың бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен табиғи газбен уланудың бес жағдайы тіркелген. Салдарынан алты адам қаза тапты, оның екеуі бала. Бір адам зардап шекті. Өрт пен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қызметкерлер тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп, тұрғын үйлерді аралап, учаскелік полициямен, газ қызметі қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтер, өрт қауіпсіздігі айлықтары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымы басталғалы 24 цифрлық телеарнада көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу бойынша аудиороликтер күніне екі рет көрсетілген.  Шымкентте оқыс оқиғалардың санын азайту үшін 2192 үй газды автоматты реттеу жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022 жылы тағы 2454 үйге орнату жоспарлануда. Ағымдағы жылыту маусымында әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйлері мен пәтерлеріне 1208 автономды газ детекторлары орнатылды.

Түркістан: Көңілді тапқырлар клубы ойындары өткізіледі

 

«Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының қағидасы бекітілді.

«Түркістан - қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында «Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының жарысы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіледі.

Көңілді тапқырлар клубының мақсаты:

Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыру. Ұйымдастырушылық және топпен жұмыс жасауға, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Талантты жастарға қолдау көрсету, ой-ұшқырлық қабілетін жандандыру, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлықтарын ояту.

Ережесі мен шарттары

Көңілді тапқырлар клубы ойындары 3 (үш) маусымнан тұрады. Әр маусым 15 күн аралығында өтеді.

- Командадағы адам саны 10-нан аспауы керек;

- Ойын алдында әр командамен ұйымдастырушы тарап жұмыс жүргізеді (командалардың шығуы, ойындары және т.б)

Жарыс 3 (үш) кезеңнен тұрады:

1. «Сәлемдесу» (уақыт 3-5 мин)

2. «5 жаңалық» (уақыт 5-7 мин)

3. «Үй тапсырмасы» ( уақыт 7-8 мин)

Жарысқа қатысушы үміткерлер 22.10.2022ж дейін төмендегі

құжаттар бойынша мәдениет үйіне тапсыруы тиіс:

- Өтініші;

- Өмірбаяндары (команданың)

- Түрлі-түсті суреті: 13 х 18 (командамен);

- Жеке куәлігі ( команда жетекшісінің)

Жарысқа өтініш білдірген командаларды арнайы белгіленген қазылар алқасы іріктеуден өткізеді. Іріктеуден өткен командалар финалға жолдама алады.

Жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталады.

Бас жүлде (біреу)

І орын (біреу)

ІІ орын (біреу)

ІІІ орын (біреу)

Арнайы номинациялар

Байқаудың өту мерзімі, өтетін орны қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі, Б.Саттарханов №49

Тел: 8 776-321-31-31 Ерасыл

8 778-959-09-50 Райымбек

8 771-882-43-43 Қожа

Ұйымдастыру алқасы

 

ТҮРКІСТАНДА «ЖАСТАР КАРНАВАЛЫ» ӨТТІ

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына сәйкес қаладағы "Жібек жолы" саябағында "Жастар карнавалы" өтті. Шараға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің студенттері қатысты.

Ынтымақ пен бірлікті дәріптеп, көне шаһар Түркістанның түлеуін насихаттау мақсатында өткен карнавалда жастар түрлі-түсті костьюмдер киіп, мерекенің басталғанын білдірді.

Түрлі-түсті жалау ұстаған жалындаған жастар әртүрлі киім үлгісінде ортаға еніп, Республика күнінің айшықты екендігін айқындап, Түркістан тақырыбында ұранды сөздерін жүрекпен жеткізді.

Түркістан мәңгі түлей берсін деген тілек білдіріп, мерекенің басталғанын ұғындырғандай-ақ.

ТҮРКІСТАНДА «КҮН СӘУЛЕЛІ – РЕСПУБЛИКАМ» МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

 

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына орай бүгін Түркістан қаласының шыға берісінде орналасқан "Жібек жолы" саябағында "Күн сәулелі - Республикам" тақырыбында мерекелік шара өтті.

Елдігіміз бен кең байтақ республикамыздың рухын асқақтатар шараға Түркістан жоғары көпсалы, қолөнер колледжінің студенттері жалаушаларын желбіретіп, көк байрағымызды көк аспанда қалықтатып атсалысты. Ал, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері патриоттық жанрда ән шырқап, халықтың ықыласына бөленді.

Республика күнімен тұспа-тұс келер Қала күнін мерекелеу осылайша патриоттық үрдіспен жалғасын тапты. Ел мен жерді, егемендік пен татулықты әнге арқау еткен өнерпаздар маңызы айрықша шараға әуезді әндері арқылы үлес қосты.

ТҮРКІСТАН: ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ 21 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

Түркістан қаласында «Turkistan Marathon-2022» шарасы өтті. Эстафеталық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңға жуық спорт жанкүйерлері қатысып, бақтарын сынады. Спортсүйгіш жандардың басын қосатын бұл ауқымды жоба шаһарымызда осымен 2-ші рет өткізілуде.

Еліміздің өзге аймақтары мен Өзбекстан, Тәжікстан және Турция сынды шет мемлекеттерден келген қатысушылар бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрінуге ынталы.

Марафоншылар 3, 10, 21 шақырым қашықтықтарда жүгірді. Керуен Сарай кешені алдынан бастау алып Б.Саттарханов даңғылының бойымен Шымкент бағытына қарай Ж.Майкотов көшесіне дейінгі аралықты қамтыды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета қатысушылары бірнеше санат бойынша іріктелген. Атап айтқанда, 10 мен 15 жас аралығы, 16 мен 39, 40 пен 49 жас аралығы сонымен қатар 60 пен одан жоғары жастағылар болып бөлінген.

Сайыс қорытындысында мәреге бірінші жеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді. 22 шақырымды бағындырған 1 орынғы 300 мың, 2-орынға — 200 мың, сондай-ақ 3-ші орын иесіне 100 мың теңге көлемінде сый-сияпат берілді. Және дәл осылай өзге де санат жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, түрлі көлемде марапат табысталды.

ШАХМАТТАН ӘЛЕМНІҢ ТӨРТ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ ТҮРКІСТАНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан қаласында “Фараб” әмбебап-ғылыми кітапханасында халық­аралық гроссмейстер, шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова шеберлік сабақ ойынын өткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев қатысып, әлем чемпионына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

– Шахмат ежелгі спорт түрі. Бұл жай ғана сайыс емес. Біздің жас та талапты шахматшы балаларымыз гроссмейтердің шеберлік сабағынан өтіп, әлем чемпионымен шахмат ойнады. Бұл тәжірибенің берері мол. Қазақ елінің де бұл ойын түріне қосқан үлесі зор. Спортшыларымыз түрлі чемпионаттарға қатысып, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап жүр,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада 20-ға жуық әуесқой шахматшы даңқты спортшымен ойын өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде Динара балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат ойынын танымал ету мақсатында республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезеттік ойындар, мастер-кластар және турнирлер өткізді.

Әлемдегі ең мықты 10 әйелдің қатарына енген Динара Сәдуақасова қоғамдық жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.

Айта кетейік, шахмат ханшайымы Астанада және Атырау қаласында өзінің шахмат академиясын ашқан болатын. Ол мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер мен жетім балалар үшін тегін сабақ беріледі.

Сайрам: Зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында студенттердің қатысуымен кездесу өтті

Сайрамдық полицейлер «Өзгерісті өзіңнен баста» тақырыбында ауқымды шара өткізді. Яғни, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Абдухамит Абибуллаев, көпсалалы колледж ғимаратында мұғалімдер мен 9-10-11 сыныптың 150-ге жуық оқушыларын қатыстыра отырып, кездесу өткізді.

Кездесуде полиция қызметкеріне студенттер арасынан қызды алып қашқан адамға қандай жаза қолданатыны бойынша сұрақ қойылды. Полиция лейтенанты Абдухамит Абибуллаев жастардың қойған сауалдарына жауап беріп, құқықбұзушылық, ертежүктілік, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын-алу мәселелерінде айтып өтті. Отбасындағы зорлық-зомбылық деректерін анықтау мақсатында, сауалнамалар жүргізілді.

 «Қазақстан Республикасындағы жалпы әлеуметтік және экономикалық ахуалдың қазіргі кездегі жағдайында отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет проблемасы өте өзекті. Ел үшін күрделі кезеңде келеңсіз үдерістердің дамуы тұрақсыздандыру құбылыстарына әкеледі, сол сияқты отбасына да келеңсіз әсерін тигізеді. Қазіргі заманғы отбасы көптеген қолайсыз, кейде тіпті криминогендік факторлардың аясында дағдарысты басынан кешіп отыр. Ер адам мен әйел арасындағы қарым-қатынастар заңды түрде бекітуді мұқтаж етеді. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара қарым-қатынастардың үйреншікті қалпы бұзылды: отбасы өз тұрақтылығынан айырылды, айырылысу ерекше фактіден қалыптыға айналды, ата-ананың ықпалы әлсіреді. Туыстар арасындағы даулар жиі қылмысты сипатта: ұрып-соғудан кісі өлтіруге дейін орын алуда Әке мен анаға, ата мен әжеге деген құрметтің бастапқы түп қазығы жоғалуда, мүмкін моральдық және этикалық құндылықтардың дағдарысы өскелең ұрпақтың тәрбиелілігінің деңгейіне әсерін тигізгендіктен шығар. Сондықтан қазіргі балалардың жағдайын «қаңбақ» синдромы ретінде белгілеуге болады. Өсіп келе жатқан ұрпақ қаңбақ өсімдігі секілді бір құндылықтардан алшақтады (кеңес кезеңіндегі тәрбие салдары), бірақ басқаларға, былайша айтқанда жаңа нысандағы «әке мен бала» қарым-қатынастарына әлі жеткен жоқ, себебі тіпті олардың ата-аналарының өздері қоғам өмірінің қазіргі болмысы аясындағы адамгершілік-этикалық көзқарасын анықтай алмай отыр. Біз шамалы адасу үстіндеміз, сондықтан бізге ұлы Абайдың «Қара сөздерінде» (бірінші сөз) айтып өткен жағдайды еске алуымыз жөн болар: «Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам...?». Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық жағдайында, жалдамалы кісі өлтірушілер оғынан гөрі, туыстардың қолынан мерт болуы анағұрлым жиі кездесетіндіктен қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Кез келген тұлға, оның ішінде кісі өлтіруші (киллер) мен қарақшы тұлғасы да жанұяда қалыптасады, яғни сол жерде жасалатын, әсіресе құқыққа қайшы зорлық-зомбылық іс-әрекеттерінің маңыздылығы ерекше. Осындай жағдайларда отбасы адамның психологиялық қорғаныс орталығы рөлін атқара алмайды, тәрбиелеу функцияларын орындай алмайды.

 Отбасы ішінде зорлық-зомбылықтың орын алуы және осы себептен жеке тұлғаның бала кезінде қолайсыз жағдайда қалыптасуы көбінесе қатыгездікті тудырады, келешекте балалардың құқық бұзушылық әрекеттерін жасауына итермелейді, қоғамға адамгершілік жағынан орны толмас зиян келтіреді. Сол сияқты отбасы ішіндегі агрессияның зияндылығы сол, жыл сайын жанжалды отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастардағы барлық кісі өлімінің үштен аса бөлігін өздерін қорғай алмайтын балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер құрайды. Зорлық- зомбылық әрекеттері ерекше қоғамдық пікірді қалыптастырады. Құқық қорғау органдарының, соттардың, денсаулық сақтау органдарының, әлеуметтік қамтамасыз ету органдарының қызметтеріне, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына баспана ұстауына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне едәуір ақша қаражаты жұмсалады . Қазақстанда отбасылық криминология жалпы криминологиялық ғылым арнасында қалыптасты. Ол қалыптасқан ұғымдар аппараты, ғылыми базасы мен белгілі зерттеу саласы бар әлеуметтік-құқықтық тәртіпті білдіреді, оның негізіне қылмыстылық пен отбасы институтының өзара тәуелділігі жатады. Отбасылық криминология (отбасылық қарым-қатынастардың криминологиясы, криминофамилистика), жалпы криминологияның саласы бола тұрып, отбасылық саланыңкриминогендік факторларын және оларды айқындайтын қылмыстық мінез-құлығын, сондай-ақ қылмысқа қарсы іс-әрекет көрсету мақсатында оларға деген әлеуметтік ықпалын зерттейді. Криминофамилистика ең ірі криминологиялық проблемаларды отбасылық қарым-қатынастардың төңірегінде қарастырады. Бұл проблемаларға:

  • отбасы ішіндегі ер адамдардың және әйелдердің қылмыстық мінезқұлқын қоса алғанда, отбасы ішіндегі қылмыстар;
  • отбасының кәмелетке толмағандардың қылмыстылығына әсері;
  • отбасының пайдакүнемдік пен зорлық-зомбылықты қылмыскердің жеке басының қалыптасуына әсері;
  • отбасының қылмыстардың қайталануына әсері;
  • қылмыстардың жаппай молаюының отбасылық себептер тетігі;
  • отбасына ықпал ету арқылы қылмыстардың алдын алу жатады.

Ғылыми әдебиетте отбасы - тұрмыс пен өзара жауапкершіліктің ортақтастығына байланысты адамдардың некеге немесе қандас туыстыққа негізделген бірлестігі ретінде қаралады. Отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың деформациясын зерттеуде отбасылардың типологиясы маңызды рөл атқарады. Өзінің криминологиялық маңыздылығы бойынша отбасыларын сау, бейімделген және девиантты деп бөлуге болады: Сау отбасы – бұл бұзылған экономикалық және әлеуметтік-психологиялық үдерістердің ықпалына түспеген отбасы, оның мүшелері толық дене, рухани және әлеуметтік әл-ауқатының жағдайында өмір сүруде. Осындай отбасылар арасында бақытты отбасылар қалыптасады. Бейімделген отбасы – бұл отбасы ішіндегі қарым-қатынастары келісушілікпен, өзара түсіністікпен, тұрақтылықпен сипатталатын отбасы. Сау отбасына қарағанда, ол жайсыздау, бірақ оның заңға бағынатын мүшелері отбасының басқа мүшелерінің мүдделеріне, мінездеріне, дәстүрлеріне, қылықтарына сәйкес негізгі мұқтаждықтарын қанағаттандырады, шеттету жоқ, оларда тұлғааралық қарым-қатынастардағы даулылықтың, шиеленушіліктің төмен деңгейі ерекшеленеді, тұрмысы өте жоғары деңгейде. Девиантты отбасы – бұл жоғары әлеуметтік бақылауды қажет ететін отбасы. Осы отбасы трансцендентті және сәтсіз болып екі түрге бөлінеді. Әлеуметтанушылар ішкі істер органдары үшін профилактиканың маңызды объектісі болып табылатын, тұрмысы қолайсыз отбасыларды проблемалы (немесе әлеуметтен тыс отбасылар) және ұйымдастырылмаған деп шартты түрде бөледі. Проблемалы отбасы (немесе әлеуметтен тыс отбасы) – бұл мүшесі (мүшелері) мүгедектікке, науқасқа, отбасы ішіндегі жанжалдар мен қатыгез қарым-қатынасқа, жұмыссыздыққа, сондай-ақ олардың өмір тіршілігін бұзатын өзге де мән-жайларға байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болған және проблеманы дербес шеше алмайтын отбасы. Отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың шиеленісуі, өзара түсінушіліктің болмауы, бірге тұру жайлылығының жоқтығы отбасы ішіндегі және одан тыс саладағы жанжалдардан, заңсыз мінез-құлықтан байқалады. Проблемалы отбасының өзі дағдарысты және криминогендік отбасы болып бөлінеді. Дағдарысты отбасы – бұл күтпеген жағдайлардың пайда болуы салдарынан (өз күшімен еңсерілмейтін) мемлекет тарапынан жедел әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы. Оларға өртке ұшыраған отбасыларды, оқыс оқиға нәтижесінде ата-анасыз қалған отбасыларды жатқызуға болады. Криминогендік отбасы - отбасылардың үш түрінен құрылған: жанжалды, әлеуметсізденген және қылмысты. Жанжалды отбасы – бұл отбасы ішінде жанжалдардың болуы отбасының ішінде, сондай-ақ одан тыс жерлерде қылмыстардың белгілі бір түрінің жасалуына мүмкіндік туғыза алады.Әлеуметсізденген отбасы – мүшесінің қылмыс жасауына мүмкіндік туғызатын не оған қарсы әрекет етпейтін отбасы. Қылмысты отбасы – бұл заңға қайшы бірлескен әрекетке туысқандарды тартумен қылмысты топ болып жасалатын және олардың қылмыстық мінез-құлқын мақсатты түрде тудыратын отбасы. Отбасылық зорлық-зомбылық отбасы ішіндегі тұлғалардың өзара әрекеттесуінің ең шұғыл жанжалды нысаны ретінде күш көрсету зорлық-зомбылығын, экономикалық, психологиялық және жыныстық зорлық-зомбылықты қамтиды. Күш көрсету зорлық-зомбылығы – отбасы мүшелерінің және олармен келісіп өзге де адамдардың жәбірленушіге дене жарақатын келтіруі, сондай-ақ бас бостандығынан, үйінен, тамағынан және қалыпты өмірдің басқа да жағдайларынан айыруы, бұл жеке тұлғаның дене және психикалық денсаулығының бұзылуына, өліміне, ар-намысы мен абыройына зиян келтіруі мүмкін. Психологиялық зорлық-зомбылық – жәбірленушінің ар-намысы мен абыройын қасақана кемсіту, оның өміріне қауіп төндіретін, денсаулығына зиян келтіретін немесе психикалық даму мен денсаулығының бұзылуына әкелетін қоғамдық қаупі бар әрекеттерді қорқыту, бопсалау, қорлау, алдау жолымен жасауға мәжбүрлеу. Жыныстық зорлық-зомбылық – жеке тұлғаның жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу, сондай-ақ отбасы мүшесінің тарапынан педофилия фактілерін қоса алғанда, оның психикалық-жыныстық дамуын бұзатын өзге де іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру, бұл дене саулығының және (немесе) психикалық денсаулығының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін . Криминологиялық жағынан отбасы ішіндегі қылмыстардың қатарына ананың жаңа туған сәбиді өлтіруін қоса алғанда, заңды түрде тіркелген, сондай-ақ тіркелмеген отбасы ішінде жасалған қылмыстарды жатқызған жөн. Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік проблемалар қатарына шығуда. Отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмысты мінез-құлық өзінің едәуір таралуына орай қоғамға елеулі зиян келтіреді. Осы саладағы криминологиялық және қылмыстық-құқықтық зерттеулердің маңыздылығы адам құндылықтарының жүйесіндегі, адам тарихының өзінде отбасылық- тұрмыстық қарым-қатынастардың ерекше орнымен айқындалады. Бұл отбасы қоғам мен мемлекет тарапынан тұрақты әрі сенімді қорғауды мұқтаж ететін, қоғамның табиғи және басты ұясы ретінде әлем шеңберінен тануынан байқалады. Отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық мән-жайларын анықтау – маңызды әрі өте күрделі міндет. Криминологияда қылмыс себептерінің проблемасы әрқашан да ғалымдар мен практиктердің аса қызығушылықтарын туғызады, өйткені бұл проблеманы шешу криминологиялық теорияның ғылыми мазмұнын, оның қолданбалы бағыттылығын және құқық қорғау қызметінің негізгі жолдарын айқындайды. Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылықтың детерминациялау проблемасын зерттеу қажеттілігі туды. Жаһанды экономикалық дағдарыстың өзі де, өндірістің тоқтауы, жұмыссыздықтың өсуі және осының аясында отбасы мен ұжымда қалыптасып келе жатқан психоэмоциялық ахуал белгілі бір дәрежеде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылықтың детерминанты ретінде көрінеді, тіпті отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық қылмыстардың генезисі де өзгеруде, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың криминогендік факторлар жүйесі құқық нормаларын айтпағанда, этикалық және моральдық нормалардың барлыққырларын өшіреді, зорлық-зомбылық бағыттағы криминогендік факторлардың отбасына ықпал ету диалектикасыОтбасы қолайсыздығының алуан түрлілігі және тіпті объективтік сипаттағы қолайсыз факторлар психоэмоциялық және денесіне тиіспеушілік құқығына қол сұғу түріндегі ауыр салдарларға әкеледі, бірақ біз үшін маңызды нәрсе - қазіргі кезде рухани қауіпсіздік бұзылуда және қазақ халқының бүкіл генетикалық қоры үшін қауіп төнуде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының рөлі аса орынды. Біз үшін «отбасылық қарым-қатынастар» - бұл үй, баспана, балалар, жайлылық пен сенімділік, қорғаныш, онда біз балалық шақтың елесін, ата-ананың балаға деген махаббатын, сондай-ақ, әже мен ата, аға мен әпке арасындағы өзара қарым-қатынастарын есімізге түсіреміз. Осылайша, отбасы бұл біз үшін әлем жайындағы алғашқы бейнелер, қарым-қатынастың алғашқы әрі өте маңызды сабақтары. Бірақ, кейде «үй» сөзі ассоциациялағанда қарама-қарсы «зорлық-зомбылық» сөзімен үйлеседі. «Үйдегі зорлық-зомбылық» сөз тіркесі – біреулер үшін ақылға сыймайтын, ал біреулер үшін шындық болып табылады. Өзіне төнген қауіпті сезіп, күндіз де, түнде де, жауын-шашында да үйден далаға қашып кететіндер үшін ол - шындық, себебі үйде зорлық-зомбылық жасалады. Үйдегі зорлық-зомбылық, бүгінгі күнде отбасы ішіндегі келеңсіз жағдай ғана емес, сондай-ақ тұтас қоғам өмірінің тіршілігі. Өйткені отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық оның тіршілік әрекетін бүлдіріп қана қоймай, жалпы қоғамның қауіпсіздігін де бұзады. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық – бұл бақылау орнату мен өз билігін бекіту мақсатында күш көрсету, сөзбен, рухани және экономикалық қорлаудың қайталанатын, жиіленетін кезеңі, яғни бұл бір адам басқа адамның мінез-құлқы мен сезімін бақылайтын не бақылауға әрекет жасайтын жағдайы. Зорлық-зомбылық әдістері ретінде түрлі мінез- құлық болуы мүмкін, мысалы, жеке абырой сезімін кемсіту, өзін-өзі төмен бағалауына итермелеу, қорқыту, кінә сезімін, қорқуды, әлсіздігі мен толық тәуелді екендігіне сендіру. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық дүние жүзінің барлық елдеріндегі алуан түрлі отбасыларында (қоғамның түрлі топтарында) орын алады және отбасының барлық мүшелеріне қатысты жасалады. Алайда, жалпыланған санат болып есептелетін үйдегі зорлық-зомбылық ішінде жәбірленушілер мен құрбандар арасындағы қарым- қатынастардың табиғатын айқындайтын өзгеше санаттар бар екенін айта кету керек. Оларға, мысалы, балаларға, зайыбына немесе серіктесіне қатысты, сонымен қатар қарт адамдарға қатысты жасалған зорлық-зомбылықты жатқызуға болады. Зорлық-зомбылықтың отбасы өміріне кеңінен енуі отбасының құлдырауына және отбасылық тәрбиелеу деңгейінің төмендеуіне әкелетін қолайсыздыққа ұшырататын келеңсіздіктер бар, бұл балалардың қараусыз қалуына әкеледі және кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылық санының өсуіне (жеткіншектер маскүнемдікке, жезөкшелікке, сондай-ақ қылмыстық қызметке тартылады) мүмкіндік жасайды. Жалпыланған санат ретіндегі үйдегі зорлық-зомбылық ішінде жәбірленуші және құрбан арасындағы қарым-қатынастардың табиғатымен, сонымен қатар өмірлерінің жағдайларымен айқындалатын өзгеше санаттар бар екенін айттық. Мысалы:

  • балаларға қатыгездiкnен қарау;
  • зайыбына немесе серіктес адамына қарсы бағытталған зорлық зомбылық [12, 33-б.];
  • қарттарға қатысты зорлық-зомбылық.Басқа елдердегі жағдай да мәз емес. Ғылыми зерттеулердің деректері бойынша, белгілі бір түрдегі зорлық-зомбылық әр төртінші отбасы ішінде байқалады. Кісі өлтірудің жалпы санының шамамен 30 пайызы отбасы ішінде жасалады. Тұрмыстық себептерге (қызғаншақтық, алкоголизм, бұзақылық) байланысты болып келеді, осыған дейін барлық қылмыстардың жартысы дерлік ұзақ уақыт отбасылық ұрыс-керістер болып келеді. Отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін тағы бір санат – балалар, олар өздеріне қатысты зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін жасайтын адамдарға құқықтық жағынан тәуелді болады. Оларды қинаушылар, әдетте, заң бойынша олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті ата-аналары болып табылады. 14 жасқа дейінгі баланы ата-анасы ұрады. Бұл кейде балалардың өліміне әкеледі, кейбіреулері ата-аналарынан құтылу үшін үйінен кетеді, ал кейбір кәмелетке толмаған балалар жоғалып, оларға іздеу жарияланған. Қазақстан Республикасындағы «Баланың құқықтары туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, «әр6ір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қаgiр-қасиетiне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар, мемлекет баланың жеке басына ешкǐмнщ тиǐспеуǐн қамтамасыз етедǐ, оны тәнін және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр- қасиетш қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсǐтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық іс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекǐтǐлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлершен қорғауды жүзеге асырады» , - делінген. Отбасы ішіндегі қатыгез қарым-қатынасты көбінесе 6-7 жастағы балалар бастан кешіреді; өз ата-аналары, өгей әкелері (шешелері), анасымен (әкесімен) бірге тұратын адамдары үнемі ұрып-соғатын мұндай балалардың дамуы тоқтайды, көптеген дене және психоэмоциялық науқастарға шалдығады. Көптеген балалар «мастық педагогиканың» құрбандары болып жатады, бұл жағдай балалар үшін қайғылы оқиғаға әкеп соғады. Көбінесе ата-аналардың өздері маскүнемдікке салынып қана қоймай, оған өз балаларын да тартады, олармен бірге спирт ішімдіктерін немесе есеңгірететін заттарды қолданады. Теледидарда хабарлағандай, үстіміздегі жылдың басында (қаңтар-мамыр) тек Астана мен Алматы қалаларында 180 жасөспірім отбасы ішінде ата-аналардың қолынан құрбан болған. Оның 17-сі өз-өзіне қол жұмсаған. Дүние жүзінің ең дамыған елі АҚШ-та мынадай деректер жарияланды:
  • отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық құрбандарының шамамен 97 % - әйелдер (АҚШ, Әділет департаменті);
  • әр 9 секунд сайын әйелдерді ұрады; жылына 4 миллионнан астам әйел ұрып соғу жағдайына ұшырайды (Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың жолын кесу жөніндегі қор);
  • отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық салдарынан орташа есеппен алғанда күніне 4 әйел өлтіріледі;
  • әр екінші әйел өз өмірінде зорлық-зомбылықпен байланысты оқиғаға кез болады (Гарвард университеті заң факультетінің «Әйелдерді - зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау жөніндегі жобасы»);
  • әйел адамның туған адамдарының жасаған қылмыстарынан құрбан болуы 6 есе жиі кездеседі (Сенаттың Заң есебі, 1992 ж.)
  • өздерін қинаған адамдардан кетіп қалған әйелдерге, кетпей қалғандарға қарағанда, қинаушыларының өлтіруі мүмкін деген қауіптің төнуі 75 %-ға жиірек;
  • барлық панасыз әйелдер мен балалардың 50% отбасы ішіндегі зорлық- зомбылықтан құтқарылады;
  • 1992 жылы өлтірілген әйелдердің 30% күйеулері немесе бірге тұратын адамдары өлтірген (ФТБ).

Сонымен қатар, Федералдық Тергеу бюросының (Federal Bureau of Investigations) 2000 жылы АҚШ-тағы қылмыстылық туралы есебі бойынша туған-туыстар мен таныс адамдар арасындағы ұрыс-керіс кезінде жасалатын, былайша айтқанда, «тұрмыстық» себеппен кісі өлтіру біршама пайызды құрайды: 44% жағдайда кісі өлтіруші адам өзінің құрбанымен ұзақ уақыт бойы таныс болған, ал 13,4 % жағдайда олар туыстық қатынаста болды. Әр үшінші әйелді (33%) күйеуі не ашынасы өлтірді, әйелдерінің және ашына әйелдерінің өздері 3% ер адамдардың өлуіне кінәлі болды, сондықтан АҚШ-тағы әйелдердің құқықтарын қорғайтын ұйымдар бұл факт әйелдердің отбасы жанжалдарындағы осалдығын тағы да дәлелдейді деп санайды. Дүние жүзінің қалған елдерінде де істің мән-жайы қуантарлықтай емес. Статистикалық деректерге сәйкес бүкіл дүние жүзіндегі әйелдердің 20%-нан 50%-на дейін өз отбасыларында зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Австрияда барлық кісі өлтіру фактілерінің 54% отбасы ішінде жасалады, құрбандардың 90% әйелдер мен балалар. Ұлыбританияда күш көрсету зорлық-зомбылығына әйелдердің әр төртіншісінен бастап әр оныншысы кез болады. Канадада қыздардың төрттен бір бөлігі 17 жасқа толмай-ақ жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны. Коста-Рикада, жас аналармен жұмыс істейтін ұйымдардың статистикасы бойынша, оларға келушілердің ішіндегі 16 жасқа толмағандардың 95%-ы жүктілікті бастан кешірген («Әйелдерге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық» баптарының жинағынан, Амстердам). Ұлыбританияда өткізілген зерттеулерге сәйкес әр минут сайын тұрмыстық зорлық- зомбылық туралы хабарлайтын 999 қоңырау тіркеледі, олардың құрбандарының 80%-нан астамы әйелдер. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты зерттеу жөніндегі жобаның директоры профессор Станко деректерге талдау жүргізіп, жыл сайын бүкіл мемлекет ауқымында жарты миллионнан аса тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары тіркелетінін көрсетті. Сонымен қатар, ол нақты жағдай одан да көп екеніне назар аударды, себебі көптеген оқиғалар тіркелмейді екен. Британиялық қылмыстық статистиканың көмегімен, ол Біріккен Корольдықта тұрмыстық зорлық-зомбылық әр 6 секунд сайын жасалатынын санап шығарды. Барлық зорлық-зомбылық жағдайларының төртінші бөлігі тұрмыстық жағдайда жасалады, өлтірілген әйелдердің жартысын олардың күйеулері өлтірді – осылайша, әр үш күн сайын бір әйел өз серіктесінің қолынан қаза табады. Әйел полицияға өтініш жасамас бұрын, орташа есеппен алғанда 35 рет шабуылға тап болады. Қазақстанның мемлекеттік органдарының 1999 жылы өткізген сауалнамасына сәйкес, сұралған әйелдердің 28 пайызы өздерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны туралы айтқан. Сауалнамаға қатысушылардың көбісі тұрмыстық зорлық-зомбылық ретінде экономикалық құқықтарды кемсіту не психологиялық зорлық- зомбылықты емес, күш көрсету және жыныстық зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін көрсеткен. Өкінішке орай, зорлық-зомбылықтың көп бөлігі балалар болған кезде жасалады, ұру мен зорлауды қоса алғанда, зорлық-зомбылық актілерінің шамамен 50%-ы балалардың көзінше жасалады.Елімізде 24 дағдарыс орталығы бар. Дағдарыс орталығының (зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдер тобы құрған коммерциялық емес қоғамдық ұйым) сенім телефонына түскен қоңыраулар мен өтініштердің талдауы және мониторингі жасалады, жұмыс кезінде орталық қызметтері бетпе-бет кеңес берулерді жүзеге асырады. Осыдан зорлық-зомбылық көбінесе туыстары тарапынан болатыны көрінеді, жиірек психикалық зорлық-зомбылықты пайдаланады. 1995 жылдың 4-15 қыркүйек аралығында Пекинде өткен әйелдердің жағдайы жөніндегі «Теңдік, даму және бейбітшілік мүддесіндегі іс-әрекеттер» атты IV Дүние жүзілік конференция гендерлік проблеманы көтере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының елуінші сессиясында Пекин декларациясы мен Конференция бекіткен Іс-әрекеттер платформасын қолдауды ұсынып, Пекин декларациясы мен Іс- әрекеттер платформасын бекітті.

Бірге тұруға және жезөкшелікке, педофилияға мәжбүрлеу, зорлау, алкоголизм және нашақорлық аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кісі өлтіру, садизм, жүйелі түрде ұру және психологиялық зорлық-зомбылық секілді әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық түрлерінің анық байқалатын нысандарын айтып өтіп, Қазақстандағы Отбасы жағдайын жақсарту тұжырымдамасы өз алдына мынадай мақсаттар мен міндеттерді белгіледі:

  • отбасының кез келген мүшесіне қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны жою;
  • олардың құқықтарын қорғау.

Алайда көрсетілген мақсаттарға қол жеткізудің барлық құралдары орындалды деп айтуға болмайды. Мысалы, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қатысты адам құқықтары жөніндегі халықаралық-құқықтық нормалар мен құжаттар, атап айтқанда «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою (түбірімен құрту) туралы» декларация бекітілмеді, заңнаманың гендерлік сараптамасы жүргізілмеді.Зорлық-зомбылықтың себептері өте көп. Олар социомәдени, психологиялық, экономикалық және өзге де факторлардың үйлесуімен айқындалады, олардың ешқайсысына осы құбылыс үшін жауапкершілік артылмайды. Қоғамның мәдени дамуының жалпы деңгейі зорлық-зомбылықтың ең күрделі әрі маңызды себептерінің бірі болып табылады. Егер жыныстық зорлық-зомбылық проблемасы туралы айтатын болсақ, онда көптеген психолог-зерттеушілердің пікірінше, зорлау – бұл тек қана секс проблемасы емес, сонымен қатар биліктің де проблемасы. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық отбасы мен қоғамдағы ер адамдар мен әйел адамдар арасындағы тарихи қалыптасқан тең емес биліктік қарым-қатынас көріністерінің бірі болып табылады, ол ер адамдардың басым болуына және олардың тарапынан әйелдерге қатысты кемсітушілік көрсетуге алып келді. Алайда бұл жағдайда тек әйел ғана азап шекпейді, ер кісі де азап шегеді және ең алдымен, оған батылдық таптаурындары, соңғы уақыттары нағыз ер кісінің бейнесі кісі өлтірушімен, зорлаушымен, басқыншымен теңдестірілген фильмдер мен кітаптардың қиратушы толқыны ықпал етеді. Егер ер кісі мейірімді болса, онда ол бұқаралық ақпарат құралдары иландыратын бейнелерге сәйкессіздігін сезінеді. Өкінішке орай, жақыннан бастап Беларусь, әйел тек қана сексуалды объект ретінде көрінетін бұқаралық мәдениеттің үздік туындыларына жата қоймайтын бейнелермен ерекшелене бастады. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық, атап айтқанда, зорлауды немесе жыныстық езгіні бейнелейтін көріністер, порнографияны қоса алғанда, әйелдер мен қыздарды жыныстық құмарлықтың заты ретінде пайдалану зорлық-зомбылықтың таралуына жәрдемдесетін факторлар болып табылады және қоғамның рухани өміріне, жыныстар арасындағы қарым-қатынастарға жағымсыз ықпал етеді. Ер кісі өзінің табиғатынан белсенді, басқыншы, ал әйел – енжар, қайырымды деген аңыз санамызға енгізілуде. Бірақ, расында да ер кісі әйелді кемсіте ме? Зерттеушілер жиі-жиі оның олай емес екені туралы қорытындыға келетін болды. Патриархаттық мәдениетке негізделен қоғам екі жынысты да кемсітеді және айла жасайды, ол қоғамның ізгіленуіне кедергі келтіреді.Сонымен қатар аудандық емхананың дәрігерлері оқушыларға ертежүкітліктің басы зорлық-зомбылықтан басталатынын, тіпті кей жағдайда оның соңы суйцидпен бітетінін айтып, оның алдын алу, болдырмау мақсатында оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түркістан: 400-ге тарта тұрғын қорғау нұсқамасына алынған

Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында тұрғындар көп шоғырланатын орындарға барды.

Онда зорлық-зомбылық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылыққа хабарлап, азаматтардың полиция органдарына деген сенімін арттыру мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әр тұрғынмен жеке сөйлесіп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар әйелдердің құқығы заңмен қорғалатынын айтты.

Қазіргі таңда Түркістанда 378 тұрғын қорғау нұсқамасына алынып, 49 тұлғаға ерекше талап қойылған. Сондай-ақ 35 жанұя жайсыз отбасы ретінде тіркелді. Ал полицейлер осы тіркелген жайсыз отбасылар мен қорғау нұсқамасына алынған тұлғаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.