Ордабасы: Полицейлер жол бойын қараусыз жайылып жүрген малдардан тазартуда

Өткен сенбі-жексенбі күндері Ордабасы ауданында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара кезінде түрлі құқық бұзушылық жасаған 60 тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полицейлер жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, Қараспан ауылы Темірлан-Арыс тас жолының бойында қараусыз жүрген малдарды (жақын жерде нақты мал қамайтын орын қарастырылмағандықтан) жылқыға мініп, жолдың жағасынан тоғайға қарай айдап шықты.

Сонымен қатар малдарын қараусыз, бос жібермеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 2 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» әкімшілік хаттама толтырылды.

Түркістан: Сервистік полиция моделін енгізу бойынша құрылған топ қылмыстарды саралауда

Түркістан облысының полицейлері Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстаздары мен студенттерін қатыстыра отырып, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жиналыс өткізді. Мұнда пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар айтылды. Кездесуде модератор ретінде Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімдігі жанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов жүргізді.

Келелі кездесуде Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шералы Абдраманов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің инспекторы полиция капитаны Көкаршын Қанат, Түркістан қалалық пробация бөлімінің инспектор-психологы әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай баяндама жасады. Полицейлердің баяндамасында көрсетлігендей, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша құрылған топ, қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын-алу мақсатында, 2019-2021 жылдар аралығында тіркелген қылмыс түрлері бойынша талдау жүргізген. Яғни, топ мүшелерімен қылмысты талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда «Ұрлық» қылмысы төмендеп, керісінше «Алаяқтық» қылмысы өскен.

Осы себепті жастарға алаяқтарға алданбау керектігі ескертіліп, тура жолмен жүруге кеңес берілді. Полицияны қорғаным деп біліп, кез келген мәселеде көмек сұрауға болатындығы айтылды. Сондай-ақ студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ашық әңгіме өрбіді.Жиын соңында "Біздің қазіргі басты мақсат - қаланың деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы жағдай жасау және әлемге таныту",- деп қорытындылады ұйымдастырушылар.

Түркістан: Мемлекеттік қызметкерлердің басты қағидасы – халыққа адал қызмет ету

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Жүнісов Ержан Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында түсіндіру шараларын жүргізді.

 Көлеңкелі қылмысқа жол бермеуді көздейтін шарада Ержан Әліұлы парақорлық - ел әлеуетінің дамуына кері әсер ететін қауіпті індет екенін жеткізіп, мемлекеттік қызметшілерді бармақ басты әрекеттерден алшақ болуға және кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеуге шақырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жолдауы мен заңнамалық жаңалықтарды жан-жақты талқылап, сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасқан жағдайда 1424 сенім телефонына қоңырау шалу қажеттігін ескертті.

Шара соңында заңбұзушылықтар аясында әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді.

ШЫМКЕНТ: БИЗНЕС ПЕН ҮКІМЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Әділетті Қазақстанда әр азаматтың өтініш-тілегі тыңдалады. Оның ішінде кәсіпкерлер мен қаржы ұйымдары арасындағы байланысқа баса назар аударылады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шымкент қалалық филиалында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

 Басқосуға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Мырзахмет Сынабаев, Рүстем Әшетаев, Азат Әміртай және жергілікті кәсіпкерлер келді. Кездесуде ҚР Президентінің Жолдауы аясындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту тетіктері сөз болды.

 – Қалалық қоғамдық кеңес үкімет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып жатыр деуге болады. Мысалы, бір жағынан, азаматтардың өтініштерін билік өкілдеріне жеткізу болса, екінші жағынан, құқықтық-нормативтік актілерді, жаңашылдықтарды халық арасында түсіндіру де бар. Мемлекет басшысы Жолдауында экономика, оның ішінде кәсіпкерлікке баса назар аударды. Оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қалалық сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық тақырыптары жиі көтеріледі. Осы салаларға қатысты ой-пікірлеріңіз, талап-шағымдарыңыз болса, бірге талқылайық. Біз жауапты мамандарға жеткізуге тырысамыз, – деді Мырзахмет Сынабаев.

 Жиынға қатысушы кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Іскер азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері мазалайтындарын жасырмады. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер мен сұрақтарды жазып алып, тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, қолдау назардан қалмады.

 

ШЫМКЕНТ: «ӨНДІРІСТІК ЕЛГЕ АЙНАЛУҒА ӘЛЕУЕТІМІЗ ЖОҒАРЫ»

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Достық үйі» ғимаратында жиын өтті. Оған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, Икрамжан Хашимжанов, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

–Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы Жаңа Қазақстанды дамытуға, оның ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыратын және саяси трансформацияны жүзеге асыруға жаңаша бағыт болды. Президентіміз шикізаттық мемлекеттен өндірістік деңгейге өту қажет екенін айтты. Сарапшылар тауарды шикізат күйінде нарыққа шығарғаннан, қайта өңдеп дайын өнімді саудалағанда келтіретін пайдасы 70 пайыздан жоғары екенін айтуда. Оған мысал ретінде Белоруссия елін алып қарасақ. Орман алқаптарынан шығатын ағашты шикізат күйінде емес, жиһаз жасап, экспорттады. Нәтижесінде, Белоруссия жиһаздың отанына айналып қана қоймай, елдің экономикасына орасан пайда келтірді. Қазақстанның да өндірістік елге айналуға әлеуеті өте жоғары,–деді Мұратәлі Қалмұратов. 

Маусым айында елімізде конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу мақсатында жалпыхалықтық референдум өтті. Икрамжан Хашимжановтың сөзінше, референдумның игілігі Президент Жолдауында айқын көрініс тапты.

–Бүгінде біз үлкен саяси реформалардың алдында тұрмыз. Биыл халық ҚР конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс пен толықтырулар енгізуге дауыс берді. Міне, алғаш болып Мемлекет басшысының Жолдауында өзгерістер айқын көрініп, оның барлығы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, орта және шағын бизнесті дамытуға, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен сапалы білім алуға бағытталған. Еліміздің адами капиталы мол болса, кәсіпкерлігі дамып тұрса, салық төлеуден жалтармайды, - деді И.Хашимжанов.

Жиын барысында қала мәслихатының депутаты Н.Бұхарбаев алдағы саяси науқан - кезектен тыс Президент сайлауы жөнінде пікір білдірсе, «Оқушылар сарайы» мекемесінің басшысы Б.Мұстафаев Жолдауда айтылған білім мен оқушыларды қосымша үйірмелермен қамту бағытындағы ойын жеткізді. Жиынға қатысушылар көтерілген тақырып аясында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

ШЫМКЕНТТЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ДЕРТКЕ НАРКОЗСЫЗ ОТА ЖАСАЛДЫ

Шымқалада дәрігерлер алғаш рет сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады. №2 қалалық аурухана базасында тың әдіспен жасалған операция кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған.

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйек күні аталмыш ауруханада 1986 жылы туылған науқас келіп түскен. Пациенттің ауруханаға түскен кездегі шағымы сүйек буындарының ауырсынуы, дене бітімінің кішірейуі, бойының шөгуі болған. Онымен қоса науқас бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдаған. Тексеру барысында сондай-ақ, науқаста кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталған. Шұғыл арада дәрігерлер консилиумі құрылып, пациенттің өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер күрделі ота жасауға шешім қабылдайды.

№2 қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалынды. Операция сәтті аяқталып, соның нәтижесінде науқастың ауырсынуы басылған.

- Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы, қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып әр аптада қан талдауға алынуда. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, консилиум құрдық- деді, дәрігер/нефролог Мадияр Қыстаубаев.

Консилиум құрамында білікті дәрігерлер №2 қалалық ауруханың бас дәрігер орынбасары А. Жакибаев нефрология бөлімшесінің меңгерушісі, м.ғ.к. Ж. Рсалиева, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс нефрология бойынша бас маманы М. Қыстаубаев және нефрология бөлімшесінің дәрігерлері Р. Кенешбаева П. Мирзахановтар болды.

ШЫМКЕНТ: МҰРАТ ӘЙТЕНОВТІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Жиында қыс маусымына дайындық жұмыстары барысы баяндалды.

Жалпы саны 18 жылу қазандығы түгел дайын және қаламызда көмір қоры жеткілікті.

Инфрақұрылымдық жүйелер дайындығы, оның ішінде Игілік, Жиделі, Сайрам тұрғын алаптарында сапалы электр қуатымен қамту мақсатында бірқатар жұмыстары, сонымен қатар «КазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газ қысымымен өлшеу жұмыстары, және де «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС-не қарасты су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары толық орындалғанын басқарма басшысы Б. Булатбеков баяндап,

Сала мамандары тарапынан көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық жұмыстарын тексеру барысында;

Еңбекші ауданына қарасты «Теріскей» шағын ауданында екі тұрғын үйде;

Әл-Фараби ауданына қарасты Ғ.Илеяв көшесінде бір және Түркістан көшесінде де бір тұрғын үйде дайындық жұмыстары мүлдем жүргізілмегендігі анықталғандығын атап өтті.

Жиын соңында қала әкімі, сала басшылары мен мамандарына жедел түрде аталған аудандардағы кемшіліктер бойынша және жекеменшік электр қуатын тарататын кәсіпкерлердің қысқа дайындығын анықтау бойынша комиссиялық топ құруды, тапсырмалардың орындалу барысын жүйелі түрде баяндап отыруды басқарма басшысына тапсырды.

Айта кетейік, қалада 2022-2023 жылдың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының жоспары мен арнайы штаб құрамы бекітілген. Штаб өткен жылға талдау жасап, алдағы маусымға дайындықты жүргізеді. 2022 жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Қазір оның 21-і түзетіліп, қалған 58 жағдай тамыз айының соңына дейін толық қалпына келтіріледі. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18,0 шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге мердігер мекеме анықталуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37%-дан 35%-ға төмендейді.

Кентау: Алаяқтық жасаған әйел ұсталды

Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар әйелді анықтады.

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 5 миллион ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.

Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 100 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 2 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы әр сылтауды бір айтып уақытты создырып келген. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі кентаулық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 2 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,6 миллион теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері кез-келген адамға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.

Түркістан полицейлері жоғалған жасөспірімді Алматыдан тапты

Жетісай полиция бөліміне түнгі сағат 03:00 шамасында Жылысу ауылының тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Айтуынша 13 жасар баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Анасы баласын іздеп жүргеніне 2 тәулік болған. Нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген.

Жетісайлық полицейлер хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Аудан көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде баланы Алматы қаласындағы туысқанының үйінен тапты. Белгілі болғандай жоғалған бала отбасындағы дау-дамайға байланысты үйінен кетіп қалған.

Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

«Менің балам түскі уақытта белгісіз бағытқа шығып қайта оралмады. Өзім іздеп таба алмаған соң полицейлерден көмек сұрадым. Ал Жетісай ауданынынң полицейлері баламды дер кезінде тауып берді. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын»!

Сайрам: Полицейлер шөп артқан жүк көлігін өртеп жіберген күдіктіні ұстады

Кешке сағат 21:50 шамасында Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған "ГАЗ 53" маркалы жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден шықты.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 пресі бар жүк көлігін өртеп жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуық.

Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды, куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер, жүк көлігіне келіп, ондағы шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін тапты. Ол от қойғаннан кейін орындыққа отырып, өртті бақылаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 202-бабы "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.