ШЫМКЕНТ: ЖҰМЫСТЫҢ ҚАРҚЫНЫ МЕН САПАСЫ - ОҢ НӘТИЖЕ КЕПІЛІ

Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрықтың құрылысы қарқын алған. Үш деңгейлі жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында, көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артады.

Бүгін қала басшысы жалпы жұмыс барысын тексеріп, кезеңдік жұмыстардың аяқталу мерзімдерін мердігермен пысықтап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған.

Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері қолданыста.

Айта кетейік,  2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, 13 нысан жаңа жолдың құрылысы, 5 нысанда қайта құру жұмыстары, 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 308 көшеге жүргізілуде. Қалада осы жылы 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді деген болатын. Ал 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған.

САЙРАМ: ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТАР БАСТЫ НАЗАРДА!

Аудан аумағындағы заңсыз құрылыстарды ретке келтіру және болдырмау мақсатында, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан аудан бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, біршама жұмыстар атқарылуда.

Сонымен бірге, қолданыстағы бас жоспарларға сай келмейтін құрылыс нысандарына наразылық білдіріп, жою жұмыстары жүргізілуде.

Аудан аумағында халық санағы 5000 тұрғыннан асатын 8 елді мекен бас жоспарымен және халық саны 5000 тұрғынға дейінгі 34 елді мекен оңтайландырылған бас жоспармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда ауданның экономикалық дамуын айқындайтын бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту жұмыстары жаңадан құрылыс нысандарын салумен тікелей байланысты.

Аудан бойынша 2021 жылы бөлім тарапынан барлығы 17 заңсыз құрылыс анықталып, жою мақсатында тиісті жұмыстар атқарылған.

Облыстық салалық басқармамен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 316, 321 және 463 баптарына сәйкес 17 нысанға 2234 АЕК айыппұл салынды.

Сонымен қатар, 2020-2021жылдар аралығында заңсыз орнатылған 53 дүңгіршек алып тасталынды.

Биылғы жылы аудан бойынша 11 заңсыз құрылыс анықталып, облыстық басқармаға шара көру үшін жолданылған. Қазіргі уақытта 1 заңсыз құрылыс Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралуда, 1 нысан бұзуға соттың шешімі шықты.

Сонымен қатар, заңсыз орнатылған 13 дүңгіршек алынып тасталынды.

САЙРАМ: ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЕҢ ҰШЫНА ЖАЛҒАСПАУЫ ТИІС

«AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңес пен Партиялық Бақылау комиссиясы бірлескен отырысының мәжілісі өтті. Мәжілісті Кеңес төрағасы – Сағындықов Сихымбай Уалиханұлы ашып, жүргізіп отырды.

Бүгінгі Қоғамдық кеңес отырысына Партиялық Бақылау комиссиясының мүшелері арнайы қатысып мәжілістің күн тәртібіне енген төмендегі мәселелердің есебі тыңдалды.

Алғашқы баяндамада Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері – Ділдәбеков Жанболат «Ақсукент» Сайрам аудандық орталық ауруханасы тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және азаматтардың денсауылығын жақсарту мақсатында атқарған жұмыстарының есебін берді. Есепті жіті тыңдаған жиынға қатысушылар денсаулық саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, шалғай жатқан ауылдардағы амбулаториялардың жұмысын жандандыру керек деген ұсыныс айтты.

Екінші кезекте Сайрам аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы – Есенов Бауыржан Сайрам аудандық жергілікті полиция қызметі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстарының есебін баяндады. Заң бәрімізге ортақ. Десекте жалғанды жалпағынан басқысы келетіндер де аз емес. Жұртты жаппай ережеге бағындыруда тәртіп сақшыларының жұмысы маңызды саналады. Ережеге бағынғысы келмейтіндер, оңай жол тауып шығып кеткісі келіп тұрады. Мұндайға жол беруге болмайтындығы бүгінгі жиын барысында баса айтылды.

Үшінші ретте «Сайрам тазалық» мекемесі тарапынан Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мен аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Су тіршілік көзі екені даусыз. Ауданымызда ауыз су мәселесі толастаған емес. Бұл салада да біраз кемшіліктер назарға алынып, нақты ұсыныстар тілге тиек етілді.

Түркістан: Жол ережесін бұзған 500-ге тарта қоғамдық көлік жүргізушісі анықталды

Түркістан облысы ПД-нің қызметкерлері «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында күшейтілген қызмет жүргізу түріне көшіп, рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Аталмыш жедел-профилактикалық іс-шараның 16 тәулігінде облыс полицейлерімен 19223 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша 3505 дерек, 593-бабымен «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» - 3836 жайт тіркеліп, әкімшілік хаттама түзілген.

82 жүргізуші масаң халде көлік құралын басқарғаны анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, заңды шешім қабылдау үшін жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды.

708 жүргізуші жылдамдық режимін бұзса, 651 жүргізуші маневр жасау ережесін елемеген. Бағдаршамның тыйым салу белгісінен 177 жүргізуші өтіп кетсе, 45 көліктің жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегі анықталды.

Тәртіп сақшылары көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 1608 жүргізушіні, авариялық жағдай туғызғаны үшін 126 көлік тізгіндеушіні жауапқа тартты. Ал қоғамдық көлік жүргізушілері жасалған 483 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Айыптұраққа жалпы 600-ден астам көлік қойылды.

Түркістан: «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы жалған нөмір тағып, айыппұл төлемей жүрген жүргізушілер анықталуда

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы бірталай құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуда. Мәселен соңғы 10 тәулік ішінде Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығы мен Түркістан ҚПБ полицейлері бірлесе отырып, жол жүру ережесін бұзған 961 автокөлікті анықтады. Айыптұраққа 148 көлік қойылды. Ал «Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасы аясында 180 автокөлік тоқтатылып, 109-ы айыптұраққа жеткізілді. 71 автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мәселен полицейдің планшетіне облыс орталығындағы Тәуке хан даңғылы мен Тынышқұлов көшесінің қиылысында кетіп бара жатқан «Toyota» маркалы көліктің жалған мемлекеттік нөмір таққаны және төленбей жүрген айыппұлдары бары жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тексеру мақсатында тоқтатып, құжаттарын қарады. Анықталғандай, жүргізуші көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмерін таққан.

Сондай-ақ 62 құқық бұзушылықты жасап, 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл бойынша берешегі бар болып шықты. Аталған автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Өздеріңізге белгілі жүргізушілер тәртібін арттыруда жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын осындай «Қорғау» секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасында облыста орнатылған бейнебақылау камералары, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Ендігі кезекте Түркістан облысының полицейлері жұмысты одан ары жандандырып, жол қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызмет ете бермек.

Түркістанда пробациялық есепте тұратын азаматтармен жиын өтті

Түркістан қалалық Полиция басқармасының мәжіліс залында пробациялық есепте тұратын азаматтармен жиналыс өтті. Кездесуге Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов төрағалық етті.

Ұйымдастырушылар сотталғандардың соттылық деңгейі, отбасылық жағдайы, білімі, жасаған қылмысына өкінуі, дұрыс жолға түсуі жөніндегі сұрақтар назардан еш түспейтінін, бұл бойынша арнайы қадағалаушы қызметкерлер қызмет ететінін жеткізді.

Іс-шара барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының жұмысын ұйымдастыру және қадағалау тобының инспекторы полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы, пробациялық есепте тұратын азаматтардан арнайы сауалнама алды. Яғни, шартты түрде сотталған және мерзімінен бұрын босап шыққандарға полиция қызметкерлерінің негізгі жұмысы жөнінде толық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал инспектор-психолог әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай, жиынға қатысушыларға психологиялық тренинг өткізді. Сондай-ақ қателік жасап, жаза арқалағандарға алдағы өмірлерінде жаман қылықтардан бойларын аулақ ұстауға шақырды.

Негізгі мақсат – кез келген сотты болған тұрғынның жақсы жағына өзгеруін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері қауіпсіздіктің сервистік моделі бойынша ашықтықты қамтамасыз ете отырып, оларға қолдау білдіру жұмыстарын іске асыру болып табылады.

Сарыағаш: Полицейлер қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданы тұрғынының үйіне жасалған қарақшылық шабуылды анықтап, қылмысты ашты. Анықталғандай, қарақшы жәбірленушіні пышақпен қорқытып, ірі көлемде ақша салынған сөмкені ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келді. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені белгілі болды. Яғни, күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі "Қарақшылық" бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгеден асты.

Еш қорықпастан өзгенің үйіне кіріп, ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға тез арада Криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктіні анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде жедел уәкілдер бейнекамералардың бірінен жәбірленушінің ауласынан шыққан күдікті ер адамды байқады.

Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады. Аталған Сарыағаш қаласының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде жас жігіттен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да айғақты заттар тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі "Қарақшылық" және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі "Адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз мүлкін сақтау шараларын қабылдау қажеттігі туралы ескертеді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үйлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуға кеңес береді.

Жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жас жігіт әкімшілік қамауға алынды

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасын ұйымдастыруда. Осы тұрғыда Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сағат 10:30 шамасында «Ауди-80» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны тексеру кезінде, ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екендігі анықталды. Сонымен қатар полицейлер оның масаң күйде екендігіне күдіктеніп, сараптама тағайындады.

Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольді мас күйде екендігі белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді.

Жинақталған іс-құжаттар Ордабасы аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды. Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

 

 

«УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНА АЛҒЫС»

Шымкент қаласы Полиция департамент бастығының атына Еңбекші ауданы Көксай-2 көше комитетінің төрайымы Б.К.Боташевадан учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Жасулан Тлегенов және аға лейтенанттары Азиз Артықбаев пен Өмірзақ Кенжаевқа алғысын білдірген хат келіп түсті.

Қазіргі таңда ауданымызда қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүддесін қорғауды нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басқарма басшылығының және жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының үйлесімді жұмысының арқасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алды алынуда.

 «Учаскелік полиция инспекторлары Жасулан, Азиз және Өмірзақ өздерінің қызметтеріне өте адал, сондай-ақ кішіпейіл, білімді азаматтар. Көше тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Марапатқа лайық»- делінген Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Көксай-2 көше комитетінің төрайымының хатында.

ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Биыл Еңбекші ауданында “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында І-кезеңмен 52 көпқабатты үйдің 36 ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Сонымен қатар, ІІ-кезеңмен 21 көпқабатты үйдің 11 ауласы абаттандырылып, 4 ашық спорт алаңша құрылып, 5 спорт алаңша қайта жөндеуден өтеді. Бүгінде мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтуде.

Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда. Бүгінге қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.